Президент Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы екі елдің қатынастары стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Президент Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады
Сурет: Ақорда
752

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін Астанаға келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ресей дипломатына ілтипат білдіре отырып, екі елдің қатынастары стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және инвестициялық-өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асырудың маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, барлық тапсырма стратегиялық сипатқа ие және екі ел арасындағы көпқырлы байланыстарды айтарлықтай нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ көпжақты форматтағы және интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимылдар талқыланды.

Серіктес жаңалықтары