Айнұр Сләмғажы: Ғылымда ағылшын тілі ауадай қажет

Astana IT университетінің ассистент-профессоры

Айнұр Сләмғажы: Ғылымда ағылшын тілі ауадай қажет
сурет: turkystan.kz / кейіпкердің жеке мұрағатынан
1221

Бүгінде шетелде оқимын, тәжірибе жинаймын деген адамға мүмкіндік көп. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар шетелдік ЖОО-лар ұсынатын  гранттары да қолжетімді. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі жастардың 14 пайыздан астамы шетелде білім алады. Айнұр Сләмғажы – осындай жастардың бірі. Ол Қытайда докторантура бітіріп, жақында «Болашақ» бағдарламасымен Америкаға тәжірибе алмасуға кетеді. Ұзақ сапар алдында білім іздеген жас ғалыммен аз-кем әңгімелескен болатынбыз. 

– ҚазҰУ-дың магистратурасын бітіре салып Қы­тайға докторантура оқуға аттандың. 4 жыл сол жақта білім алып, өзге елдің мәдениеті, салт-дәстүрімен танысып, танымың артқаны анық. Осы уақыт аралығында Қазақстандық бі­л­ім беру, ғылымды дамыту жүйесінің артық, кем тұстарын бағдарлап үлгерген боларсың?  

– Иә, менің ғылымдағы бакалавр, магистратура, док­торантураны оқуым үзіліссіз жалғасты. 2016 жылы Пекиндегі Қытай коммуникация университетіне (Communication university of China) докторантураға қабыл­дандым. Ол уақытта бізде медиа, коммуникация са­ласын зерттеу әлі қолға алына қоймаған кез. Қазір ғы­лыми зерттеу әдістері, академиялық жазылым сын­ды зерттеу саласының негізін қалайтын пәндер 3-4-курс студенттеріне оқытылады. Бұл – өте қуантарлық жайт.

Қытайда негізгі уақытымызды зерт­теуге арнадық. Ол жақтағы про­фессор­лардың барлығы шетелдің маң­дайалды университеттерінде білім ал­ғандар болды. Сондықтан ғылыми әлеуе­ті өте жоғары. Мәселен, мен оқыған уни­верситеттің шығаратын Global Media and China атты ғылыми журналының про­­­­центилі – 92 пайыз, Q1. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Журналға мақала жариялаудың да талабы қатаң.

Қазақстанда ғылымға мемлекет тара­пы­нан көңіл бөліне бастады, бөлінетін қа­ражат көлемі де артып келеді. Медиа, ком­муникация саласы бойынша докто­ран­тура бойынша грант саны жыл сайын ар­тып келеді. Дегенмен бұл ғылымды да­мытудағы жалғыз шешім емес. Бірінші ке­дергі, университеттер грант санын игере­міз деп, ағылшын тілін білетін кез кел­ген адамды оқуға қабылдауға дайын. Зерт­теп жүрген тақырыбы бар, ғылымға шы­найы қызығушылықпен келетіндер си­рек. Екінші мәселе – оларды дайын­дай­тын профессорлардың тапшылығы. Бо­ла­шақ ғалымдарға жетекшілік ететін, ба­ғыт­тайтын профессорлар ғылыммен белсенді ай­налысатын, жарияланымдары беделді журналдарда жарық көретін ғалым болуы ке­рек. Докторант пен жетекшісінің ғылы­ми бағыты бір болғаны жөн. Докторант­тар­да ғылыми жетекші таңдауға мүм­кін­дік жоқ, өйткені нақты зерттеумен ай­на­лысатын, ағылшын тілін меңгерген, ғы­лы­ми мақалалары жиі жарық көретін про­фессорлар аз. Біз қандай нәтижені күт­сек, соған сай білім берілуі керек. Әлем­дік деңгейдегі журналдарда зерттеу ма­қаласын жариялауды талап етсек, сон­дай еңбектері жарияланған ғалымдарды шетел­ден алдыру көп мәселені шешер еді деп ойлаймын.

– Биыл «Жас ғалым» жобасын жеңіп алып, алыстағы Америкаға та­ғы­лымдамадан өтуге бара жатырсың. Жо­бадан өту қиын болды ма?

