240
Белоруссияда жылына 183 күннен аз жұмыс істегендерге айыппұл салынады
Белоруссияда жылына 183 күннен аз жұмыс істегендерге айыппұл салынады
Белоруссия халқы «жатыпішерлерге салынатын айыппұлға» қарсы жаппай шеруге шықты, – деп хабарлайды Астана арнасы Reuters ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Мұнда мемлекет жылына 183 күннен аз жұмыс істейтін жандарды 250 доллар төлеуге міндеттеген. Ал мемлекеттің мұндай шешімі қарапайым халыққа ұнай қоймағандықтан, өз наразылықтарын білдіруде. «Жатыпішерлерге салынатын айыппұлға» қарсы ереуілге шыққан тұрғындардың саны өте көп. Халықтың шеруге көптеп шығуы елдегі жұмыссыздар санының көп екендігін айғақтайды.
Әсіресе, жаппай шеруде егде жастағылар белсенділік танытуда. Тіпті, олар бұл айыппұлды толығымен алып тастауды талап етіп отыр. Оған қоса тұрғындар бұл шеруде жалақының төмендігіне, жұмыссыздық пен коммуналдық төлемдердің өсуіне де қарсылықтарын білдіріп жатыр. Әзірге жаппай шерулер елдегі шағын қалаларда өтуде.
Ал 15 наурызда Белоруссия Конституция күнін атап өтеді. Қазіргі уақытта дәл осы мереке күні ел астанасында қарсылық акцияларын өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Беларусь президенті Александр Лукашенко аталған құжатқа 2015 жылдың сәуір айында қол қойған болатын. Қабылданған құжатқа сай еңбекке қабілетті тұрғындар жылына 20 базалық көлемде салық төлеуі тиіс. Елде 470 мыңдай адам салық төлеуші ретінде ескерту алған.