«Соңғы қоңырау» кешінде әпкесімен вальс билеген жігіт жұртты сүйсінтті (ВИДЕО)
Видеоны әлеуметтік желге журналист Мөлдір Нәлібаева жүктеген.
Мектептегі іс-шара кезінде 11 сыныпта оқитын әпкесімен жұп болып би билеген 6 сынып оқушысы желі қолданушыларын тәнті етті, деп жазды turkystan.kz.
«Мына видеоны монтажсыз, өз дауысымен салғым келіп тұр. Ақеркенің сыныбында ұл аз. Параллель сынып, төмен сынып, таныстармен жұп боп биледі қыздардың көбі. Мамыр басталғанда тәтесі "Жұп табу керек" дегенде, Жәнібек "Қайтесіз іздеп, тұрмыз ғой" деді. Оны басында шынымен қабылдамағанбыз. Кейінірек "Неге жоқ?" дедік. Қалай көрінеді?» - деп жазған видео авторы.
Turkystan.kz сайтының тілшісі видео авторына хабарласып, ағайынды балалар жайлы сұрап білді.
«Екеуі де менің балам. Қызым Ақерке Мамырбек биыл мектеп бітіріп жатыр. Ал ұлым Жәнібек Мамырбек болса, алдағы оқу жылында 7 сыныпқа көшеді. Ұлым әпкесі үшін аса маңызды сәтте жұп болып, қасынан табылғысы келді. Осылайша, оған қолдау білдіргісі келсе керек. Оның бұл ұсынысына қызым қарсы болған жоқ», - деді үлгілі балалардың анасы.
Мөлдір Еркінқызының айтуынша, балалардың екеуі де өз сыныптарының топ басшысы.
«Мен жариялаған видео көпшілік назарын іліккен екен. Әрине, бұған ұлым қуанышты. Бірақ ол видеодан бұрын, мектеп бітірушілер кешін өз көзімен көргеніне және оған қатысқанына қуанышты. «Вайбын» сезіндім дейді. Бастауышпен қоштасқанда басқаша, ал мектеп бітіргенде тіпті өзгеше екенін айтты», - деді видео авторы.
Жүрекке жылу сыйлаған бауырлар арасындағы вальстің кейіпкері Жәнібектің де әсерін сұрап көрдік.
«Мен енді вальс билей аламын. Тәжірибе жинап алдым. Биге бола барғанымды ұмытып, өзімді де мектеп бітіруші түлек сияқты сезініп кетіппін. Солар сияқты фотоға түсіп, солармен бірге видеоға түсіп жүріппін ғой», деді Жәнібек Мамырбек.
Айта кетейік, аталған видеоға қатысты оқырмандар тарапынан жазылып жатқан пікірлер сан алуан.
«Бауырың бар ма деген осы, көз сүйсінтер жұп болыпты», «Бауыр барда бақытсызбын дей көрме» дейді ғой», «Әпкесін қолдаған інісінен айналайын», «Өміріндегі маңызды сәтте әпкесіне қолдау көрсетіпті. Ер жетті деген осы шығар. Әрқашан бауырлар бір-бірін қолдап жүре берсін», «Қандай күшті көрініс. Сүйсініп, қызығып, қуанып қарап отырдым», - деп жазған олар.