– Ғылым саласында алдыма нақты мақ­сат қоя білгендіктен, жобаға қатысу қиын болды деп айта алмаймын. Ғылыми ең­бектерімнің тізімі, ғылыми мекемеде тұ­рақты жұмыс істеуім, ағылшын тілін ер­кін білуім жобадан жеңуіме әсер етті. Егер тіл білсеңіз, ғылыммен айналысып жүр­сеңіз, өзіңізге не керегін білсеңіз, қиын емес. Бұған дейін Қытайда алған білі­мім, осыған дейінгі қатысқан ғылыми жо­баларым, жарияланған ғылыми еңбек­те­рім бар, соның бәрін ескерді деп ойлай­мын. Сондықтан «500 жас ғалым» жобасы Қа­зақстан ғылымын дамытуға өте тамаша мүм­кіндік деп есептеймін. Бұйыртса, АҚШ астанасы Вашингтондағы Джордж Ва­­­шингтон университетінде бір жыл та­ғы­лымдамадан өтіп келемін. 

– Әлемдік тәжірибеде журналистік бі­лім беру саласында ақпараттық тех­но­логияға басымдық беріледі. Қазақ­станда бұл үрдіс қалай қалып­тасып, дамып отыр?

– Осы мәселеге байланысты біз Е.Кәп­қызы, М.Ергебеков, Қ.Мысаева, Г.Әшір­бе­кова, А.Еркімбай, Ә.Қамза, Е.Әлімова бір­ле­сіп былтыр күзде Қазақстандық қоғам­дық даму институтымен бірге Ashyq syllabus медиа саласындағы үздік білім беру бағдарламаларын талдау атты үлкен зерт­теу еңбегін шығардық. Елімізде жур­на­листік білім беретін ЖОО-лар digital заман талабына сай маман дайындауға аз да болса бейімделе бастағаны байқалады. Мә­селен, отандық бірқатар университет «Цифрлық журналистика», «Web жур­на­лис­тика», «Жаңа медиа», «Конвергентті жур­­налистика» сынды білім беру бағ­дар­ла­масы бойынша маман даярлауды бас­тады. Дегенмен цифрлық медиаға ба­ғыт­талған бұл білім беру бағдарламаларының міндетті пәндері қатарында ақпараттық тех­нологияға байланысты пәндер өте аз еке­нін байқадық. Мәселен, өңірлік уни­вер­ситеттердің бірінде міндетті пәндер қа­тарына тек «Мультимедиалық журна­лис­тика» пәні енген, ал цифрлық журна­лис­­тикаға байланысты өзге пәндер тек таң­дау компонентіне кірген. Өзіміз біле­тіндей, таңдау пәнінің оқытылуы екіталай. Со­нымен қатар «Дата журналистика» пәні зерт­телген 24 жоғары оқу орнының 50 пайы­зында (12 ЖОО-да) мүлде оқы­тыл­майды. Ал журналистердің деректермен жұ­мыс істей білуі олардың жаза білуі се­кіл­ді өте маңызды нәрсе. 

Шетелдік университеттерде «Цифр­лық медиа этикасы», «Цифрлық медиа жә­не адами қарым-қатынас», «Цифрлық мә­дениет», «Цифрлық дәуірдегі адам­дар­дың саулығы туралы ақпараттандыру», «Цифрлық теңсіздік» сынды пәндер оқы­тылады. Мұндай пәндерді енгізу арқылы уни­верситеттер цифрлық дағдыларды үи­̆ретіп қана қоймай, болашақ жур­на­лис­терге ақпараттық технологияның әлеу­мет­тік салдарын зерттеуге мүмкіндік бе­ріп, сыни тұрғыда түсінік қалыптастыруы­на жол ашады. 

Қазір назар аударарлық дүние – жа­санды интеллект әлемдік, отандық ме­диаларда кең қолданысқа ие болып отыр. Дегенмен ол ешқандай универси­тет­тің білім беру бағдарламасына енбеген. Биыл бітіретін менің студентім дип­лом­дық жұмысында жасанды интеллекттің ме­диадағы қолданысын зерттеп жүр. Зерт­теу соңында жасанды интеллектті ме­­диада қолдану жайлы этикалық нұс­қау­лық жасау жоспарымызда бар.

– Жақында шетелдік журналға ре­цензент ретінде шақырту кел­ге­ні­нен хабардармын. Ғылыми мақа­ла­сын шетелдік журналдарда шығара ал­май жүрген жастарға қандай кеңес ай­тасың? Жалпы, рецензент болу үшін не істеу керек? 

