Шағын қалаларда шешімін таппаған мәселе көп: Депутат «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қосуды сұрады

Біршама уақыт бұрын көтерілген Кентау қаласын экологиялық аймаққа өткізу мәселесі де кешеуілдеп жатыр.

Шағын қалаларда шешімін таппаған мәселе көп: Депутат «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қосуды сұрады
/dasphy.vrogue.co
607

Бүгінгі мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке сауалын жолдап, моноқалаларды дамытуға көңіл бөлу керегін жеткізді.

Оның айтуынша, Түркістан облысына қарасты Кентау мен Арыс қалаларының инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жүргізіліп, халықтың жайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдай жасалғанымен әлі де шешімін таппай отырған өзекті мәселенің көптігін айтты. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі моноқалаларды дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Шағын шаһарлардағы инфрақұрылымды реттеу ісіне басымдық берген Президент ондағы өндіріс өнеркәсіптерімен қатар шағын бизнесті де қолға алу маңызды міндет екенін де сөз еткен. Алайда әлі де моноқалада шешімін таппай отырған өзекті мәселелер көп", – деді Ұласбек Сәдібеков.

Сондықтан депутат «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қосуды сұрап, сонда Кентау секілді біраз қалалардың дамуына үлкен септігі тиерін сөз етті.

“Бір Түркістан облысында қаншама мәселе қордаланып қалған!? Мысалы, Кентаудағы жылу жайы. 1934 жылы салынған жылу энерго орталығы бар. Оның жабдығының 85 пайызы тозған. Соның салдарынан өткен жылғы қысқы маусымда кентаулықтар дұрыс жылу алмады. Ал оны қала бойынша 14 мыңнан астам абонент тұтынып отыр. Оның ішінде 347 көпқабатты тұрғын үй, 2000-нан астам жеке сектордағы тұрғын үй, 106 бюджеттік мекеме және 441 коммерциялық нысан бар. Екіншіден, Кентау қаласында 56 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы әлі жөндеуден өтпеген, балалар алаңы жасалмаған. Оның 33-іне балалар ойын алаңшасын салу қажет. Бұл мәселеге жергілікті бюджеттің қаржысы жетпейді. Сондықтан, әкімдік асфальт төсеу, балалар ойын алаңшасын орнату және абаттандыру мақсатындағы жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеп, республикалық бюджетке қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім ұсынған. Оның жалпы құны – 2,8 млрд теңгені құрайды. Кентау мен Арыс қаласына қарасты ауылдарды табиғи газға қосу ісі кешеуілдеп жатыр. Оғанда негізгі себеп қаражаттың жетіспеушілігі. Мәселен, Хантағы ауылын табиғи газбен қамту мақсатында ішкі орам жүйесінің құрылыс монтаждау жұмыстары 2019 жылы жүргізілген. Қазір ауылды жоғарғы қысымды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Жалпы жұмыстардың сметалық құны – 1,55 млрд теңгені құрайды. Республикалық бюджетке өтінім берілді. 

Байылдыр ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету құны – 426 млн теңге болса, Қарнақ ауылын табиғи газбен қамтамасыз етудің жалпы құны – 4,6 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, қазірдің өзінде Кентау қаласының тұрғындары толығымен табиғи газға қосылмады. Көпқабатты тұрғын үйдердің тұратын халық газ баллонын тасып, тұтынып отыр. Қазіргі кезде Кентаудағы тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам адам тұр. Қалада 2019 жылдан бері көпқабатты тұрғын үй салу ісі тоқтап қалған. 15 үйге жобалау сметалық құжаттама жасалған. Енді тек республикалық бюджеттен ақша бөлу керек. Ал, жеке тұрғын үй салу мақсатында 10 000-нан астам адам жер кезегінде тұр. Алайда инфрақұрылым жүргізілмеуіне байланысы бұл мәселе де шешімін таппай келеді. Себебі, қомақты қаржы керек”- деді ол.

Осыдан біршама уақыт бұрын көтерілген Кентау қаласын экологиялық аймаққа өткізу мәселесі де кешеуілдеп жатыр. 

“Бұл бағытта жинақталған құжаттар мен комиссия жұмысының қорытындысы Экология және табиғат ресурстар министрлігі тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсыру ұсынылған. Аталған министрлік «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Кентау қаласы аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ деп тану мәселесін шешуі тиіс. Ал, Бәйдібек ауданы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр. Арыс қаласындағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту мен кәріз желілерін қайта жаңарту ісіне басымдық беру қажет. Бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Дегенмен, жергілікті бюджет қаржысы жетпейді. Сондықтан арыстықтар үмітін Астанаға артып отыр”- дейді депутат.

Оның айтуынша, бүгінде бұл тек Кентау мен Арыс қаласындағы ғана жағдай емес, бүкіл моноқалаға қатысты мәселелер. 

“Яғни, бізде шағын қалалардағы шешімін таппаған жағдайлар көп. Сондықтан «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қосуды сұраймын. Сонда Кентау секілді қалалардың дамуына үлкен септігі тиер еді”, - деді Ұласбек Сәдібеков.

 

Серіктес жаңалықтары