Мүнира Бөгісова: Қонысбайдай азаматпен жолықтырған тағдырыма ризамын

Қазақстанның Халық ақыны, белгілі айтыскер Қонысбай Әбіл тірі болса, алдағы 21 мамырда 70 жас­­қа толар еді.

Мүнира Бөгісова: Қонысбайдай азаматпен жолықтырған тағдырыма ризамын
turkystan.kz / сурет – автордікі
2310

Қазақстанның Халық ақыны, белгілі айтыскер Қонысбай Әбіл тірі болса, алдағы 21 мамырда 70 жас­­қа толар еді. Амал не, танымал сөз зергері 2022 жы­лы 3 желтоқсанда 69 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүниеден өтті. Мерейтой қар­саңын­­да ақынның жары Мүнира Бөгісовамен бол­­ған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

Біз Ұлықбектің туған күнінде таныстық

– Мүнира апай, қалың оқырман біле отырсын, әуелі өзіңіздің туған жеріңіз бен өскен ортаңыз туралы айта кетсеңіз?

– Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауда­нын­дағы Ақмектеп деген кішкентай ғана ауылда туып-өс­тім. Әйгілі Біржан сал мен Сараның айтысында Сара­ның: «Бұтабай, Байжігітте, Құт Шаямбай, Сасан би, шапты Кен­же жауға аянбай...», – деп айтатыны бар ғой. Біз сол Құт Шаянбайдан тараймыз. 
Шаянбай атамыз құт қонып, дәулет дарып, Құт Шаян­бай атанған кісі. Оның жылқысы Тарбағатай тауының ба­сын­дағы көлге түскенде, суы ортайып қалады екен. Шаян­бай көлі атанғаны сондықтан дейді. 
Шаянбайдан 8 ұл: Сырымбай, Бектаза, Бөгіс, Төгіс, Кү­дері, Шідері, Жексенбі, Дүйіс. Сегізі 8 ауыл болған.
Бөгіс, Төгіс аталарымыз заманында қажыға барған кі­сі­л­ер. Төгіс – елімізге танымал әскери қайрат­кер, халқына қалтқысыз қызмет етіп, абы­рой биігінен көріне білген азамат, Қазақстан Қор­ғаныс министрінің орыбасары болған генерал-майор Әмірбек Төгісовтің арғы атасы. 
Мен – Бөгістің шөпшегімін. Бөгістен – Нұре­ке, Нұрекеден – Нұрысбек, Нұрысбек-тен – менің әкем Мәуітхан мен Балшекер апам туады. 
Нұрысбек атам өмірден тоқығаны көп, ке­мел ойлы кісі еді. Мені 8-сыныпты бітірген жылы «Ауылда қал­май, қалаға барып оқуың керек», – деп Ал­ма­тының іргесіндегі бұрын­ғы Чапай, қазіргі Қара­ғайлы ауылында тұра­тын Балшекер апам­ның қолына әкеп тап­сырды. Сөйтіп, 9-10-сыныпты сол жердегі №87 мектептен оқып бітірдім. Мектепті бітір­ген соң Алма­ты­дағы Совет сауда техни­кумына оқуға түс­тім. 

– Қонысбай аға екеуіңіз қалай та­ныс­тыңыздар?