– Иә, жақында Journal of Eastern European and Central Asian Research басы­лымы журналға рецензент болуға ұсыныс жіберді. Бір ай бұрын осы журналда ма­қа­лам жарияланған болатын. Редакторлар ма­қаланы рецензияға берерде резе­н­цент­тің тәжірибесін, жарияланымдарын, ғы­лы­ми бағытын ескереді.
Ғылыми еңбегін жариялағысы келетін зерт­теуші, ең әуелі сол бағытын, саласын әб­ден оқып-білуі керек. Яғни, аталған та­қы­рыптағы отандық және шетелдік ға­лымдар еңбегін түгесіп оқу, артық-кемшін тұ­сын түсініп, сыни сараптама жасау, осы ба­ғыттағы журналдарды оқу, оған жария­лау талаптарын қарау. Ғылыми жарияла­ным талаптарына сай етіп жазу (әде­биет­терге шолу, зерттеу әдістері, деректерді жи­нау және анализ, қорытынды), жур­нал­ды дұрыс таңдап жіберу жеткілікті. 

– Ағылшын тілін білмей шетел ға­­лымдарын мойындату мүмкін бе? Жал­пы, тіл білмеу ғылымда кедергі ма?

– Бүгінде ағылшын тілі ауадай қажет. Әлем­дегі ғылыми еңбек түгел дерлік ағыл­шын тілінде. Мен айтқан қытайлық жур­нал­дар да ағылшын тілінде жарық көреді. Шет­ел ғалымдарымен коммуникация жа­сау да ағылшын тілінде. Мен биыл шет­ел­дік авторлармен екі кітапқа материал жаз­дым, біреуі Rowman Littlefield баспа­сы­нан, екіншісі Palgrave Macmillan баспа­сы­нан шығады деп жоспарланып отыр. Journal of Eastern European and Central Asian Research журналына «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығы жай­лы мақаламды жариялаған соң, маған шет­елдік редакторлар хабарласып, 
Springer баспасынан шығатын кітапқа бір та­рау жазуды ұсынды, ол жұмысты қазір уа­қыт ыңғайына қарай қарастырып жа­тыр­мын. Бұл ұсыныс та осы ағылшын ті­лін білгенімнің нәтижесі дер ем. Ғылым өте қарқынды дамып келеді, оған ағыл­шын тілін білмей ілесу мүмкін емес. 

– «Бір белдеу, бір жол» халықара­лық ынтымақтастығының БАҚ-та жа­риялануы туралы ғылыми зерт­теуің­­нің нәтижесі қандай болды?

– Менің зерттеуім аталған халық­ара­лық ынтымақтастықтың БАҚ-та жария­лануы, оны халықтың қабылдауы жайын­да болды. Жалпы бізде Қытай еліне қа­тыс­ты қасаң қағидалар көп. Бұл медианың ақ­паратты дұрыс бермеуінен туындайды. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын ҚХР Төра­ғасы Си Цзиньпин алғаш Қазақстанға кел­ген сапарында айтқан. Оның бекер емес екенін, бұл бағдарламадағы Қазақ­стан­ның маңызы жайлы барлық ғылыми ең­бектерде айтылады. Дегенмен отандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Бір белдеу, бір жол» жайлы ақпарат көбінесе қы­с­қа, жаңалық түрінде беріледі. Мем­ле­кет басшысының Қытайға сапары кезінде не­месе керісінше Қытай делегациясы кел­­­­­генде ғана ақпараттар легі көбейе тү­седі. Дегенмен терең анализ аз. Соған орай халық та бұл бағдарлама жайлы біле бер­мей­ді. Мәселен, Кудебаева мен При­мано­ның зерттеуінен жастардың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы жайлы хабары жоқ екенін байқауға болады. Сауалнамаға қа­ты­сқан студенттердің 60 пайызға жуығы «Бір белдеу, бір жол» жайлы хабарсыз бол­ғандықтан пікір білдіре алмаған. 
Қытайға байланысты жаңалықтар эко­номика, саясат, сауда тақырыбында кө­­бірек, ал мәдени байланыс төмен дең­гей­де болды. Екі ел басшыларының был­тырғы келісімі ғылыми, мәдени бай­ла­ныс­қа жаңа дем береді деп ойлаймын. 

– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары