Табиғат – ортақ үйіміз: Елімізде «Таза бейсенбі» экоакциясы басталды

«Таза бейсенбі» – бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес.

Табиғат – ортақ үйіміз: Елімізде «Таза бейсенбі» экоакциясы басталды
573

«AMANAT» партиясы осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастады. Апта сайын ұйымдастырылатын бұл акция осы бейсенбіде еліміздің көп аймағында ұйымдастырылды.


                                                                     Жетісу облысынан 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды

Тазалық сақтауға үндейтін бұл экоакцияға Жетісу облысының 4 000 мыңнан астам белсенділері мен еріктілер атсалысты. Осы бейсенбіде мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, спортшылар және түрлі мекеме өкілдері Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты.

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағыталған шара бүгінгі күні халықтың ыстық ықыласын, белсенділігін туғызды. Заңсыз қоқыс орындарына айналған бұл аумақтарды тазартып қана қоймай, біз осы акция арқылы жастарға үлкен тәрбие беріп жатырмыз. Сондай-ақ, біз алдын ала ластанған аумақтардың картасын әзірлеп шықтық. Соның негізінде аталған шара барлық ауданда да өтіп жатыр. Әр саланың қызметкерлерінен бөлек, жалпыұлттық акция басталғалы қолдау білдіріп жатқан тұрғындарға да алғыс білдіреміз», – деді өңірлік партия филиалының төрағасы Арыстанғали Қадырұлы Арын.

Жетісу облысы бойынша арнайы карта әзірленіп, қоқыс үйілген 113 учаске бар екені анықталды. Акция асында 66 арнайы техниканың жұмылдырылуымен 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

                                                                                                 «Экологиялық қоғам құруымыз қажет»

Бұл акциядан Алматы облысының белсенділері де шет қалмады. Мысалы, осы бейсенбіде акция аясында Іле ауданына қарасты Байсерке ауылының 200-ге жуық азаматы таңертеңнен түске дейін көше бойын тазартып, 40 тоннадан астам қоқыс шығарды.

«Бүгін ауқымды шара өтіп жатыр. Аманаттықтардың ұйытқы болуымен басталған бұл акцияны «Таза Қазақстан» жобасының жалғасы деп білемін. Алдағы уақытта да тәртіп пен тазалықты сақтауға бағытталған бұл істі жалғастыруымыз қажет», – дейді Байсерке ауылдық округінің ақсақалдар алқасысының мүшесі Хамит Абдин.

Ал облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғожаевтың айтуынша, еліміздің тазалығы мен әсем табиғатына қамқорлық жасайтын экологиялық қоғам құруымыз қажет.

«AMANAT» жетекші партия ретінде тазалық мәдениетін қалыптастыратын «Таза бейсенбі» жобасын қолға алып отыр. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізілмек. Мәселен, бүгінгі шараға облыс бойынша 3 мыңнан аса тұрғын акцияға қатысуда. Біз қоғамдағы вандализмнің көріністеріне төзбейтін заң мен тәртіптің үстемдігі қағидатына сәйкес келетін саналы қоғам құруымыз керек», – дейді Қуат Байғожаев.

Айта кетерлігі, партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін барлық аудан орталықтарындағы және Қонаев қаласында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою міндеті тұр.  Онымен қоса, өңірде полигон және кешенді қоқыс тиеу мен сұрыптау төрт алаңы салынбақ. Сондай-ақ барлық ауылда қоқысты бөлек сұрыптауға және құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған кемінде 1 мың контейнер орнатылады.

                                                                             Белсенділер бір мезгілде 7 учаскені тазалады

Тазалықты сақтауға үндейтін экологиялық акцияға алматылықтар белсенді араласты. Онда бір мезгілде 300-ден астам белсенділер мен партияластар жалпы ауданы 1 гектарды қамтитын 7 учаскені тазалады.

Алатау ауданында – Мөңке би көшесінің бойында;

Орталық ауданда – Тілендиев, Лихачев көшелерінің бойында;

Бостандық ауданында – Алма-Арасан көшесінің бойында;

Жетісу ауданында – Қазыбаев көшесіндегі Құрғақ алқапта;

Медеу ауданында  –  Думан ықшам ауданындағы Қарқаралы көшесі бойында;

Наурызбай ауданында – Қилыбай Медеубеков көшесінің бойында;

Түрксіб ауданында – Баума тоғайы аумағында тазалық жұмысстары жүргізілді.

 

Серіктес жаңалықтары