– Ой, ол өзі бір қызық оқиға. Бәрі күні ке­­­шегідей көз алдымда, 1973 жылдың көктемі. 29 сәуір, күн жек­сенбі болатын. Қасымдағы қыздар қалаға шы­ғып кеткен. Жатақхана бөлмесінде жал­ғыз отыр едім. Бір кезде есік қағылды. Вахтер екен. «Сендерге екі-үш жігіт келіп тұр. Осын­да жерлестері тұратын көрінеді», – деді.
Бірінші қабатқа түссем, бейтаныс 4 жігіт тұр. Олар: Қонысбай, Ұлықбек Есдәулетов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Бақберген Табылдиев екен. 
«Сіздер кімге келдіңіздер?», – деп сұра­дым. «Қарлығаш деген жерлесім осында оқи­тын еді. Соны іздеп келдім», – деп арық­ша келген, шашы иығына түскен, бойы ала­сасы жауап берді. Қарлығаштың Чапайдағы апа­сының үйіне кеткенін айттым. 
«Олай болса, танысайық. Сіз қай жақтан бо­ласыз?», – деп сұрады. Мен Шығыс Қазақ­стан облысынан екенімді айттым. «Е, біздің Ұлықбектің жерлесі болдыңыз ғой», – деді жаңағы бойы аласасы. Бұл Қонысбай екен. 
«Бүгін күн ашық. Таза ауаға серуендеп қайт­сақ, қалай қарайсыз», – деді. Өзім қор­қып та тұрмын. Бір жағынан тәп-тәуір жігіт­тер. Әрі біреуі «Қарлығаштың жерлесімін» дейді. Содан көшеге шықтық. Көбіне Қо­ныс­бай сөйлеп келеді. Қолында кішкентай бәкісі бар. Әрі-бері айналдырып қояды. «Қарындас, менің бір қолым бір қолымнан қысқа әрі бір аяғым­ды сылтып басамын», – дегенін есті­ген­де тіпті, үрейім ұшты. Ішімнен «Мынау қандай адам өзі?», – деп қоямын. 
Біраз серуендеген соң жігіттер жатақ­ха­наға апарып тастады. Көп ұзамай қыз­дар да келді. Қарлығаш орысқолды қыз еді. Қонысбайдың іздеп келгенін естігенде: «Да, ты че, он же великий человек. Оның «Ба­ла махаббаты» деген әні бар», – деп есі шы­ғып кетті. «Әй, қойшы, өзі бір аяғын сыл­тып басады, бір қолы бір қолынан қысқа, қо­лында бәкісі бар. Қандай великий че­ло­век?», – деп күлдім.
29 сәуір Ұлықбектің туған күні екен. Сол күні қасымдағы қыздар болмай қалған соң бізді келесі күні қонаққа шақырды. Журфактың жатақханасына бардық. Естен кетпес отырыс болды. Кілең өнерпаз жігіттер жиналыпты. «Ләйлім шырақ» деген ансамблі бар. Өлең оқылып, ән шырқалып жатыр. Қоныстың Марат Нұрқалиев деген жерлесі болды. 33 жасында қайтыс болып кетті. Талантты сатирик, тамаша суретші. Өте өнерлі жігіт. Әнді де жақсы айтады екен. Бақберген дауылпазда ойнады. Қоныс бас-ги­тарада ғой деймін... Нұртілеу – соло-ги­тарада. Біз, қыздар, аузымызды ашып, таң­ға­лып отырмыз. Әлгі жігіттерге бәріміз ғашық болып қалғандай күй кештік. Біз солай, Ұлықбектің туған күнінде танысқанбыз.

Қоныспен 48 жыл отасқанымда төркініме бір-ақ рет барыппын

– Екеуіңіз қай жылы шаңырақ кө­тер­діңіздер?

– 1974 жылы маусым айының аяғына та­­ман оқуымды бітіріп, диплом алдым. Енді жол­дамамен елге кетуім керек болды. Мұны естіген Қоныс: «Қой, сен еліңе кетсең, енді жо­лығуымыз екіталай. Одан да екеуіміздің шаңырақ көтергеніміз дұрыс болар» деген ұсыныс жасады. Сөйтіп, 18 жасымда Торғай облысы Жангелдин ауданы Қызыләскер кеңшарының Көлбике деген бөлімшесіне келін болып түстім. 
Мен үйде әжемнің қызы боп ерке өстім. Ештеңеге алаңдаған емеспін. Әжем марқұм «Қыз – қонақ» деп, үй шаруа­сына көп араластыра бермейтін. Торғайға келген соң бәрін үйрендім ғой. Келін боп, орамал да тарттым, сәлем де салдым, сиыр да саудым. Тіпті, үйітілген қойдың басының жағын айырған кездерім де болды. 
Аталардың атын тергеп айтуды білдім. Қайын атам жарықтық өте байсалды, қара­пайым кісі. «Хасанғалиев» деуші едім. Бөлім­ше­нің бухгалтері болып жұмыс істеді. Қо­ныс­тың анасы 39 жасында баладан қайтқан екен. Үйде екінші енеміз болды. Екі кішкен­тай қайным бар. Серік – 14, Бақытжан – 10 жаста.
Қоныстың оқуы бар, күзге салым Алма­тыға кеттік. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде тұңғышымыз Еңлік туды. 

