Әділдік әркімге бірдей

Сот отырысының әділ, толығымен заңға сәйкес өткенін барша Қазақстан тамашалады.

Әділдік әркімге бірдей
janaarqa.kz
590

Соңғы бірнеше айда бүкіл қоғамның назарын аударған іске нүкте қойылды. Қайғылы оқиғаның қалай болғанына, сот барысында қандай мәліметтер анықталғанына егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ қоялық. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ. Бір қарағанда, бұл екі әулеттің басына түскен қайғылы жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Әйтсе де, «Айдың арғы беті» – Бишімбаев ісінің Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында қоғамға тигізген ықпалы жетерлік.

 

Абьюзерге әділ жаза берілді

Көпшілік Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады деп күткені белгілі. Дегенмен, қоғам пікіріне ілесіп, заңнан аттап кетуге болмайтыны тағы түсінікті. Бірден айта кетейік, 24 жылға бас бостандығынан айыру – ауыр, бірақ әділ үкім. Бишімбаевтың жасын  ескерсек, бұл іс жүзінде қалған өмірін темір торда өткізумен тең. Экс-министрге тағайындалған жаза мерзімі аяқталғанда, ол 70-ті алқымдайды екен. Оның үстіне, жазаның үштен екісі аяқталмайынша шартты түрде мерзімінен ерте босай алмайды. Қалай қарасаңыз да, қартайған шағында ғана бостандыққа шығады.

Бұған бөлек, айыптаушы тарап нақты дәлелдер келтіре отырып, барынша ауыр жаза тағайындауға қол жеткізді. Өйткені Қылмыстық кодекске сәйкес, осыған ұқсас оқиғаларда, яғни әйелін асқан қатігездікпен қасақана өлтірген жағдайда орташа есеппен 15 жылға бос бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында әйелін айуандықпен ұрып өлтірген Ермолов есімді адамға 15 жылдық жаза тағайындалды. Сол секілді Алматыда әйелін 31 рет пышақтаған Турдубакиев есімді кісі 16 жылға сотталды.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда кейінгі он жылда 2036 адам асқан қатігездікпен адам өлтіру бабы бойынша бас бостандығынан айырылған. Соның 70 пайызға жуығы 15-20 жыл мерзімге темір тордың арғы жағына кеткен. 275 адамға 20 жылдан асатын жаза тағайындалды. Тек 42 қылмыскер ғана өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Осы жерде айта кететін мәселе, мұндай ауыр жаза екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіргені немесе топтасып қатігездікпен кісі өлтіргені үшін беріледі. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Алматыда ылаң салған террорист Руслан Күлекбаев өмір-бақи темір торға тоғытылды.

Қылмыстық кодекстің осындай ерекшеліктерін ескерсек, Бишімбаевты 24 жылға соттау ауыр жаза екені анық аңғарылады. Оның үстіне, істі тергеу кезінде прокурорлар жағдайды ауырлататын қосымша деректер тауып, оны сот отырысында дәлелдей алды. Бұған дейін де Бишімбаев әйелі Салтанатты ұрып-соққаны, зорлық-зомбылық көрсеткені, физикалық, психикалық қысым жасағаны да белгілі болды. Тергеушілердің осындай жұмысының нәтижесінде экс-министрдің жазасын қатаңдатуға мүмкіндік туды.

 

Ашықтық осылай қалыптасады

Сот отырысының әділ, толығымен заңға сәйкес өткенін барша Қазақстан тамашалады. Сот залынан тікелей трансляция жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары оқиға ортасынан хабар таратты. Мұның бәрі осы іске жалпы көпшіліктің назарын аударуға себеп болды.

Мұның бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, сот отырысының әділ өткеніне бәріміз куәміз. Ешкім «бармақ басты, көз қысты» болды деп айта алмайды. Өйткені бүкіл талқылау тікелей эфирде көрсетілді. Заң не процесуалды ереже бұзылған жоқ. Қазақта «мұсылманшылық әсте-әсте» дейді. «Ескі Қазақстанда» сот жүйесіне халықтың сенімі жоғалғаны жасырын емес. Ал оны қалпына келтіру оңайға соқпайтыны түсінікті. Демек, Бишімбаев ісі секілді сот отырыстарын онлайн көрсету судьялардың бейтараптығы мен әділдігіне сенімді біртіндеп бекіте түседі.

Екіншіден, тікелей эфирдің нәтижесінде былайғы жұрт сот отырысының қалай өтетінімен, судьяның, прокурордың және адвокаттардың міндетерімен танысты. Алқабилер туралы хабардар болды. Шынайы сот процесі қалай жүретінін, оған қалай дайындалып, өзін қалай ұстау керегін білді. Сол секілді көптеген құқықтық мәселеге қатысты білім базасы кеңейді. Осылайша, соттағы тыңдаулар адамдарға арналған оқу құралына айналды.

 

Әділетті Қазақстанның іргетасы

Үшіншіден, сот отырысының тікелей эфирде көрсетілуі, сот залына бұқаралық ақпарат құралдарының кіруіне рұқсат берілуі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті Қазақстан» бастамаларының шынайы түрде іс жүзінде жүзеге асқанын көрсетеді. Тараптардың шынайы бәсекесі, процеске қатысушылардың ашық дауға дайындығы, судья мен алқабилерге құрметпен қарау, тыңдауға сапалы дайындық елімізде құқықтық мәдениеттің іргетасы қаланып жатқанын аңғартады.

