Қазақ қайда да қудалаудан құтылмаған...

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Қазақ қайда да қудалаудан құтылмаған...
museum-alzhir.kz
937

ХХ ҒАСЫР – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА КӨП ҚЫРҒЫН ӘКЕЛГЕН ҒАСЫР болды: 1916 жылдағы Ұлт-азаттық көтерілісінен кейін патша үкіметі әскерге баруға қар­­сы болып бас көтергендердің қарсылығын басып-жаншып жарты мил­лион­дай қазақты қырғынға ұшыратса, одан соң 1918-1920 жылдарда Қа­зақ­стандағы азамат соғысында да өлген қазақтардың саны аз емес (жалпы бұл дүрбелең ағы бар, қызылы бар, қазағы бар – 8 млн-нан аса адамның қа­нын төккен делінеді). Одан кейінгі 1919-1922 жылғы аштықта еліміздегі ха­лықтың саны 1 миллионға азайса, одан соң 1932-1933 жылдағы ашар­шылықта 1,5 мил­лион, кей деректерде 2 миллионнан аса қазақ тағы жер бетінен жойыл­ды. Ал 1937 жылғы сталиндік репрессия кезінде 25 мыңнан аса қазақ зиялысы жа­зықсыз атылып кетті...

Біз бүгінде ашық мәліметтерге қарап, осылай – өлген қазақтардың санын емін-еркін айтып отырмыз, ал түсінгенге бұл сұмдық қасірет қой! Шын мәнінде, жоғарыда атап өтілген нәубеттерде қанша қазақтың көз жұмғаны әлі толық анықталған жоқ, негізінде ашық айтылып жүрген статистикалық мәліметтерден әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Ал біз демографиялық жағынан сол қыр­ғын­дардың әлі зардабын тартып келеміз... Егер Ұлт-азаттық көтерілісінен соң патша үкіметінің жазалаушы отряд­тарының оғына ұшпағанда, азамат соғысының ылаңының кесірі тимегенде, екі рет қолдан жасалған ашаршылыққа ұшы­рама­ғанда, сталиндік репрессияның зардабын тартпағанда біз қандай ел болар едік бүгін?

Алаштанушы ғалым Сұлтан-Хан Аққұлы бұл жайында өткен жылы берген бір сұхбатында: 
– Репрессиядан Кеңес Одағы халық­тары­ның бәрі зардап шекті, бірақ ең қатты азап тартқаны – қазақтар. 1897 жылы біз 4 мил­лион 84 мың болғанбыз, қазір 13 мил­лион 490 мың қазақ бар. Арада 125 жыл өт­кенде  3,3 есе өскенбіз. Ал енді өзбекті алайық, 1897 жылы 726 мың ғана болған өз­бектің саны қазір 29 миллионға жеткен. 17 есе көбейгенін байқауға болады. Қыр­ғыз­дар сол кезде  201 мың болса, қазір 4 мил­лион 896 мыңға жеткен (24,2 есеге өскен). Тү­рікмендер 14,2 есеге, қарақалпақтар 19 есе­ге өскен. Егер қазақтар қуғын-сүргінде қы­рылып қалмай, өзбектер сияқты 17 есе өс­кен болса, бүгінде біз 70 миллион 244 мың бо­лар едік. Ал қырғыздар сияқты 24,2 есе өс­сек, 98 миллион 830 мыңға жетер едік. Ең аз өскен түрікмен коэффициентімен есеп­те­сең де, 58 миллион. Енді осыдан-ақ біздің қаншалықты зардап шеккенімізді көруге болады. Мәселен, Түркия Республикасы құ­рыл­ған кезде 1926 жылы олардың саны 6 мил­лион болды. 1924 жылы қазақтың саны 6,5 миллион болды. Қазір Түркия халқының са­ны 82 миллионнан асып жығылады, – дейді. 


Ғалымның сөзінде жай қисын емес, үлкен шындық бар: бір кезде адамы дәл біздей қырылмаған елдердің бәрі бүгінде тұ­рақты өсіп, демографиясы керемет көте­ріл­ген. Ал кеңестік дәуірде бәрінен көп қы­рыл­ған қазақтың әлі де жан саны өзгелермен салыстырғанда тым аз болмаса да, ойдағыдай емес.
Әрине, ұлт-азаттық көтерілістері жеңіліс тап­қаннан кейін, азамат соғысы кезінде, екі рет соққан аштықта қырғынға ұшыраған хал­­­­қымыз құрып кете жаздады. Оның сти­хиялық жақтары да, арнайы мақсатпен жа­салғаны да барын – ұмыта қоймаспыз, бірақ со­дан әзер есін жыйған қазақты айдың-күн­нің аманында тағы да репрессия оғына бай­лау шектен шыққан зұлымдық болды. Қа­зақтың сүт бетіндегі қаймақтары тәрізді оқы­ғандарын, ұлтын сүйген зиялыларын жа­ла жауып жазықсыз соттау, жер аудару, ату жа­засына кесу – бүтін бір елдің болашағына бал­та шабу еді. 
Әрине, біз қуғын-сүргін құрбандары ту­ралы айтқанда, негізінен Қазақстанда бол­ған жағдайларды тілге тиек етеміз. Шынына кел­генде, біздегі ашаршылық өзге елдердің кө­бінде (әсіресе, көрші елдерде) бола қойған жоқ, бірақ репрессия бұрынғы кеңес өкі­ме­тіне қараған республикалардың бәрінде жүр­ді. Сол репрессияның құрығынан өзге ел­де еңбек етіп көзге көрінген қазақтар да аман қалған жоқ, қудаланды, сотталды, атыл­ды... Сондықтан бүгін біз репрессияға ұшы­­­­раған шетел қазақтары туралы да айт­қалы отырмыз. Өйткені кейінгі кезге дейін ста­линдік репрессияның өзге елде тұрып ең­бек еткен қандастарымызды да шарпы­ға­ны туралы білмей келдік. Бізге мұны өткен жы­лы қырғыз елінің ғалымдары Т.Абдырах­ма­нов, Б.Абдырахманов, Ж.Байдилдеев, С.Асекованың құрастыруымен «Арыс» бас­пасынан жарық көрген «Книга памяти о ли­цах казахской национальности и урожен­цах Казахстана, репрессированных в Кыр­гызстане (1920-1953 гг.) растреленные спис­ки исследования» және осы баспадан шық­қан ақын С.Рахметұлының «Хужирты құр­бан­­дары» (Моңғолия қазақтары бастан кеш­кен сталиндік қуғын-сүргін) атты кіта­бы­нан бі­ліп отырмыз. (Айта кету керек, бұлар­дан бұ­рын қырғыз елінің ғалымы, заң ғы­лым­да­рының докторы, профессор Зайни­дин Кур­мановтың «Кыргызский отделение  пар­тии «Алаш» деген кітабы шыққан).  Енде­ше, осы кі­таптар ұсынып отырған қасіретті де­рек­­терді алға тарта отырып, біз қырғыз және моң­ғол елінде репрессия зардабын тарт­қан қан­дастарымыз жайында баяндай­мыз.

ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚАНДАСТАР НЕ СЕБЕПТІ РЕПРЕССИЯҒА ҰШЫРАҒАН


десек, олардың арасында Қазақстанда ту­ғандар көп екен. Оның бірінші себебі – реп­рес­сия жалпы бұрынғы КСРО бойынша жүр­­се, екінші себебі – қырғыз елінің саяси-ру­хани өміріне қазақ еліндегі Алаш қоз­ғалысының әсері болған. Мұның себебін про­фессор Ғарифолла Әнеске айқызсақ, «бұ­рын Торғай Алашордасы, Семей Ала­ш­ор­дасы, Батыс Алашордасы айтылып келді ғой, ал осы Алаш қозғалысы да Жетісуда қанат жай­ғанымен, айтылмай келген екен. Қарап отыр­сақ, көтерілістің, босқыншылықтың көп болған жері, алаш әскерінің барлық әс­кери қимылдары болған жер осы Жетісу екен! Сол тұстағы Алматы округі деген әкім­шілік аймағына анау Семей жақтағы Аягөз­ден Қырғыз Республикасының Бішкек, Қара­көл облыстарына дейін кірген». Демек, Қыр­ғыз Республикасында жүргізген репрес­сияның саяси мәні өзгешелеу деген сөз. Біріншіден, мұнда алаштық идеяның әсері бол­ған, екіншіден ол елге барып жұмыс істе­ген, оның ішінде жауапты лауазымдарда іс­те­ген қазақтар аз болмаған. Ендеше, Кеңес үкі­меті оған қалай ерекше мән бермейді?!.