– Қоныс ағаның студенттік шағы қалай өтті? 

– Біздің Алматыдағы отбасылық өміріміз кі­сінің босағасында, пәтерде өтті ғой. Бұл таң­ғаларлық нәрсе емес. Қарагөздердің бәрі­нің басындағы жағдай солай болды. Ешкім ба­ламен пәтерге алмайды. Бір жағынан Қо­ныс­тың достары да көп. Бәрі шұбырып бізді­кіне келеді. Келгесін улап-шулап, өлең айтады. Ол үй иелеріне ұнай қоймайды. Тіп­ті, жер үйде, біреудің времянкасында тұрып, от жаққан күндеріміз де бар. 
Қоныстың оқуы жақсы болды. «Ләйлім шырақ» ансамблінің құрамында өнер көр­сетуге де, шығармашылықпен айналысуға да уақыт тапты. Темірдей тәртіпті талап ететін декан Темірбек Қожакеев те бұл жігіттердің бетінен қаққан жоқ.
Белгілі ақын Кеңшілік Мырзабеков екеуі ағалы-інілі болып жақсы сый­лас­ты. Өзіміз пәтер жағалап көшіп-қонып жүрсек те, ағай үйімізге жиі келіп тұратын.  
Ұзақ жылдар Қазақ радиосында жұмыс іс­те­ген белгілі журналист Тұрғынбек Шо­па­нов ағамыз Еңлік туғанда арнайы келіп, үйіне қонаққа шақырды. Дастарқан басында Төлен Әбдік, Қойшығара Салғарин бастаған тор­ғайлық ағалар отырды. Сол кісілерге тік тұ­рып қызмет көрсеттік. Біз мұны аға­мыз­дың бізге деген құрметі деп қабылдасақ, бір жағынан жас отау үшін таптырмас тәрбие де еді. Сол арқылы үлкендердің алдында қа­л­ай жүріп-тұруды, қонақ күтуді үйрендік. 
Қонысқа қосылған соң мен Алматыда көп тұра қойғаным жоқ. 1975 жылы елден «Ата­мыз науқас» деген хабар келді. Ол кезде екін­ші қызым Жадыраға аяғым ауыр. Еңлікті көтеріп, Торғайға тарттық.
Атамды ақ жуып арулап, жер қойнына тап­сырдық. 49 жасында дүниеден өтті. Ма­ған қайныларымның қасында қалуға тура кел­ді. Оның үстіне баламен пәтер жағалап, әркімге бір кіріптар болғым келген жоқ. Қо­ныс екеуіміз бір-бірімізді қимай тұрсақ та, «Мен қалайын» дедім. 
Екі қайным жас. Екінші енем жұмыссыз. От­басын асырау керек. Ол кезде Көкалат ауы­лында үлкен Универмаг бар еді. Сонда екі сату­шының бірі болып жұмысқа тұрдым. Со­лай бір жалақымен екі жыл жұмыс істеп, бір отбасын асырауға тура келді.

– Содан бастап елде тұрып қал­дыңыз­­дар ғой?

