Қарағандыда автобуста жол жүру ақысы қымбаттады

3 маусымнан бастап төлем жүйесі арқылы қолмақол ақшасыз 100 теңге, ал қолмақол ақшамен 200 теңге төлейтін болады.

Қарағандыда автобуста жол жүру ақысы қымбаттады
Автобус. Фото: pixabay
752

3 маусымнан бастап Қарағанды мен серіктес қалаларға қатынайтын қоғамдық көліктердегі жолақы құны қымбаттады, деп хабарлады turkystan.kz сайты BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Енді қарағандылықтар мен қала қонақтары автобустарда ONAY! электронды төлем жүйесі арқылы қолмақол ақшасыз 100 теңге, ал қолмақол ақшамен 200 теңге төлейтін болады. Бұған дейін тариф қолмақол ақшасыз 80 теңге, ал қолмақол ақшамен 160 теңге болған.

Жаңа тарифті мамыр айынан бастап қолданысқа енгізу қарастырылғанымен, кейінірек бұл шешім 1 айға шегерілді.

Қоғамдық көліктегі тариф 1 маусымнан бастап қолмақол ақшасыз 100 теңге және қолмақол ақшамен 200 теңге болатындығы жайлы хабарланған болатын. ONAY! электронды төлем жүйесіндегі техникалық баптаулардың жүргізілуіне байланысты тарифті көтеру 3 маусым дүйсенбіге ауыстырылған болатын. Бүгінгі күннен бастап қала ішілік және қала маңы автобустарындағы тариф өсті, - деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.

Еске салсақ, наурыз айында мәслихаттың кезекті сесиясында жолақыны көтеру жайлы шешім қабылданған болатын. 

Серіктес жаңалықтары