1991 жылы тәуелсіздік алған соң, Қыр­ғыз Республикасы билігі де тарихқа қайта қа­рап, кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың ке­сірінен жазықсыз жазаланған өз аза­мат­тарын саяси тұрғыдан ақтау шараларын бастады. Сөйтіп, 1994 жылдың 27 мамырында «Сая­си және діни сенімдері үшін, әлеуметтік жә­не өзге де негіздер бойынша қуғын-сүр­гін­ге ұшыраған, ақталған азаматтардың құ­қық­тары мен кепілдіктері туралы» Қырғыз Рес­публикасының заңы қабылданды. Бұл заң кеңестік дәуірде саяси репрессияға ұшы­ра­ғандардың азаматтық құқықтарын қайта қал­пына келтіруге, оларды моральдық тұр­ғы­дан қолдауға үлкен әсер етті. Осы заң жа­рияланған соң репрессияға ұшыраған­дар­ды ақтау үшін құрылған комиссиялар көп жұ­мыс істеді. Олар ішкі істер органы, про­кура­тура, қауіпсіздік комитеті мекемелерімен бі­рігіп, архивтерді ақтарып, жазықсыз жа­за­ланған азаматтарға қатысты деректерді тауып, 1937-39 жылдарда НКВД түрмелерінде азап­тау кезінде болған «өліміне байланысты» тер­геуі тоқтатылған адамдардың барлық іс­терін прокуратураға жіберілді. Соның не­гізінде бұрынғы сотталушыларды қылмысы дә­лелденбегеніне байланысты ақтады. Сөй­тіп, қырғыз елінде репрессияға ұшырағандар тура­лы мәліметтер жинақталған он том кі­тап жарық көрді. Ал өткен жылы жарық көр­ген монографияда (жоғарыда біз атын атап өткен, «Арыс» баспасынан шыққан кітап) 1920-1953 жылдарда Қырғыз Респуб­ли­касында саяси репрессия кезінде жа­зық­сыз жазаланғандар – қазақтар (Қазақстанда жә­не өзге елдерде дүниеге келген) мен Қа­зақ­станда туған өзге ұлт өкілдері туралы 540 адам­ның мәліметі берілген. Олардың ара­сын­да бас бостандығынан айрылғандар да, ату жазасына кесілгендер де бар, арасында әйел­дер де кездеседі. Бұлардың бәрін де қыр­ғыз мемлекеті саяси тұрғыдан ақтаған.
Енді қырғыз елінде жоғары лауазымды қыз­меттер атқарып, репрессияға ұшы­раған қазақтар арасындағы белгілі тұл­ғалар жайында қысқаша мәлімет бере ке­тейік:
Жоламанов Искандер Джанузакович, 1901 жылы Сырдария облысының Амудария бө­ліміндегі Төрткүл қаласында дүниеге кел­ген. 1927-1928 жылдары Қырғыз АКСР-і бі­­­рін­­ші Ішкі істер халкомы, 1928-1934 жыл­дары қырғыз елі юстиция халкомы болған. Екі рет (1939, 1950 жж) сотталып, кейін ақ­­­талған. 
Таукин Мусабек Ибраевич, 1902 жылы Қос­танай облысында туған. 1933-1934 жыл­дарда Жұмысшы-крестьяндари испекция­сы­ның халкомы, Қырғыз республикалық ба­қы­лау комиссиясының төрағасы, Қырғыз АКСР-ы орталық комитеті партиялық ба­қы­лау комитетінің мүшесі болған. 1938 жылы ату жазасына кесілген, бірақ үкім оры­н­да­ла­тын күнге жетпей өкпе ауруынан қайтыс бо­лып кеткен. 1994 жылдың 9 ақпанында ақ­талған.
