Балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады? – Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады

Министрлік 120 мың педагог-ұйымдастырушыны арнайы даярлықтан өткізген.

Балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады? – Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады
сурет: egemen.kz / Ерлан Омар, «ЕQ»
502

Оқу-ағарту министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыты мен демалысы қалай ұйымдастырылатынын хабарлады. Бұл туралы ақпарат Үкіметтің ресми телеграм-каналында жарияланды. 

Ресми мәліметке сүйенсек, жалпы, еліміз бойынша 2,9 млн бала жазғы демалысты 10 743 демалыс лагерінде өткізеді деп күтілуде. Соның ішінде 10 мың бала – жыл бойы сауықтыру орталықтарында, 240 мың – қала сыртындағы орталықтарда, 2,6 млн – мектеп жанындағы лагерьлерде, 75 мың – шатырлар мен киіз үйлерде.

Ұйымдастыру ісіндегі барлық мәселе 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде пысықталуда. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Барлық демалыс орталықтарының тізімі әзірленіп, олардың дайындығы қамтамасыз етілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден келген оқушыларға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлерден келген көп балалы отбасынан шыққан балаларға басымдық беріледі, - деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша бірқатар жоба іске асырылады. Соның ішінде  «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Бір күн қалада», «Қонақжай отбасы» және басқа да іс-шаралар аталған.

Министрлік 120 мың педагог-ұйымдастырушыны арнайы даярлықтан өткізген. Қосымша 12 мыңнан астам студенттер мен еріктілер тартылатын болады.

Серіктес жаңалықтары