Павлодар облысында бөбекжай басшысы жемқорлық үшін сотталды

Үкімнің орындалуы сотталушының екі жас баласының болуына байланысты 3 жылға кейінге қалдырылды.

Павлодар облысында бөбекжай басшысы жемқорлық үшін сотталды
Pavlodarnews.kz/Константин Шелков
598

Павлодар облысы Железин ауданында бөбекжай басшысы жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Железин аудандық сотында  К.-ға қатысты өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

«Іс материалдары бойынша 2022 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында әйел «Балапан» бөбекжай-бақшасында директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істегенде, өзінің карточкалық шотына 4 779 228 теңгені заңсыз аударған», - делінген Pavlodarnews.kz хабарламасында.

Сотта ол кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді.

Қылмыс жасаудағы кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың және іс бойынша жиналған басқа да айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді.

«Сот кінәсін мойындауын, жасаған әрекетіне өкінуін, келтірілген зиянды ішінара өтегенін ескере отырып, әйелге 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»,– деді Железин аудандық сотының баспасөз қызметінде.

Үкімнің орындалуы сотталушының екі жас баласының болуына байланысты ҚК 74-бабының 1-бөлігі негізінде 3 жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті мемлекеттік органдарда және тағы басқа лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары