«Керемет контент ұсынар едім»: Белгілі журналист балалар телеарнасына қатысты мәселе көтерді

Тележүргізуші Данияр Есен өзін балалар тәрбиесіне көңіл бөліп жүрген аз әкенің бірімін деп санайды

«Керемет контент ұсынар едім»: Белгілі журналист балалар телеарнасына қатысты мәселе көтерді
Сурет "Хабар" телеарнасының сайтынан алынды
589

Данияр Есен «Balapan» телеарнасын басқаруға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ ол бұрынғы басшылардың бәрі тек әйелдер болғанына назар аударды, деп жазды turkystan.kz.

«Balapan» арнасын осы уақытқа дейін тек хатун-қызлар басқарыпты: Жанар Шәмел, Ләйла Сұлтанқызы, Мақпал Жұмабай, Қымбат Досжан, Индира Тұрсынбай. Әрине, әрқайсысының өз орны бар. Бірақ, неге еліміздегі жалғыз балалар арнасын тек әйелдер басқарған? Сонда ер азаматтардың бала тәрбиесіне қатысы жоқ па? Онсыз да білім саласында - әйелдер, бала жүрген жердің бәрінде - әйел. Бала тәрбиесіне жауапты болып, отбасын сүттей ұйытып отырған қаншама әке бар», - деп жазды ол.

Сонымен қатар жазба авторы өзін балалар мен жасөспірімдер тақырыбында жеті жылдан бері қалам тербеп жүргенін хабарлады.  

«Бұл туралы инстаграмдағы оқырмандарым жақсы біледі. Тіпті, біреулер маған “Қазақтың Шалва Аманашвилиі” деп ат қойып алыпты. Мақтанғаным емес, бала тәрбиесіне атсалысып жүрген аз ғана Әкенің бірімін. “Әкелер Одағы” төрағасының орынбасары болдым. Баланың тілін мен сияқты түсінетін әке аз. “Балапан” телеарнасын басқаруға менің қабілетім де, білімім де жетеді. “Қазақстан” телерадиокорпорациясына бөтен емеспін. 20 жылым осы корпорацияда өтті. Осы уақытқа дейін басшылық қызметтерге менің кандидатурам қаралғанда, “Даниярдың мінезі жұмсақ” - деп айтады екен. Мәселе жұмсақтықта емес, біліктілікте деп білемін. Оның үстіне, агрессия қаптаған біздің қоғамда жетіспей тұрғаны - сол гуманизм мен кәсібилік емес пе? Идея көп. Нағыз тау қопаратын жастамын. Керемет контент ұсынар едім», - деді Данияр Есен.

Серіктес жаңалықтары