– Иә. 1977 жылы Қоныс оқуын бітіріп кел­­ді. Ауылда Құдайы жасап, қариялардың ба­та­сын алдық. Ертесіне ағаңның: «Заттарды жина, Алматыға кетеміз» демесі бар ма? Мен бірден қарсылық білдірдім. «Онда барып, тағы да кісі есігін сағалап, пәтер жалдап жүре­міз бе? Екі бала кішкентай. Оның үстіне екі қайнымның да қанаты қатайып, қабыр­ғасы бекіген жоқ. Екінші енеміз бар. Оларды кімге тастаймыз?», – дедім. 
«Мені Фариза апай «Пионер» журналына жұ­мысқа алды. Сен менің болашағыма балта шап­па, ойлан. Кешікпей пәтер де алып қала­мыз» дейді. Әйтсе де, ақылға келіп, елде қа­ла­тын болып шештік.
Сөйтіп, аудан орталығы Торғайға көшіп ке­ліп, бір кездері өзі еңбек жолын бастаған «Жаңа өмір» газетіне бөлім меңгерушісі болып орналасты. Басында біраз коңырайып жүр­ді. Екі жыл өткесін республикалық «Ле­ниншіл жас» газетінің Торғай, Целиноград об­лыстарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. 
Жалпы, Қоныстың қызмет жолы өсуден тұр­ды. Оған жайдары мінезінің, кісімен сый­ласа білетін қасиетінің әсері болған шығар деп ойлаймын. Көпшіл еді ғой. Кісіге қиянат жа­с­амақ түгілі, тіл зәбірін де көрсеткен жан емес. 
1985 жылы «Торғай таңы» газеті редак­торы­ның орынбасары қызметіне бекітіліп, жемісті еңбек етті. Облыс алғаш жабылғанда қа­лалық «Арқалық таңы» газетін ашып, бас­шы­лық жасады. Торғай облысы қайта ашыл­ғанда телевидениені басқарды. Бұл қызметті бес жыл атқарыпты. Осы жылдар ішінде Қо­нысбай облыс мәдениетін көтеруге ба­рын­ша күш салды. Айтыс өнерінің жан­дануы­на сүбелі үлес қосты. Торғай айтыс ақын­дары мектебіне жетекшілік жасады.
Кейінгі өмірі елдің көз алдында, Ас­та­на­да өтті ғой. Елордада мемлекеттік тіл­ді дамыту ісінің негізін қалағанын ел бі­леді. Тілдерді дамыту басқармасына бас­шы­лық жасады. Сол кездегі Астана қаласы әкі­мінің орынбасары Төлеген Мұха­мед­жа­нов­тың басшылығымен басқарма жанынан «Ру­ханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқы­ту орталығын ашты. Қазақтың салт-дәс­түрін, мәдениеті мен өнерін насихаттауда көп­теген жетістікке қол жеткізді. 
Бас қалада 10 рет республикалық деңгей­дегі ақындар айтысын өткізіпті. «Тазша бала» конкурсын ұйымдастырып, ел ішіндегі көп­теген таланттың танылуына жол ашты. Нау­рыз мейрамын халықтық мереке ретінде той­лау, Тіл фестивалін өткізу, Абай ескерт­кі­ші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдас­тыру, елорда қаламгерлерімен жүздесу дәс­түрге айналды. 
Соңғы уақытта Парламент Мәжілісінің ре­дакциялау және аударма бөлімінде сектор мең­герушісі болып істеді. Мұның бәрін ай­тып отырғаным, бір шаңырақ астында өткен елу жылға жуық өмірімізде Қоныс ұдайы ат үстінде жүрді. Елге, руханиятқа қызмет іс­теді. Өнерге, өлеңге адал болды. 
Біз мағыналы ғұмыр кештік. Арманымыз да, жоспарымыз да көп еді. «Зейнетке шық­сам, жазатын дүнием жетеді. Халықтың ор­та­сында болам» дейтін. Осы күні «Қоныс­ты жұмыс жеп қойды ма?», – деп те ойлай­мын. Денсаулығына көп қарай алмады. Әсі­ре­се, екі бауыры Бақытжан мен Серіктің қа­за­сы жанына қатты батты. Содан түсіп кетті. 
Зейнетке шыққан соң, жиі сыр­қат­та­на­тын болды. Екеуіміздің ағайынның орта­сын­да қыдырып, жүріп-тұрамыз деген жос­па­ры­мыз орындалмас арманға айналды. Мүм­кін­дік болса, шипажайға дем алуға жіберем, не ау­руханаға ем алуға жатқызам. Дені сау ке­зін­де қызметтен босай алмаса, зейнетке шық­қа­сын дертінің кесірінен қайын жұр­тының бірнеше рет шақыртуына да бара ал­мады.  
Уақыт қас-қағым деген осы екен. Қоныс­пен отасқан 48 жыл ғұмырымда екеуіміз төр­кініме әкем қайтқанда топырақ салуға ғана барыппыз. Қоныс жібермегеннен бара ал­май қалғаным жоқ. Ер-азамат болғасын, оның ішінде ақын елдің адамы. Азама­тым­ның киіміне қыртыс түспесін, уақытылы ас-суын ішсін деп, әр уақытта қасынан та­былуға тырыстым. 