Сегизбаев Санжар Бактыбаевич, 1906 жы­лы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1937 жылдың ақпан-желтоқсан айлары ара­лығында Қырғыз ССР-ы Жоғарғы сотының ең алғашқы төрағасы болған. 1937 жылы «ха­лық жауы» ретінде қамалған, екі жылдан соң ақталып, Қазақстанға оралып біраз жыл лауызымды қызметтер атқарған.
Таттыбеков Саймасай Алимович, 1903 жы­лы Алматы облысында туған. 1935-1936 жыл­дары Қырғыз АКСР-ы оқу-ағарту хал­комының бірінші орынбасары болған. 1936 жы­лы ұсталып, троцкийшіл ретінде сот­та­лып 1939 жылы қамаудан босатылған. Одан соң қырғыз елінде білім саласында еңбек етіп, 1960 жылы Қазақстанға оралып, КазПИ, Нархоз секілді ЖОО-ларда қызмет істеді. 1973 жылы дүние салды.
Аманжолов Садык Аюкеевич, 1889 жылы Же­тісу облысында дүниеге келген. Алаш Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қай­рат­кері. 1931-1935 жылдары Қырғыз АКСР-ы ор­талық сайлау комитеті аппаратында юрис­консул болған. Ол жерден қудаланған соң Ташкентке кетіп, 1941 жылы сонда дү­ние салған...
Аталған кітапта бұдан басқа да қазақтар көп, олардың арасында оқу-ағарту сала­сын­да, әскери салада лауазымды қызмет ат­қар­ған­дар жетіп артылады. Тек, біз солардың ара­сынан танымал кісілерді ғана атап өттік.
Көріп отырмыз, Кеңес үкіметі құрыл­ған­нан кейін 1926 жылы өз алдына дербес рес­публикаға айналған қырғыз елінің басшы ор­гандарында қызмет атқарған бірталай қа­зақ болған. Ол кезде Орталық Азия ха­лық­тары арасында қазақтардан шыққан жоғары білімді адамдар көп еді, сондықтан сол тұста өзбек, қырғыз, қарақалпақ елдерінде басшылық қызметтердің біразында қазақтар отырды. Міне, осы тенденцияны Ресейдегі ор­талық басшылық жақтырмаған болуы ке­рек, қай республикада болсын, лауазымды қыз­мет атқарған қазақтардың репрессияға ілін­бей қалғаны жоқ. Өйткені Орталық Азия­дағы түркілерді тәуелсіздікке тал­пын­тып, алғашқы Түркістан автономиясын құр­ған Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Ты­ныш­баев; Түркістан АКСР-ын басқарған Тұ­рар Рысқұлов, Хорезм Халық Кеңес Рес­пуб­ликасының Халық Нәзірлер (Ко­мис­сарлар) Кеңесінің төрағасы болған Мең­діқожа Ибнаминов, осы республиканың жас­тар одағының басшыларының бірі бол­ған Календер Адинаев – бәрінің ұлты қазақ еді. Патшалық Ресей кезінен бері Орталық Азия халықтары мешеу, артта қалған деуге дайын тұратын большевик орыс шови­нис­теріне бұл қалай ұнай қой­сын? Бұлардың бар­лығы да кейін қудаланды, репрессияға ұшы­рады, ату жазасына кесілді. Демек, қ­а­зақтарға деген бұл көзқарас сол тұста іштей дұш­пандық арам ниетті оятса, кейін реп­рессия кезінде қатты асқынды. Сөй­тіп, қазақ оқы­ғандары барлық жерде қудаланып, олар­дың көзін жою жұмысы жүрді, соның ішінде қыр­ғыз елінде де.
Ал енді 30-жылдарда КСРО-дан тысқары, бо­льшевиктердің ықпалы жүрген елдерде қа­зақтарға тыныштық болмады. Соның бір мы­салы. 

