Ерекше балалардың ата-аналары экоакцияны қолдады

БҰҰ мәліметіне сәйкес дүние жүзінде 80 мил­лион адамда аутизм бар. Ресми дерек­тер­ге сәйкес Қазақстанда 16 700 бала аутизм дертіне шалдыққан.

Ерекше балалардың ата-аналары экоакцияны қолдады
сурет: turkystan.kz
784

Жақында Астанада «Болашақ» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Run for autism қайырымдылық жарысы өтті. Биыл екінші рет өткен іс-шараның мақсаты – аутизм туралы көбірек ақпарат тарату, аутизм белгілері бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтік ортаға сіңісуіне және өз қабілеттерін жүзеге асыруға жағдай жасау, ыңғайлы ортаны қамтамасыз ету.

Аутизм ерте балалық шақта байқалады және бұл баланың жынысына, нәсіліне, от­ба­сының әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы­на байланысты болмайды. Аутизм дер­тіне шалдыққандар өзінің белгілі бір қы­зығушылықтарына ғана мән береді, бір іс-әрекетті қайталай береді әрі адамдармен қарым-қатынас орната алмайды. Алайда бүгін­де мұндай балалар қоғамнан тыс өмір сүріп жатыр. Бірақ олардың  мінез-құлқын сауатты түзету,  мейірімділік  таныту арқылы аутизм синдромы бар балалардың өмірін жеңілдетуге болады. 
БҰҰ мәліметіне сәйкес дүние жүзінде 80 мил­лион адамда аутизм бар. Ресми дерек­тер­ге сәйкес Қазақстанда 16 700 бала аутизм дертіне шалдыққан, оның 3 479-ы Астана қа­ласында тұрады. ДДҰ деректеріне сәйкес әлем­дегі әрбір 54-балада аутизм белгілері бар. 2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қа­зақ­станның 22 қаласында мектептер мен ба­лабақшаларда 57 инклюзияны қолдау ка­бинетін ашты. Аутизм және дамуында бас­қа да ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.

– Run for autism – бұл аутизм бойынша зерт­­теулерді қолдау үшін қаражат жинауға ар­налған халықаралық бастама. Олар ма­ра­фон, жартылай марафон, триатлон, жарыс сын­ды әртүрлі форматтарда өткізіледі. Осы­ған дейін мұндай жарыстар Нью-Йорк, Лон­дон, Берлин, Чикаго, Питсбург сынды әлем­нің ірі қалаларында ұйымдастырылған. Біз­дің Қор бұл халықаралық тәжірибені елімізде ал­ғаш рет енгізді. Былтыр жиналған қа­ражатқа біз елорданың балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жаб­дық­тадық. Бір кабинетті жабдықтауға шамамен 2 млн теңге жұмсалды. Бұл сомаға ерекше ба­лалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жа­сауға арналған жиһаз, оргтехника және көмекші оқыту материалдары кіреді. Бүгін жи­налған қаражатты да біз балабақшаларда инк­люзияны қолдау кабинеттерін ашуға ба­ғыттаймыз. Өйткені инклюзияны ерте жас­тан бастаған жөн. Бұл жағдайда ментал­дық бұзылыстары бар баланың болашақта сәтті оқуға және әлеуметтенуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. 
Осындай ауқымды шараға қолдау көр­сеткен демеушілеріміз бен серік­тес­терімізге алғысымыз шексіз. Жыл сайын жа­рысқа қатысушылардың саны артып ке­ле­ді, бұл – ақпарат көбірек адамға таралады деген сөз. Біз қоғамның барған сайын ашық бо­лып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз мүм­кіндігінше көп адам аутизм туралы   біл­се, ал инклюзия мәселелері бар­лық дең­гей­лерде шешілсе дейміз, – деді «Бо­лашақ» қорының Қамқоршылық кеңе­сінің төрайымы Динара Гаплан.

Биылғы жарыс 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км қа­­­шықтық бойынша өтті. Қатысу бағасы 5 990 теңгеден бастап 8 990 теңгеге дейін бол­ды. Қайырымдылық жарысына Астана, Ал­ма­ты, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қы­зылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степно­горск, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Се­мей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалала­ры­нан барлығы 2 330 адам келді. Сондай-ақ кә­сіби спортшылар, бочча бойынша пара-спорт­шылар, ымдау тілі спортшылары, әуес­қойлар, ерекше балалармен жұмыс істейтін ма­мандар, 120-дан астам ерекше қажет­ті­ліктері бар балалар, ата-аналар қатысты. 

– Run for Autism – жай спорт жарысы емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қол­дауға және ауылдар мен қалаларымызда инклюзивті орта қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы елі­міздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қа­ра­мастан білім алып, дамуы үшін тең мүм­кін­діктер беру жолында тағы бір маңызды қа­дам жасап отырмыз. Баршаңызды осындай игі бастаманы қолдауға, әр баланың өз әлеуе­тін жүзеге асыруына жағдай жасалған инк­лю­зивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуға ша­қырамын, – деді шараның құрметті қона­ғы әрі жарысқа қатысушы Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев. 

