Тағдыр талқысына мойымаған ғалым Балаубаев

«Салкен Балаубаев қазақ даласына алғаш пси­хология ғылымын қазақ тілінде сөй­лет­кен ғұлама ғалым, ұстаз» – деп еске алады көз­көрген қарт ұстаздар:

Тағдыр талқысына мойымаған ғалым Балаубаев
1185

Қызыл империяның қырғыны кеңестік елдердің барлығын қамтыды. Қазақстанда 118 мың адам сотталған. Олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Бұл кезеңді бүгінде «Ұлы зұлмат-зобалаң жылдары» деп атаймыз. Ста­лин­дік қуғын-сүргін құрбандарының тау­қыметті тағдыр­лары ешқашан ұмы­тыл­май­ды. Яғни, Әлихан Бөкейхан бастаған топ­тың қазақ халқының өз мүддесін, еркін­ді­гін аң­са­ған талаптары, халыққа ірткі са­лып, кеңестік прин­цип­ке қарсы шығу деп айып­талды. Ал оны жақтаушылар Бейімбет Май­лин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ах­мет Байтұрсынұлы сынды арыстарымыз жастай солардың құрбаны болғанын бүгін та­рих дәлелдеп отыр. Бұл мақала осы жоға­ры­да аталған халқымыздың зиялы қауым қа­тарындағы Сәкен, Ахметтердің саяси-мә­дени идеяларын қолдап, қазақ тілі мен мә­дениетін көтеруге, ел тәуелсіздігі үшін кү­­рескен және жастар арасында насихат­та­ған­дардың бірі Салкен Балаубаев жайлы.  

«Салкен Балаубаев қазақ даласына алғаш пси­хология ғылымын қазақ тілінде сөй­лет­кен ғұлама ғалым, ұстаз» – деп еске алады көз­көрген қарт ұстаздар: Мұса Тайтөлеуұлы, Қайролла Әбеуұлы, Қадыр Матен және әріп­тесі психолог,  ғалым, зейнеткер Жолмұхан Тү­рікпенұлы. Көзкөргендердің, яғни ға­лым­нан дәріс алған шәкірттері мен ғалымның қа­тарластарының айтуынша, Салкен Балау­бай­ұлы – тек Орталық Қазақстан үшін емес, бү­кіл қазақ елінің рухани-ағартушылық жағ­­­­дайын дәріптеп, насихаттаушы. 
Ғалымның ғылыми қабілеттілігі, шы­ғар­ма­­шылығы, білім беруге құштарлығы өмір жо­лы мен естеліктерінен байқалады. 
Ол Қарағанды облысының және оның кей­бір аймақтарының, атап айт­қан­да Бай­дау­лет (Бұқар жырау өңірі), Еркіншілік ау­да­­­нының орталығы (қазір – Ақмола об­лы­сы­ның Ерейментау ауданы), Асан Қайғы ау­­даны (қазіргі – Жаңаарқа ауданы) құры­луы­на бастамашы болған. (Бұл деректер Жаңаарқа аудандық сотының сайтында көр­сетілген). Ол кезде ғалым небәрі 23 жаста бо­латын. 
«Совет үкіметі мені, «Алашорда» көсемі Ах­мет Байтұрсынұлы мен «халық жаулары» Сә­кен, Мағжан, Ілияс, Бейімбеттердің еңбек­те­рін насихаттады деген айыппен соттады. Оны­сы рас еді, қазақ әдебиетін оларсыз елес­­­тету мүмкін емес қой», – дейтін Сәлкен аға өз естелігінде.     
Салкен (Мұхамет-Салих) Балаубайұлы Ба­лаубаев 1900 жылдың 28 сәуірінде, (Ақ­мола қаласы маңындағы Май-Балық көлі, Бай­дәулет ауылының Жайылма өңірінде) қа­зіргі Жаңаарқа ауданы, «Дружба» деп ата­лып келген ауылда көшпелі, қарапайым қа­зақ отбасында тоғыз баланың бірі болып дү­ниеге келеді. Кішкене кезінен бала Сәлкен ең­бекқорлығымен, елгезек, зеректігімен ерек­шеленген. Ол 1974 жылы 74 жасында қай­тыс болды. Нілдіден Волостников деген мұ­ға­­лімнен 7 кластық білім алған. Араб, пар­сы, шағатай, неміс, өзбек, орыс тілдерін же­тік білген.
Салкен 16 жасқа толғанда, оған клуб меңгерушісі қызметін сеніп тап­сы­рып, «Спасскі мыс балқыту» зауытының жұ­мысшыларын тұтыну кооперациясы ба­с­қармасының мүшесі болып сайланады. Сал­кен Балаубаев Ақмола қаласында рево­лю­цио­нер Сәкен Сейфуллин ұйымдастырған жә­не басқарған «Жас қазақ» жастар қоға­мы­ның филиалы ретінде «Жас жүрек» Спасскі зауы­тының жұмысшы жастарының мәдени-ағартушылық қоғамының бастамашысы жә­не жетекшілерінің бірі болды. Сей­фул­лин­нің «Бақыт жолында» пьесасы бойынша ал­ғаш­қы қойылымды Салкен сахналады. Әлі жа­рияланбаған пьесаны жоба түрінде Сәл­кен Балаубаевқа Сейфуллиннің өзі берген. 
Қызыл Армия бөлімшелерін жабдықтау жө­ніндегі революциялық комитеттің хат­шы­сы болып жұмыс істейді. 1920 жылы Ақ­­­мола революциялық комитеті болып та­ғайын­далып, маусымнан желтоқсанға дейін Байдәулет революциялық комитетінің төра­ғасы (қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар-Жы­рау (Ульянов) ауданы) болып жұмыс істеді. Біраз уақыттан кейін Салкен Байдәулет рев­комының төрағасы, одан кейін Ақмола, Петропавл қалаларының халық судьясы, гу­берниялық атқару комитетінің хатшысы бо­лып сайланады. Кеңестердің волостық съе­зін өткізіп, өзін қазақтың талантты жұ­мысшыларының бірі ретінде танытып, Қарағанды облысының Ақмола қаласына шақырылады. 
1921 жылдың тамызынан 1922 жылдың мау­сымына дейін Ақмола уездік атқару ко­митетінің жауапты нұсқаушысы және По­вол­жьедегі аштыққа көмектесу жөніндегі округ­тік комиссия төрағасының орынбасары бо­лып қызмет атқарды.  «Бостандық туы» («Зна­мя свободы») Ақмола губерниялық газе­ті­нің редакциясында әдеби қызметкер бо­лып жұмыс істеді. Рас, әрі қарай ол әдеби қызметпен айналысуды қатаң түрде шеше отырып, қызмет етуден бас тартады. 
Ол 1924-25 жылдары Ташкент  қала­сы­на барып жұмысшы факультетіне түсіп, оны үздік бітіргеннен кейін Орталық Азия мемлекеттік университетінің психо­ло­гия-педагогика факультетіне түсіп, 1929 жы­лы 27 жасында үздік дипломмен бітіреді. Уни­верситетті бітірген соң Ташкенттегі Ор­таа­зиялық еңбекті ұйымдастыру және сауық­­тыру институтының психикалық-тех­ни­калық лабораториясында бастық болады. Осы кезде «Ташкенттегі жасөспірімдердің кә­сіп­тік бағдарламасы»,  «Мақта тазалайтын Джин машинасын меңгеру мамандығы»,  «Таш­кенттегі өндірістік мекемелердің са­ни­тарлық-гигиеналық шаралары» деген ең­бектерін  бастырып шығартады.   
Осы жылдары ол ғылым саласында бір­неше еңбектер жазады. Т.Барановпен бір­лесіп «Вопросы конструирования национа­ль­ного теста» («Советская психотехника», 1933, №1), «Мектеп группаларын комплек­теу» (Алматы, 1934), «Қиын бала», «Поли­тех­никалық мектеп», (1933, №7-8), профессор А.Залкиндтің «Педологиясын», профессор П.Шимбиревтің «Педагогика» оқулықтарын қазақ тіліне аударды. Осы еңбектерде пси­хо­логиялық терминдердің қазақша бала­масы көптеп кездеседі.