МОҢҒОЛИЯДА ДА ҚАЗАҚТАРҒА ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯ ЖҮРГЕН


«Қайда барса, Қорқыттың көрі» демекші, Кеңес үкіметі КСРО-дан сырттағы, өздерінің ық­палы жүретін елдерде де қазақтарды қу­далауын тоқтатпады, оның зардабын Моң­ғо­лия қазақтары да тартты.
Моңғол еліндегі 30-жылдар ойраны жайын­да сол елде туған қазақтың белгілі ақыны Сұраған Рахметұлының өткен жылы «Ху­жирты құрбандары» (Моңғолия қа­зақтары бастан кешкен сталиндік қуғын-сүр­гін) атты кітабы шыққан болатын. Сол кі­тапта ХХ ғасырда моңғол еліндегі қа­зақ­тардың түрлі қаныпезерлердің кесірінен қыр­ғын тапқаны жазылған, сондай-ақ 30-жылдары бұл секілді қырғынды Кеңес үкі­метінің ығында жүрген моңғол елінің бас­шылығы да жасағанынан көп деректер келтірген. 
Кітаптағы «Қылаңның лаңы» деген бө­лімде қазақтар Жа Лама атап кеткен Дам­бий­жанцан (1860 жылы Ресейдің Астрахан об­лысында дүниеге келген, 1923 жылы өлген, шын аты Амур Санаев, өзін жоңғардың соң­ғы ханы Амурсананың ұрпағы санаған, моң­ғолдардың қытайға қарсы көтерілісін бас­таған адам делінеді) деген адамның қа­зақтарға жасаған жауыздығы және сонымен жа­қын болып өз қандастарына көп қиянат жасаған Қылаң Қанжығалыұлы (1874-1920) деген адамның опасыздығы айтылған. Кітап­та бұл туралы былай жазылған: «...Осы Жа Ла­ма айдаған 1912-1914 жылдардағы алма­ғайып кезде Дамбийжанцанның шабарманы болған Қылаңның айтқанына көне қой­ма­ғандар түгелдей айдалып, бірсыпырасы қыр­­ғынға ұшыраған...
...Қазіргі Баян-Өлгий, Баяннуурға таяу Мүн­жит, Шарцэхийн хийд пұтханасына 
руы – бақат Төленбайұлы Смайылды (Қал­мақ, 1870-1938), шыбарайғыр – Тұрап Кітап­бай­ұлы (1888-1949), Мұратбай Шіңкеұлы (1886 ж.т.), ботағара – Арсалаң Белдемшеұлы (1857-1922) т.б. мұсылмандарды Қылаңның қалауымен Жа Ламаның тікелей нұсқауымен басына темір ноқта салып, күштеп пұтқа та­бындырады.
Ел-жұртты жаппай үрей биледі. Бейуаз елде рух, ес, ақыл, істерге шара қал­ма­ды. Жа Лама сөзіне көнбегендерді азаптап, өлтіре бастады...
Жалпысы, сол кездегі Моңғолдағы үш мың­ға жетер-жетпес қазақ түтіндерінің 11-12 мың шамалы жан санының бір мыңға жуы­ғы  қарғыс атқан Жа Ламаның қыр­ғы­нына ұшырады...».
Бұл – кеңестік репрессиядан бұрынғы қыр­ғын. Жат елде қорғансыз қалған қазақ­тар­дың мұншама қорлық көргеніне жан шо­шиды. 
Өткен ғасырдың 30-жылдарында түрлі қиын­шылыққа ұшыраған қазақ ауылдары моң­ғолдан қытайға, қытайдан моңғолға әрі-бері көшумен болған. Бұл екі елге де ұна­май­ды, сөйтіп моңғол үкіметі шекарадағы қа­зақтарды ішкеріге зорлап көшіреді. «Ху­жир­ты қырғынында» бұл жайында былай деп жазылған: «1934 жылы Алтай қазақ­тарынан 1000-ға жуық түтін Шен-Ши-Цай үкіметі жүргізген қатаң саясаттан Моңғол ше­карасына тақап қоңсы келгені тағы да  мә­селе туындатты. Бұлар Үшсеңгір, Хужирт маңы­на келген Қабанұлы Керімбай тобы бо­латын.