Іс-шара шегінде аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға ар­нал­ған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эс­та­фе­тасы өткізілді. Оған аутизмге ұшыраған, пси­хикалық және сөйлеу тілі дамуы те­жел­ген, Даун синдромы бар 5-14 жас аралы­ғын­дағы 100-ден астам бала атсалысты. Эстафета аяқталған соң балаларға медаль және іс-шара­ның серіктестерінен сыйлық табыс­талды. 
Жарысқа 50-ден астам компания мен ұйым­ның қызметкерлері, оның ішінде ин­клю­зивті білім беру саласындағы қыз­мет­кер­лер қатысты. АВА-терапевт Алмас Ақан даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тамшылар» Балаларды дамыту ор­талығынан әріптестерімен бірге жүгіруге қатысты. 

– Мен жүгіруге бірінші рет қатысып отыр­мын. Мен үшін осы жүгіруге қатысу – бұл тақырыпқа адамдардың назарын ауда­ру­дың, аутизм қиындықтарымен күнделікті бет­пе-бет келген жандарға қолдау көрсету­дің, AСБ бар адамдардың өмір сүру сапасын жақ­сарта алатын білімнің таралуына кө­мек­тесудің тәсілі. Мен өз жұмысымда дамуында ерек­шеліктері бар балаларға жағымсыз мі­нез-құлықпен күресуге, басқалармен қарым-қа­тынас жасауға және өзара әрекеттесуге көмектесемін. Біз дәлелденген әдістерді қол­данамыз және балалар күнделікті тап­сыр­маларды жақсырақ орындай алуы үшін от­басымен және басқа мамандармен бірлесе жұ­мыс істейміз, – деді АВА-терапевт. 

Астана тұрғыны Амангелді Досжановтың жа­сы 81-де, ол – жүгіруге қатысқандардың ішін­дегі ең жасы үлкені. Ақсақал 10 км қа­шықтыққа тіркелген. 

– Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көр­гім келеді. Біз бәріміз қай жаста болсақ та, дұрыс әрі толыққанды өмір сүру үшін өз ден­саулығымыздың қадірін біліп, өзімізге көңіл бөлуіміз керек. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары күнделікті жаттығу жа­­сап жатады. Біздің қазақ елінде де осын­дай жандар бар. Осы жүгіруге қатысу арқылы мен аутизмі бар балаларға қолдау көрсеткім келеді, – деді Амангелді Досжанов. 

Қайырымдылық жарысында жиналған 13 млн теңгеге жуық қаражат балабақшаларда ау­тизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағытталады.
Мәреге жеткен барлық қатысушылар ес­телік медальдарға ие болды, ал әр қашық­тық бойынша жеңімпаздар арнайы диплом­дар­мен, медальдармен марапатталды. Әрбір жү­гірушіге шоппер, футболка, жүгіруге, ұтыс ойы­нына арналған нөмір, тамаққа талон, бағ­дарлама және спорттық батончик­тен тұра­тын жинақ табысталды.
Қазақстандағы бірінші Run for autism қайырымдылық жарысы 2023 жылғы 27 сәуір­де өтті. Іс-шараға республикамыздың 7 қа­ласынан 1 100-ден астам адам, оның ішін­де даму ерекшеліктері бар 96 бала қатысты. Жү­гіру қорытындысы бойынша 7 000 000 тең­ге қаражат жиналды. Жиналған қара­жат­қа «Болашақ» қоры Астана қаласындағы №54, №60 және №66 балабақшаларда үш инклю­зияны қолдау кабинетін жабдықтады. Бүгінде аутистикалық спектрінің бұзылыс­тары бар 18 бала осы кабинеттерде оқиды. 
Run for Autism қайырымдылық жарысы қо­рытындыланған соң қатысушылардың барлығы «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.

– Мен ерекше баланың анасымын. Ұлым Әмір Алпамыс 5 шақырым, мен 2,5 шақырым­ды жүгіріп өттік. Жарыс ойдағыдай өтті. Қайы­рымдылық шарасынан кейін экоак­цияға қатыстық. Балаларымызбен бірге кө­рер­мендер мен спортшылардан қалған қа­ғаз­­дар мен басқа да қалдықтарды жинап, ар­найы орынға апардық. Айналаны жинауға ба­лаларымыз қуана-қуана көмектесті. Олар­дың көңіл күйлері тамаша. Жалпы, аутизм, басқа да менталдық бұзылыстары бар бала­лар ересектерге қолғабыс беріп, көмектес­кен­ді жақсы көреді. Біз ерекше балалардың қо­ғамға пайдалы бола алатынын, олардың әр­қашан көмек көрсетуге дайын екенін айту­дан жалықпаймыз, – деді Әлия Абдибайтова.

Айта кетейік, сәуір айының басынан бас­тап елордада «Таза Қазақстан: Астана – та­залық пен тәртіптің үлгісі» атты экоак­ция­сы өтіп жатыр. Ауқымды экоакция аясында бел­сен­ді қала тұрғындары ардагерлердің, бала­лар мен қарттар үйлерінің аулаларын таза­лап, абаттандыруда. Одан бөлек қаланы са­нитарлық тазарту, нөсер және кәріз же­лілерін, көшелерді, тротуарларды, аулаларды тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. 
Астананы жасыл желекпен көм¬керілген, әсем қалаға айналдыру мақсатында биыл бар­­лығы 1,1 миллион көшет отырғызу жос­пар­­ланған. Бүгінде бұл мақсат іске асыруда жа­сыл желектерді күтіп-баптау және отыр­ғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жи­нау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқ­сат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.

А.Бимендиева 

Серіктес жаңалықтары