Естеріңізде болса, Президент Тоқаев халыққа Жолдауында заң үстемдігіне назар аударып, сот жүйесін жетілдіруге тапсырма берген еді. Сот талқылауларының жария өтуі, қоғамды алаңдатқан істердің тікелей эфирден көрсетілуі берілген тапсырманы орындауға ықпал етеді. Осылайша, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру аясында жасаған құқық қорғау жүйесіндегі нақты өзгерістер жүзеге аса бастады.

 

Сең қозғалды

Төртіншіден, Бишімбаев ісі сот жүйесінің жаңа келбетін қалыптастырды деуге толық негіз бар. Бұған дейін судьялар туралы қасаң пікір қалыптасқан еді. Олардың аты-жөнін ешкім білмейтін. Бишімбаев ісін жүргізген судья Айжан Күлбаеваның есімі бүкіл қазақстандықтың аузында жүр. Айжан ханым өзіне жүктелген ауыр міндетті абыроймен алып шықты. Сот отырысы кезінде, қорғаушылар тарапына өз ұстанымын дәлелдеуге барлық мүмкіндік беріп, жасыруға тырысқан дүниелерді өткір сұрақтарымен анықтап отырды. Судья іс жүргізу барысын басқарып, алқабилер алдында тараптардың өз дәлелдерін ұсынуға жағдай жасады.

Сол секілді айыптаушы тараптың ашық сот ісіне мұқият дайындалғанын да атап өткен жөн. Мемлекеттік айыптаушы өз ісіне кәсіби және жауапты түрде қарады. Бұған дейін қоғамда прокурорлар судьяға ықпал етіп, істі тезірек жауып тастауға тырысады деген пікір айтылатын. Прокурор Айжан Аймағанова мұның бәрін іс-әрекетімен жоққа шығарды. Материалды терең меңгеру, өз ісінің дұрыстығына сенуден бөлек, эмоциялы пікірлері көпшілікті тәнті етті. Бүгінде әлеуметтік желілерде прокурор ханымның мірдің оғындай сөздері толып жүр.

Сот отырысында шешім қабылдауға алқабилердің тартылуы да біраз нәрседен хабар береді. Үкімді тек судья ғана емес, алқабилер алқасы бірлесіп отырып шығарды. Қысқасы, кейінгі бірнеше айда онлайн режимде көрсетілген сот отырысынан үлкен-кіші түгел хабардар болды десек артық айтқандық емес. Ендеше, судьяның үкімін құқықтық тұрғыда ғана емес, сонымен қатар қоғамның белгілеген жазасы есебінде қарастырған жөн.

 

Кеселге айналған құбылыспен күресу қажет

Бишімбаев ісі қоғамдағы талайдан бері келе жатқан ескі кеселге көпшіліктің назарын аударды. Бұған дейін отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі жиі көтеріліп жүрген. Алайда, Салтанаттың өлімі сартап болған түйткілдің сыздауыққа айналғанын ашық көрсетті. Өкінішке қарай, ел арасында «екі жастың арасына есі кеткен түседі» деп отбасылық кикілжіңді жылы жауып қоюға тырысады. Бірақ мәселенің психологиялық қысым және физикалық күш көрсетумен шешілмейтініне назар аудармай келді. Әйелге әлімжеттік жасап, ұрып-соғудың белең алғаны да ескерусіз қалды.

Сондай-ақ бұл оқиға қазіргі заманның кезекті мәселесінің басын ашып берді. Ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлуге естен шығарған, олардың бойына адам құндылықтарын сіңіруге мән бермейді. Қазір көпшілік бала тәрбиесін мектепке жүктеп қоятыны жасырын емес. Сонымен қатар адами құндылықтар тек біліммен ғана емес, тәрбиемен де берілетінін дәлелдеп берді.

Ғұлама әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» депті кезінде. Қуандық Бишімбаевтың білім жоқ еді деп айтуға дәтіміз бармайды. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың үздік оқу орнының бірі Джордж Вашингтон университетінде білім алды. Ол 29 жасында Президент көмекшісі лауазымын атқарды, 36 жасында министр атанды. Бұл – кез келген жастың қолы жете бермейтін мансап. Әйтсе де, адамдық қалпынан айнымау білімге ғана байланысты емес екен. Әйтпесе, жемқорлықпен түрмеге түсе ме? Әйелін айуандықпен ұрып өлтіре ме?

Сонымен бірге бала тәрбиесінде ұлдарға ғана емес, қыздарға да көңіл бөлген жөн. Ел арасында «ұят болады» деп қорлық көріп жүрген қызының ажырасуына қарсы болатын ата-аналар бар екені жасырын емес. Өкініштісі сол, мұндайды естіген қыздар жеке бас құқығын таптайтын «тиранның» таяғына амалсыз көніп жүре береді. Сол себепті жастардың санасына әлсізді ұруға болмайтынын сіңірумен қатар қыздарымызды қорлыққа төзбеуді үйретуіміз қажет екені сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайда, Қазақстан халқы сессиясында «Адал азамат» тұжырымдасын алға тартып, өскелең ұрпақтың бойына жасампаз құндылықтарды сіңірудің маңызына тоқталған еді. Ендеше, соңғы кездегі оқиғалар Президенттің жастар арасында шынайы тәрбие-идеологиялық жұмысты күшейту туралы айтқан пікірі өте өзекті екенін көрсетеді.

 

 

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ

 

Серіктес жаңалықтары