Үйімізде Көкен ата сыйлаған күміс белдік сақтаулы

– Қоныс аға айтыс сахнасына алғаш рет қашан шықты?

– Негізі, Қонысбай – жазба ақын. Әйтсе де, аты айтыс ақыны болып шықты ғой. Құр­мет­ке де, атаққа да сол арқылы ие болды. Айтыс оның өмірінде үлкен орын алды. Әсел­хан, Әсия, Қатимолла, Ерік, Серік, Құ­дайберлі, Қуаныш тағы басқа айтыскер қыз-жігіттер алдарындағы қос ағасы Көкен Шәкеев пен Манап Көкеновтерден үлгі алды. Қазіргі қазақ айтысын қайтадан жандан­дырып, оны өз биігінен түсірмеуге барынша күш салды. 
Қоныс алғаш айтыс сахнасына 1980 жы­лы шықты. Ол кезде «Жаңа өмір» газетінде жұ­мыс істейді. Жангелдин ауданындағы идео­логияға жауапты Қайырбек Алматов де­ген ағамыз шақырып алып, облыста өтетін ай­тысқа қатысу туралы тапсырма беріпті. Ба­сында «Бұл қалай болар екен?» – деп қи­пақ­тағанымен, амал жоқ, баруға тура келді.
Қоныс сол айтыстан жеңімпаз болып орал­ды. Өте жақсы айтыс өтіпті. Қай кезде де халықтың өнерге, ақынға деген ықыласы күшті ғой. Залда отырған көрерменнің ара­сынан бір ақсақал ризашылығын білдіріп, Қонысқа қарата алма лақтырған екен. Қоныс алманы жерге түсірмей қағып алып: 
Шын жүйрік қай кезде де алда болар,
Жақсының жанкүйері мол да болар.
Әзірге дәл мен үшін үлкен бәйге,
Ағатай, өзің берген алма болар, – деп та­бан астында бір шумақты айтып жібереді. Көр­гендерден «Сол сәтте көрермен кең дала­ны жаңғыртып қол шапалақтап, шулап кет­ті» дегенді естідім. 

– Қоныс ағаның айтыс ақыны р­е­тін­де­гі өмірі осылай басталды ғой.

– Әрине, сол алғашқы айтыстан соң об­лыс көлеміндегі сөз сайыстарына  жиі қа­ты­сып жүрді. Соның бәрі үлкен додаларға дайын­дық болған сияқты.
1984 жылы Кенен атаның 100 жыл­ды­ғы­на арналған республикалық айтысқа ал­ғаш рет қатысып, 2-орынмен оралды. Содан кейін-ақ айтыстың додасына бел шешіп, кі­ріп кетті.  
Айтыс дегенде бәріміз шаруамызды жиып қоятын едік қой. Небір ғажап айтыстар өт­ті. Сол айтыстарда Қоныс әдептен ас­пай­тын. Қарсыласын сыйлап, мәдениетті айтыс­ты. Бұл да бір қанында бар мәрттіктің белгісі болар. 
Ерік екеуінің 1990 жылғы халықты орнынан отырғызып-тұрғызған ай­тыста Қонаев ақсақал туралы көп шындық ай­тылды. Екеуі де ешкімнен тайсалған жоқ. Қа­зақ деген ұлттың көкейіне тығылған мұң­ды жеткізді. Сол айтысқа риза болған Димаш ата­мыз екі інісін шақырып алып, алғыс айт­пақ ниеті барын білдірген екен. Әйтсе де, Қоныс пен Ерікке ол кісімен кездесуге мүм­кін­дік берілген жоқ. 

– Өнердегі ұстаздары кім еді?