С.Балаубаев еңбектері қазақ психология ғы­лымы тарихында елеулі орын алады. «Мек­теп группаларын коплектеу (Қы­зы­лор­да, 1934, 16 бет) атты еңбегінде психология тұрғысынан сынып ұжымын құру жайында ақыл-кеңес береді. 1930-1932 жылдары Таш­кент қаласындағы Қазақ педагогикалық учи­лищесінде сабақ береді, Ортаазиялық әлеуметтік қорғау ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының зертханасын меңгереді. 
Ол Қазақ КСР Халық ағарту комис­сариа­тында балалар әдебиеті бөлімінің төрағасы болған. Ол әдеби энциклопедиясында ақын ре­тінде атап өтілді. 1932 жылы аталған ең­бек­терінің жарық көруіне байланысты Қа­зақстандағы жоғары аттестациялық ко­мис­сия (төрағасы Меңдешев) психология ғы­лым­дарының кандидаты және доцент ата­ғын қоса береді. 1932-1935 жылдар ара­лы­ғында КазПИ-де Психология кафедрасының мең­герушісі. Орал қаласындағы Педа­гоги­ка­лық институтқа доцент болып ауысады, осы жер­де қазақша «Психология», «Мектеп жа­сын­дағы балалар психологиясы» оқулық­та­рын жазып, баспадан шығарады. Бірақ бұл еңбектері Салкен Балаубаевты «халық жауы» деп тұтқындап, соттағанда өртеледі.
Сәлкен Балаубаев 1932-1937 жылдары Ал­маты, Орал, Қарағанды Педагогикалық инс­титуттарының кафедра меңгерушісі бо­лып жұмыс істеді. 1935 жылы Распеннің «Мюнхаузен оқиғалары», Лермонтовтың «Де­монын», Куприннің «Одеся» деген әңгі­ме­сін аударып, «Қызыл Қазақстан» журналына жариялады.
Салкен Балаубаевтың ұстаздық, ғылыми тағдыры оның №5 статьямен 1937 жылдың қа­раша айында қайнаған ғылыми-педа­го­ги­калық қызметі кенеттен үзіледі. Оны қа­мауға алып, 20 жыл бас бостандығынан айы­­­­рады. «Алаш» партиясына мүшелігі үшін «ха­лық жауы» белгісі «Қазақстан Большевик» жур­налында «Пролетар студенттерін ко­м­мунистік тәрбиелегені үшін» тақырыбындағы аймақтық партия комитетінің үгіт-насихат және насихаттау бөлімі қызметкерінің ма­қаласы тұтқындауға себеп болды. Салкен Ба­лаубаевтың «Халықаралық топқа» қатысы туралы іс бойынша материалдарда ол оны ұйымдастырушылардың бірі деп аталды. 
Салкен Балаубаев түрмедегілер орта­сын­да беделді адам болады. Себебі өз тағдыр­лас­тарын білімімен, біліктілігімен, ақыл­ды­лы­ғы­мен, қайраттылығымен аштықты, жа­лаңаш­тықты сезбеуге үйретеді. Оны осы мінез-құлқымен біліміне қарай «академик» деп атап кеткен. Осыған орай түрме қыз­меткерлерімен де тіл табыса білген. Сонымен, 1954 жылы қамаудан шығады. Дегенмен үш жыл жұмыссыз, күн көрістік кәсіппен ай­налысып жүреді. Айына бір рет «күзет­ші­лердің» бақылауымен барып камендатураға есеп беріп отырған.  
1956-57 оқу жылының басында Қараған­ды Педагогикалық институтының ректоры Сейтқали Баймурзиннің ұсынысы бойынша С.Балаубаев доцент атағына қайта қабыл­да­нып, педагогика және психология кафед­ра­сының меңгерушісі болып тағайындалады. 1956 жылы №22/179-н ұйғарымымен Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер ж­ө­ніндегі сот алқасы С.Балаубаевтың барлық құқығын қалпына келтіріп, толығымен ақталады. Сол 1956 жылдан бастап ол Қара­ғанды Педагогикалық институты мен уни­верситетінде психология кафедрасының до­центі және педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді, сонымен қатар аспиранттардың психология бойынша ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. Салкен Балаубаев Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Балалар әдебиеті секциясының төрағасы қыз­метін қоса атқарады. Ол – педагогтарды психологиялық даярлаудың бірегей жүйе­сінің авторы.