Осыған орай Моңғолия Ішкі істер ор­ны бастығының 197 санды құпия бұй­рығы қабылданып, моңғол жеріне қо­ныс­танушы ауылдарды, соның ішінде жәдік – Дөңтай Қожамбетұлы, базарқұл – Абдан зәңгі Омбыжанұлы бастаған 200 түтінді Завхан жеріне қарай күштеп көшіріп жіберді. Моң­ғолды пана тұтқан 600 үйлі жанның ақ ние­тін ұқпағаны ма, әлде мал мен жанын ол­жа көрді ме, үкімет жұттан жаңа бас кө­терген елді 1934 жылы көктем шыға ішкеріге ай­дады...».
Бұдан өзге шекара маңындағы елдерге моң­ғол әскері шабуыл жасап, қырғынға ұшы­ратқаны туралы деректер келтірілген кі­тапта: «1934 жылы 9-айдың 14-20-сы күні Д.Намсрай басқаратын арнайы отряд қазақ ауылдарына шабуылға жіберілді. Моңғолия Әуе күштерінің екі ұшағы – Шіңгіл бойын­дағы ақөзен жағалауындағы ауылдарды бом­балады. Бұл күні қазақтар өте көп шы­ғын­далды, өлгендер саны 200-300-ге жетті, қазақтардан 1 000 ірі қара, 10 000 ұсақ мал ол­жаланды деп жазылды.
9-айдың  17-сі күні 50 сарбазбен арнайы от­ряд құрылып, 9-айдың 21-22-сі күндері «Әуе барлауы – Воздушная разведка» жасал­ды, асудың екі жағындағы қазақтарды қыр­ғынға ұшыратты. «Қазақ тонаушыларын» жоюға 12 соғыс ұшағы жұмылдырылды...
Шыңжаң, Алтай бетіндегілер осы оқи­ғаны – «Жалғыз айырплан» дастанында да ке­ремет көрсетеді. Бұл қырғын туралы жазу­шы Сұлтан Тәукейұлы «Арман тау» роман-ше­жіресінде «1934 жылдың күзінде ежелгі ме­кені Алтайға көш басын түзеген шақабай Ма­ғасыл, Мұрынжықұлы Байқадамның ауы­лын өкшелей қуып, аэропланмен оқты жаң­бырдай боратты. Жазықсыз елдің қаны су­дай аққан...» деп дәлелдейді».
Бұл әлі 1937 жылдың репрессиясы бас­талмай тұрғандағы жағдай. Ал репрессия ке­­­зінде Моңғолияда қазақтар қалай жа­за­лан­ған. Бұл жайында «Хужирты құрбандары» кі­табында мынадай деректер келтіріледі: «Моң­ғолияда мекен етуші 23 229-дан астам қа­зақтардан 5 300-і ұсталып, 4 800-і атылды деген дерек табылып отыр.
Қуғын көрген қазақтың сандеректері де са­­лыстырмалы емес. Тарихшы Баабар: қа­зақ­тар­дың 4 300 отбасы, 21 000 қазақтың 
2 000-нан астамы маршал Х.Чойбалсанның жарлығымен атылды деп келтіреді. Ал тарихшы Зардыхан Қинаятұлы 3 270 қазақ жазаланды деп жазады. Қайткенмен де, ең аяу­сыз қудалауды буряттар мен қазақтар көрді».
Бұдан басқа кітапта 30-жылдарда Моң­ғолия қазақтарынан репрессияға ұшыраған жүз­деген қазақтың тізімі беріліп, олар ту­ра­лы барынша толық мәліметтер келтірген.
