Атырауда 8-сынып оқушысы көпқабатты үйден шыққан өрттен үш адамды құтқарып қалды

Атырау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева ержүрек мектеп оқушысына ризашылығын білдіріп, Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» пансионатына демалысқа жолдама берді.

Атырауда 8-сынып оқушысы көпқабатты үйден шыққан өрттен үш адамды құтқарып қалды
AtyrauPress
559

Атырауда №12 мектептің 8-сынып оқушысы Айдын Мұрат көпқабатты үйден шыққан өрттен үш адамды аман алып қалды. Ол құлыптаулы пәтердің есігін бұзып кіріп, сегіз жастағы баланы алып шыққан. Сонымен қатар басқа пәтердегі екі зейнеткерді де аман алып қалды.

AtyrauPress сайтының мәліметінше, оқушы пәтер есігін ашу оңай болмағанын айтты. Көршілер әкеп берген балғаның көмегімен есіктің құлпын бұзған.

«Ішке кірсем, бір бала жатыр екен. Ол ыстық пен жалыннан әлсіреген, сондықтан жылдам қимылдауға тура келді. Оны пәтерден алып шықтым,  қайтып келгенімде өрт өршіп кетті. Мен іште адам қалып қойды деп ойладым», – деді Айдын Мұрат.

Пәтерде басқа ешкім жоқтығына көз жеткізген Айдын төменге түсіп, үшінші қабаттағы балконында өрт шыққан басқа пәтердің есігін қағады. Онда тұратын қарт зейнеткерлер өміріне қауіп төнген жағдайдан бейхабар болып шықты. Мектеп оқушысы балкондағы өртті сөндіріп, зейнеткерлерді сыртқа шығарған.

Атырау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева ержүрек мектеп оқушысына ризашылығын білдіріп, Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» пансионатына демалысқа жолдама берді. Ал қайсар ұл тәрбиелеген Айдынның ата-анасы алғыс хатпен марапатталды.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, Айдын Мұрат – белсенді оқушы, қазақтың дәстүрлі ән-күйі бойынша облыстық, республикалық байқаулар мен түрлі деңгейдегі спорттық сайыстардың жеңімпазы.

Серіктес жаңалықтары