– Көкен Шәкеев пен Сейіт Кенжеах­ме­тов­­ті ұстаз тұтты. «Көкен ағамен айтыспасам, мен мұндай биікке шықпас едім» – деп, ол кі­сіні құрметтеп өтті.
1985 жылы өткен айтыста Көкен Шә­кеев­пен сөз қағыстырып,
Болғанда мен бір Нұрхан, Сіз бір Иса,
Мақтаудың аздық етер бәрін жиса.
Ініңіз өз жөнінен жығылған жоқ,
Ағасы өзі білсін, жолын қиса, – деп ағасы­нан бата сұрағаны бар.
«Айтыс арқылы халыққа танымал бол­уы­ма үлкен үлес қосқан кісілер», – деп Мыр­за­тай Жолдасбеков пен Жүрсін Ерманды да қат­ты құрметтеді.
Осындайда еске түседі, Көкен атамыз айтысқа барған жерінде жеке бөл­ме­ге бір өзі жайғасатын еді. Ақынның бәрі сон­да жиналады. Іргеде тұрған үлкен чемо­да­нын таяғымен нұсқап, «Ананы ашыңдар, ба­лалар» дейді. Апай арнайы сақтаған сүр­лерін беріп жібереді екен. Келін боп, әдемілеп шай­ларын жасап берген кездерім де болды. Шір­кін, сөздің құдіретіне не жетсін?! Әң­гі­ме­лері таңға созылатын. Ерік бар, Құдайберлі бар, Аманжол да шет жағасын көріп қалды, са­ғынысып кездесетін. Осы күні сол бір сәу­лелі сәттерді сағынып кеткенде, менің де бүй­регім бүлк ете қалады. 
1994 жылы Арқалықтан Көкшетауға Кө­кен атаның 70 жылдығына бардық. Қай кез­де де жақсының жақсылығын айтқан аб­зал, Торғай облысының әкімі марқұм Жа­қан Қосабаевтың арнайы бөлген көлігімен Көк­шеге артынып-тартынып жеткен күндер бұл күнде естелік болып қалды. Сол тойда Кө­кен атамыз Қонысқа атасынан қалған ал­тын жалатқан күміс белдігін тарту етті. Сол жәдігер үйімізде сақтаулы тұр. Биыл Кө­кен атаның да туғанына 100 жыл толады екен.

– Қоныс ағаның айтыста жүргенде көр­ген әділетсіздігі есіңізде ме?

– Ағаңның өзі: «На мой век хватит» деп әзілдеп отырушы еді. Өнерде жүргесін ондай ке­дергілердің болып тұруы заңдылық шығар. Әсі­ресе, қазылар тарапынан кеткен бұрма­лау­шылықтар көңілін құлазытқан кезі көп. Тауаны бір қайтып қалған адам көзіне қам­шы тиген аттай жалтақ болып қалады ғой. Айтыстан ертерек кетіп қалуына соның да сал­дары тиген болар. Екінші жағынан өзін шы­ғарып салып, қарсы алатын облысы жоқ. Же­тім баланың күйін кешіп, жарым көңіл­деніп жүруге де төзе алмаған сияқты. 
1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Семейде өткен айтысқа қатты дайын­дал­ды. Үлкен үмітпен барды. Қазылар бұрма­лап, бірінші айналымда шығып қалды. Сол жа­нына қатты батты. Арқалыққа келген соң төр­гі бөлмеге жерге төсек салып жатып қал­ды. Ешкіммен тілдеспеді. Ешкімді көргісі кел­меді. Қоныстың бұл жағдайы бүкіл Тор­ғай жұртына танымал аяулы ұстаз Күләнда Бөкешова апамыздың құлағына жетіпті. Бір кеште үйге келе қалсын. «Әй, Қоныс, бұл не жа­тыс? Құсадан өлейін деп пе едің? Әлде, ыл­ғи сен бірінші бола беруің керек пе? Көтер басыңды!», – батыра айтты.
Үлкен кісі келген соң қазан көтердім. Нұрханға аяғым ауыр еді. Сөз ара­сын­да апама соны құлаққағыс қылдым. Жа­рықтық Күләнда апай: «Е, міне, бір жа­ғынан бермесе, екінші жағынан береді. Әне, үйіңде үлкен қуаныш болғалы тұр», – деп Қонысты жігерлендіріп жіберді.
Бұған дейін төрт қыз туған соң ба, Нұр­ханға аяғым ауыр екенін ешкімге айтпай, қор­қасоқтап жүрген кезім. Оның үстіне ай­тыста да Қоныстан атұстар жайлы сұрап жа­тады.
Ой, несін айтасың, бұлар айтыстың шаңы­рағын көтеріп, уығын қадаған талант­ты буын ғой. Қай-қайсы да айтыс деген бек­зат өнерге адал қызмет етті. Сыйластықта ғұ­мыр кешті. Әселхан, Әсия апаларымен бір­ге халық ақыны атағын алғанда Қоныс 36 жаста екен. Кім білсін, тірлігінде қолын жайып батасын ала алмаса да, өле-өлгенше пір тұтып өткен Нұрхан атамыздың аруағы жебеген шығар.
«Нұрханды сағыну» дейтін толғауында «Абайдай ұлы болуды армандап әркім өтеді, ал өзіме Нұрхандай ақын болсам жетеді» деп жырлады. Алланың аузына салғаны шығар, Нұрхан Ахметбеков халық ақыны атағын ал­ғаннан 27 жыл өткесін бұл атақ Қонысқа бұйырды.