Жалпы, біз Сұраған Рахметұлының «Ху­жирты қырғыны» атты кітабынан ХХ ға­сыр­да еліміздегі сияқты Моңғолиядағы қа­зақтар­дың да қандай геноцидке ұшырағанын біле аламыз. Қараңыз, Қазақстанда, Қырғыз Республикасында, Ресейде, Моңғолияда бір мезгілде  қазақтар қырғынға ұшырап жатыр. Бұл жай сәйкестік пе, әлде жоспарлы түрде жа­салған жұмыс па? Тегінде, ХХ ғасырда КСРО кезінде қазақтарға аштыққа, репрес­сияға ұшыратуды геноцид емес, этноцид (бір халықты әдейі қырғынға ұшырату) деп атауымыз керек деп жүрген ғалымдары­мыз­дың сөзінде жан бар ма деп қаласың. Әйт­пе­се, мұндай қан-қасаптар кездейсоқ бол­майды ғой...
Қазақта «Жапалақты таспен ұрсаң да жа­палақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жа­палақ өледі» деген тәмсіл бар. Осы тәмсіл 1937-1938 жылдардағы сталиндік реп­рес­сия­ның шындығын еске түсіреді: яғни, сен Кеңес үкіметіне қарсы болсаң да жаусың, оны қолдасаң да сенімсіз элементсің. Сөйтіп, большевиктерге қарсы болған ауқатты қа­зақ­тар мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылса, Кеңес үкіметін қуана қарсы алған кедей­лер­дің де қуанышы көпке созылмады: тегі ке­дейден шыққан талай комсомол, партия қызметкері болған қазақтардың талайы реп­рессияның жазалау машинасының өңе­шіне түсіп кетті. Бұл дәуірде

БЕСҚАЛА ҚАЗАҚТАРЫ ДА ЖАЗАДАН ҚҰР ҚАЛМАДЫ


Оны біз кейінгі кезде жарияланып жат­қан материалдардан көреміз. Бұл орайда та­рихшы ғалым, профессор Шәріп Бабашев­тың 2007 жылы Нөкіс қаласындағы «Қара­қал­пақстан» баспасынан шыққан «Жазықсыз жа­заланған репрессия құрбандары» атты кіта­бы көп мәлімет береді.
Қарақалпақстан бір кездерде Бесқала атан­ған. Мұнда Орталық Азияның тұр­ғылықты халқы – қазақ, қарақалпақ, өзбек, түр­кімен ұлтының өкілдері ежелден бірге ғұмыр кешіп келе жатыр. 
1924 жылғы 17 қазанда Кеңестердің Қ­азақ Орталық Атқару Комитетінің Кіші Тө­ралқалығы шешімімен Қазақ АКСР-ы құ­рамында Қарақалпақ Автономиялық облысы құрыл­ды. Сөйтіп, бұрын Түркістан АКСР-ы мен Хорезм Кеңестік Халық Республикасына қарап, аймақтық жақтан екіге бөлініп – екі басқару органына бағынышты болған қара­қалпақ елі тұңғыш рет біртұтас өлкеге ай­на­лып Қарақалпақ автономиялы облысы бол­ды. Алайда билік басына төңкеріспен кел­ген қызылдар үкіметі бұл өлкені де жа­рылқап, қарық қылмады. Өзге жердегідей күш­теп ұжымдастыру, байлардың мал-дү­ниесін кәмпескелеу, ауыр салықтар салу, дін­ге қарсы әрекеттер халықты рухани тұр­ғыдан әбден шаршатты. Сондықтан 1929 жы­лы 27 қыркүйекте, күндізгі сағат 1-дің ке­зінде Қарақалпақстанның солтүстік-шы­ғы­сында орналасқан аудан орталығы Тақ­та­көпірде жергілікті халық үкіметке қарсы көтеріліс жасап, мемлекеттік кеңселерге ба­сып кіріп құжаттарды өртеді, ком­му­нар­лармен атысып, 8 адамды атып өлтірді. Бұл кеңестік дәуірде мемлекетке қарсы ең ал­ғашқы қарулы көтеріліс ретінде тарихта қал­ды. 
