Жетісу облысында балабақша тәрбиешісі бүлдіршінді ұрып-соққан

Топтың тәрбиешісі көпбалалы ана екені белгілі болды.

Жетісу облысында балабақша тәрбиешісі бүлдіршінді ұрып-соққан
stan.kz
839

Жетісу облысы Жаркент қаласында тәрбиеші баланы қылқындырып, соққыға жыққан, деп хабарлады turkystan.kz.

Stan.kz ақпарат агенттігінің мәліметінше, Головацкий ауылы «Жаскент бөбекжай-бақшасы» ЖШС-да болған жағдайға қатысты ақпарат тарады. 

14 мамыр күні кешкі уақытта «Жаскент бөбекжай-бақшасы» ЖШС «Құлыншақ» тобының тәрбиеленушінің анасы Г.Шаймерденова қызының аяғындағы сырылған жарақатты көріп, «Жаскент бөбекжай-бақшасы» ЖШС-дағы бейнебақылау камераларынан тәрбиешінің қызына қатысты дене жарақатын алып келетін іс-әрекетін анықтап, құқық қорғау органдарына шағымданған.

Головацкий ауылындағы «Жаскент» жекеменшік балабақшасы 2023 жылы қараша айында 210 орынға ашылған. Бүгінде балабақшада 1 мектепалды, 3 кіші, 3 ортаңғы, 2 ересек топ бар. Бала саны – 210. Мекемеде 9 тәрбиеші өз мамандығы бойынша қызмет атқарады.

Оқиға болған топтың тәрбиешісі көпбалалы ана екені белгілі болды. 

«Оқиға болған топтың тәрбиешісі жоғарыда аталған балабақшада 2023 жылдың 1 қараша айынан бастап тәрбиешісінің көмекшісі, 2024 жылдың ақпан айынан бастап тәрбиеші лауазымында еңбек етеді. Білімі арнаулы орта, мамандығы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, еңбек өтілі 2 жыл, санаты жоқ. Әлеуметтік статусы көпбалалы ана, 6 баласы бар», – делінген хабарламада.

Тәрбиешінің балаларды ұрғаны дәлелденген. 

«Ата-ананың шағымынан кейін, 2024 жылы 14 мамыр айында түнде аудандық полиция бөлімі тарапынан тексеру амалдары жүргізіліп, тәрбиешіден түсініктеме алынды. 15 мамыр күні білім және полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен балабақшада бақылау камералары қаралып, тексеру жалғасты. Топтардағы бейнебақылау камераларынан  тәрбиешінің «Құлыншақ» кіші тобындағы  баланы ұрғаны көрініп, дәлелденді», – делінген хабарламада.

Балабақша әдіскері, тәрбиешінің көмекшісі, тәрбиеші 15 мамыр күні жұмыстан босатылған.

Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексi 140-бап 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

 

Серіктес жаңалықтары