– Айтысқа Қонысбай аға әкелген жаңа есім кім?

– Жас күнінен баулыған алғашқы шә­кір­ті – Жадыра Құтжанова. «Айтысқа жөр­гегі­нен тәрбиеледім» деп отырушы еді. Алматыда тұңғыш рет өткен халықаралық ақындар ай­тысында ақ боз ат мінді. Жадырадан кейін Гүл­нар Қалқаева деген ақын қызды тәр­бие­леді. Өте талантты бала еді. Амал не, жас­тай дүниеден өтіп кетті.
Гүлнарді 1990 жылы Ташкентте Балқы Базардың 150 жылдығына орай өткен Орталық Азия мен Қазақстанның ақындары қатысқан халықаралық айтысқа алып бар­ды. Сол айтыстан бас бәйгені Қоныс, бірінші орын­ды Гүлнар иеленіп келді.
Ташкент сапарының алдында «Өмірінде бір рет республикалық айтысқа қатыспаған қыз­ды халықаралық айтысқа қалай апа­расың?», – деп қарсылық білдіргендер бо­лып­ты. Бірақ Қоныс қоярда-қоймай жүріп, бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Гүл­нар сол сенімді ақтап, үлкен додада топ жар­ды.
Кейінгі шәкірті Айбек Қалиевті елдің бәрі біледі ғой. Жалпы, шәкірт дегеннен шы­ғады, Қоныстың өзі «Оны міндетті түрде қо­лынан жетелеп жүру шарт емес» дейтін. Тал­дықорғанда Жандарбек Бегімбетов деген та­лантты ақын болды. Ол да ағасын ұстаз деп, құрмет тұтатын еді. Алыстан ұстаз сана­ған жастың ешқайсысын жатырқаған емес. Талай жас дарынды тәрбиелеп топқа қосты.

Анасына «Бала махаббатымен», маған «Бақыт туралы балладасымен» ескерткіш қойып кетті

– Қоныс ағаның ел біле бермейтін қан­дай ерекше қасиеттері бар?

– Бойындағы Құдай берген қабілеті бо­лар, өзінің талабы да болған шығар, бала кү­­­­нінен бірнеше музыка аспабында ойнайды екен. Оқуға түсетін жылы Темірбек Қожакеев: «Жазу-сызудан бөлек кімнің қандай өнері бар?» – деп сұрағанда, Ұлықбек бокспен ай­на­лы­сатынын айтыпты. Тағы бір қыз «би­леймін» деп жауап берген. Қоныс: «Мен лю­бой аспапта ойнаймын» деген екен. Соны курс­тастары күліп айтып отыратын еді. Иә, Қо­ныс домбыра өз алдына баян, гитара тар­та­тын. Шертерде, мандолинада ойнай білетін.
Бірақ баянды солақай тартты. 5-6-сы­нып­та оқып жүргенде болар, атам ауылдың дү­кенінен баян сатып алып беріпті. Ол кезде баянның тілін білетін адам жоқ. Өзі тартып үй­ренген. Бірақ теріс ұстап үйреніп кетіпті. Қа­лаға концертке барса, бәрі оң ойнап отыр­ғанын көреді. Олардың бәрі Қонысқа теріс бо­лып көрінеді. Келесі концертте де сол көрі­ніс. Сөйтсе, өзі теріс тартады екен ғой. Ақыры, солақай ойнап кеткен. 

