Астанаға шетелден келетін емделушілер көп
Әзербайжаннан келген қонақтардың бірі, медициналық агенттік директоры Камала Гулиева Астананың медициналық әлеуетін, қызмет көрсету сапасы жоғары бағалады.
Астана қаласы әкімдігі мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бірлесіп ТМД елдері және ҚХР дәрігерлері мен медициналық агенттеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастырды. Екі аптаға созылған іс-шара елорданың медициналық туризмін дамытуға үлес қосады.
Ақпараттық турдың басты мақсаты – медициналық туризмді дамыту арқылы қаланың медициналық ұйымдарын ілгерілету, медициналық қызмет көрсетудің негізгі бағыттарын таныстыру, әртүрлі елдердің медициналық мамандары және агенттерімен серіктестік байланыстар орнату және ынтымақтастықты нығайту. Сондай-ақ тур қатысушыларды қаланың ең үздік медициналық мекемелерімен, негізгі медициналық қызмет көрсету бағыттарымен таныстыруға және қаланың туристік инфрақұрылымын көрсетуге бағытталған.
Жалпы, Астана қаласының медициналық әлеуеті жоғары. Қалада заманауи медициналық технологиялармен жабдықталған көптеген алдыңғы қатарлы медициналық мекеме орналасқан. Олардың қатарында UMC корпоративтік қоры, Ұлттық балаларды оңалту орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, ҚР Президенті Іс басқармасы ауруханасының, Халықаралық UMIT томотерапия онкологиялық орталығының, Green Clinic, Razzak Residence Clinic, Doctor Dent, Callisto Beauty Clinic, Tulip Medicine сияқты ұйымдардың жұмысымен жете танысты. Негізінен, бұл мекемелер онкология, кардиохирургия, нейрохирургия бағытында үздік емдеу шараларын ұсынады. Сондай-ақ экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) және балаларды оңалту бағдарламаларын, емдеу процестерін үнемі жетілдіріп отырады. Сонымен қатар заманауи диагностика және емдеу құралдарымен жабдықталған. Мысалы, UMIT Халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы ең соңғы технологияларды қолданады. Экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламалары үшін қажетті заманауи технологиялар мен жабдықтар бар. Аталған тур барысында шетелдік емделушілерге ұсынылатын қызмет түрлері таныстырылып, жан-жақты мәлімет берілді.
Әзербайжаннан келген қонақтардың бірі, медициналық агенттік директоры Камала Гулиева Астананың медициналық әлеуетін, қызмет көрсету сапасы жоғары бағалады.
– Бізді Астана қаласының әкімдігі мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы арнайы шақырды. Қазақстан шетелден медициналық туристер қабылдауға сақадай сай екеніне көзім жетті. Өзім науқастарды шетелдерде емделуге жіберумен айналысамын. Астанада көптеген емдеу мекемесінің жұмысымен танысқанымда, олардың заманауи талаптарға сай технологиялармен жабдықталғанын көрдім. Әсіресе, онкологиялық орталық жұмысының жоғары деңгейде екенін айтқым келеді және орталыққа шетелдік науқастарды жіберуге әбден болады, – деді ол.
2023 жылғы статистикаға сүйенсек, шетелдік емделушілер арасында Қазақстан медицинасына қызығушылық артқан. Әсіресе, кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология, балаларды оңалту және репродуктология саласы сұранысқа ие. Мысалы, қытайлықтар ЭКО (экстракорпоралдық ұрықтандыру) бағдарламасына жиі жүгінеді екен. Бұл ЭКО-ға сұраныстың әлем бойынша да жоғары екенін және осы қызметті ұсынып отырған отандық медицина саласында қызмет көрсету сапасына сенімділіктің жоғары екенін көрсетеді. Осылайша, Астана медициналық туризмнің танымал орталықтарының біріне айналып келеді. Елорда шетелден келетін емделушілерді қабылдауға және олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға дайын. Бұған медициналық қызметтердің қолжетімділігі де себеп. Сондай-ақ қалада медициналық туризмге бағытталған инфрақұрылым жақсы дамыған, оған қоса туристік және демалыс орындары да бар.