Ақтауда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болған
Аталмыш фактіні мектеп басшылығы растап, оқиға жексенбі, 12 мамырда болғанын мәлім етті.
Ақтаудағы №10 мектептің күзетшісі бала зорламақ болды деген күдікке ілінді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Мектептің ата-аналары күзетшіні бала зорламақ болды деп айыптап отыр. Таратылған аудиохабарламада демалыс күндері мектептің ауласында кәмелетке толмаған қыздардың ойнап жүргені айтылған. Олардың бірін оқу орнының күзетшісі подъезге шақырған. Кейін ол қызды күзет үстелінің артына апарып, тиісе бастаған. Бала қашып құтылыпты.
"Бұл сұмдық біздің мектепте болған. Мектептің кіре берісінде отыратын 52-53 жастағы ер адам қызды күзет бөлмесіне кіргізген. Баланың қалай құтылғаны белгісіз. Камера тұрса да, осылай істеген. Қызға тисіп, зорламақ болған”, – делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, зардап шеккен қыздың анасы полицияға арыз түсірді. Аталмыш фактіні мектеп басшылығы растап, оқиға жексенбі, 12 мамырда болғанын мәлім етті. Күзетші қамауға алынды. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғанын хабарлады.
"Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды", – деп жауап берді департамент.