– Ақынның жары болу қиын емес пе? 

– Оның рас, ақынның жары болу оңай емес. Сен сол ақынды жаныңмен сүйіп, жа­ның­мен түсіне білуің қажет. Бір жағы жары бол­саң, бір жағы анасындайсың. Қоныстың өзі де маған арнаған «Бақыт туралы баллада» де­ген әнмен айтылатын өлеңінде:
Бөлістік мына өмірдің бар қызығын,
Сен барда қажеті не хан қызының?
Анамдай шуағыңмен аймалайсың,
Тілеуін тілеп өтер жалғызының, – деп айтып кеткен екен. 
Қоныстай ақынмен өмір сүру көп нәр­сеге көзімді ашты. Ол көп кісілермен ара­лас­ты. Қызметтес болды. Соның бәрінде қа­сын­да болдым. Қуанышын да, күйзелісін де бірге кө­тере білдім. Бастысы, жарымның рухани сұ­ра­нысына лайық болған сияқтымын. Қо­нысбайдай азаматпен жолықтырған тағ­ды­рыма ризамын. Анасына «Бала махаббаты­мен», маған «Бақыт туралы балладасымен» ес­керткіш қойып кетті.
Қоныс отбасында өте қарапайым. Бала­лар­ға да, маған да жекіп көрген жан емес. Нұр­хантайын өсірді, оқытты. Қатарынан қал­дырған жоқ. 
Балалардың ішінде Ақмарал өнерге жа­қын болып өсті. Папасының «Бала махабба­тын» жақсы орындайтын. Өлең жазатын қа­білеті де бар. Әкесі: «Өнердің жолы – ауыр. Оның ішінде ақындықты алып жүру оңай емес. Топты жарып шығып, өзіңді дәлелдей ал­масаң, араласпай-ақ қой» деген ақылын бер­ді. Кейін қызымыз тұрмысқа шығып, от­басылы болды. Кім білсін, Қоныстың бұл қа­сиеті немересіне ме, әлде шөбересіне ме, дари­тын болар? Қалай дегенмен ақындық басқа қонған бақ қой.
Дүние жимасақ та, көштен қалған­ы­мыз жоқ. «Маған осы қоңыр тірлігім ұнайды» деп үнемі айтып отыратын. Қай орта­да болсын Қонысжан болып жүре алды. 
Қолымда бай мұрасы қалды. Енді соның бә­ріне өзім ие болып жатырмын. Қоныстың жа­ры болғасын, сөйлеуге де тура келеді екен. Ақ­пан айында туған жері Торғайдың Сужар­ған ауылы Қонысқа арнап, «Өмірді жырмен өрнектеген» атты әдеби-сазды еске алу кешін өткізді. Біраз кітаптарын беріп жібердім. Онлайн сұхбат бердім.
SHALQAR радиосындағы «Жақсының жары» хабары сұхбат алды. Онда да біраз ес­телік айттым. Жазу-сызуға жоқ едім. Қа­зір қолыма қалам алып, Қоныспен бірге өт­кізген өмірімді қағазға түсіріп, естелік жа­зып жатқан жайым бар. 

– Алдағы уақытта Қоныс ағаның есі­мін мәңгі есте қалдыру мақсатында қан­дай іс-шаралар мен жоба-жоспарлар бар?

– Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы 70 жылдығына арналған еске алу кешін мамыр айында өткізуді жос­пар­лаған еді. Елдегі төтенше жағдайға байланыс­ты күзге қалдырылды. Одан бөлек ұйым­дас­тырушылардың алдағы маусым айының ба­сында Қостанайда республикалық айтыс өт­кізу жоспары бар. Оның да уақыты қо­сым­ша хабарланады-ау.
Нотаға түспеген біраз әндері бар екен. Мені солардың тағдыры алаңдатады. Бола­шақ­та мұражай ашсам деген де арманым бар. 

–  Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Мұхарбек Жәкейұлы

 

Серіктес жаңалықтары