Бұл қарулы көтерілістің соңы оның қа­тысушыларын қатаң жазалаумен аяқ­талды. «1929 жылдың 8 желтоқсанына дейін ПП ОГПУ-дің Ерекше үштігі біраз іс­тер­ді қарап, көтеріліске қатысқан 32 адамды ату жазасына кесті. Үкім жедел орындалды. 1930 жылдың 1 маусымына дейін 27 адам әртүрлі мерзімге концлагерьге айдалды, тағы 25 адам 3 жылға жер аударылды».(Т.Омар­бе­ков. Қарақалпақстандағы көтеріліс. «Жұл­дыз», 1993, №4). Міне, осы көтерілістен соң Қа­рақалпақ автономиялы облысына шега­ра­лас жерлерде Кеңес үкіметіне қарсылық қоз­ғалысының кеңейе түсуі және ҚазАКСР-ы құрамындағы Қарақалпақияның жағра­пия­лық жақтан тым шалғайда болуы сол кезде қа­зақ елін билеп тұрған Ф.Голощекинге ұна­май, бұл аймақтан құтылуға асықты. Со­лайша, 1930 жылдың 20 шілдесінде Қара­қал­пақ автономиялық облысының бұрынғы ау­мағын сақтай отырып, Қазақ АКСР-і құра­мынан шығарылып, ол РСФСР Орталық ор­ганының тікелей қарамағына беріледі. Міне, аталған көтерілістен соң Қарақалпақ авто­но­миялық облысының большевиктер та­ра­пынан ерекше бақылауда болғаны анық. Сон­дықтан 1937-1938 жылғы репрессия ке­зінде де қарақалпақ елінен жазықсыз сот­талғандар, кінәсіз атылғандар аз болмады, оның ішінде, әрине, қызыл үкіметтің ерекше на­зарындағы қазақтар болды және аз бол­мағаны анық.
Жоғарыда біз атап кеткен Шәріп Ба­ба­шев­тың кітабында Қарақалпақстанда реп­рес­сияға ұшырағандардың тізімі және жа­зықсыз жазаланғандар туралы мәліметтер бе­рілген. Тек, көбінің ұлты жазылмаған. Де­ген­мен тізімнен біз өзіміз білетін бірнеше бе­лгілі қазақтың аты-жөнін кездестірдік. Мы­салы, Хорезм Халық Кеңес Респуб­ли­ка­сын­да лауазымды қызмет атқарған, 1921-1922 жылдары Амудария обкомының жауапты хатшысы, 1923-1924 жылы Қа­ра­қалпақстан обкомының ұйымдастырушысы болған Календер Адинаев (1938 жылы 18 қарашада «халық жауы» ретінде атылған), Хорезм Халық Кеңес Республикасының Халық Нәзірлер (Комиссарлар) Кеңесінің тө­рағасы болған Меңдіқожа Ибнаминов (1938 жылы 13 қазанда Ташкент қаласында атыл­ған), ҚҚАССР Білім беру халкомының Орта мектептер бойынша бөлім бастығы бол­ған Біләл Сүлеев (1938 жылы 13 қазанда Таш­кент қаласында атылған), Қоңырат ауда­нында «Қызылжар» орта мектебінде мұғалім бол­ған ақын Зұлпықар Ершеев (1938 жылы 7 ақпанда ату жазасына кесілген), Шымбай суару жүйесінің бас инженері, кейін Қара­қалпақстан су шаруашылығы министрі бол­ған Жүсіп Мереев (1939 жылы 20 жылға сот­­талған, 1940 жылы ҚҚАССР бас про­ку­ро­ры­­на қайта тергеуге жіберіліп, кейін ақ­тал­ған) секілді өзіміз білетін қазақтарды реп­рес­сияға ұшырағандардың тізімінен көріп оты­­рып бұл елде де қазақтардың талайы қу­да­лау құрбандарына айналғанына көзіміз жетеді. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне кел­сек, Қазақстаннан тысқары жер­лер­де туып-өсіп, еңбек ете жүріп 30-жыл­дар­да репрессияға ұшыраған қазақтарды да анық­тасақ, сонда жалпы қанша қазақ ба­ла­сының зұлмат заманның құрбанына ай­нал­ғанын білер едік. Өйткені бар қазақ­тың қа­сіреті ортақ.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары