Президент Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасын қабылдады

Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Президент Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасын қабылдады
akorda.kz
595

Мемлекет басшысы Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзерді қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы және CLASS Group компаниясы байқаушылар кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективасын талқылады.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі саналады. Сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ неміс бизнесі Қазақстандағы үлесін кеңейтуге қызығушылық танытып отыр.

Президент былтыр Қазақстанға Германиядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 64 пайызға өсіп, 770 миллион долларға жеткенін атап өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөнінде ұсыныс айтқанын еске салды. Президенттің пікірінше, бұл орталық еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша толық пайдалануға, инновациялық технологияларды енгізуге және оларды коммерцияландыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның аграрлық әлеуетін дамытуға CLASS зауытының қосқан үлесін жоғары бағалады.

 

Серіктес жаңалықтары