Сондай-ақ ол Қарағанды мен Қазақ­стан­ның құрметті азаматтары Әлімхан Ермеков, Жайық Бектұров, Сайдиль Талжанов, Жұ­ма­бай Орманбаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мү­сірепов, Ислам Жарылғапов, Гали Мусали­ти­мов және басқа да қоғамның ғалымдары­мен қызметтес болды.
Мен осы алғашқы ғұлама ғалым-ұстаз Сәл­кен Балаубаев жайлы материал­дар­ды іздестіріп жинақтаған кезде (1997-2000 ж.ж.), Қарағандыда тұратын бауыры Ба­л­аубаев Борис және шәкірті Сәбит Барм­а­хан­бетұлы деген қарттармен кездескен едім.  
С.Балаубаев психологиялық қоғамның республикалық, бүкілодақтық съездерінің, XVIII Дүниежүзілік психологтар конгресінің делегаты болды.
Институт ректоры С.Баймурзиннің Ба­лау­баевқа көрсеткен сенімі абыроймен ақ­тал­­ды. Қысқа уақыт ішінде ол оқу-әдістемелік және ғылыми-педагогикалық жұмыстың көп­теген бағыты бойынша орасан зор еңбек ат­қарды. Кафедра меңгерушісі, аспиранттар мен студенттердің ғылыми жұмыстарына же­текшілік етті. 1966 жылы психолог Абдул­ла Темірбековпен бірге педагогика институт­тары мен университет студенттері үшін қазақ тілінде психология бойынша алғашқы оқулық шығарды. 
Сәлкен Балаубаевтың 100 жылдық ме­рейтойы, сол кезде (1989-2000) бізде табыл­ған деректерге байланысты туған жылы 1901 жыл  деп көрсетілгеніне орай, 2001 жылы атап өтілді.  Оған ғалымның жиен шөбересі Қа­рағанды облыстық музей қызметкері Ай­гүл Омарова, алғашқы аспиранты пси­хо­логия ғылымдарының кандидаты, доцент Ба­қыт (Октябрина)  Орманбаева, басқа туыс­қан, көзкөргендері, бауыры Борис Ба­лау­баев қатысып,  естеліктер айтты.
Осы 2000 жылы алғаш рет бүкіл жастар қауымының алдында ұлы ғалым-ұстаз, пси­холог, филолог Салкен Балаубаев есімі жа­рық­қа шықты. Мерейтой барысында, пси­хология ғылымдарының докторы (ол кезде кан­дидат), профессор Б.Әмірованың бас­тауы­мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің психология кафедрасы жанынан Салкен Балаубаев атын­дағы этнопсихология, этнопедагогика ғы­лыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл күн­дері С.Балаубаев дәрісханасында 2001 жыл­дан бері күнделікті дәрістер мен «Балаубаев оқулары»  өтіп тұрады.
Осы мерейтойда ғалымның алғашқы аспиранты, психология ғылымдарының ка­нидаты, доцент Октябрина (Бақыт) Кәрім­қы­зы Орманбаева: «Мен сәтті қорғап шық­қан­да, Салкен Балаубайұлы «жас баладай» қат­ты қуанып еді», – деп жарқын көңілмен еске алды. Ал Салкен Балаубаевтан дәріс ал­ған тарих факультетінің докторы, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры Әлімжан Телғарин есіне алып, ғалымның дә­рістерінің қызықты, тартымды, терең фи­лософиялық ойлар мен психологиялық тұ­жырымдарға толы, көптеген өмірлік жағ­дай­ды келтіре отырып, бір мезгіл «қалтасындағы құртын аузына салып қойып, жалғастыра­тын», – деп күлімсіреп әңгімелейді. 
2021 жылы Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университетінің  ректоры, заң ғы­лымының докторы, профессор Нұрлан Ду­лат­беков басшылығымен даярланған  «Қалдырған ізі мәңгілік» атты университеттің қалыптасуына өз үлесін қосқан ғалымдар мен оқытушылардың есі­мін сақтауға ар­нал­ған естелік кі­тапқа Балаубаев есімі енді. 
Ғалым-ұстаздың есімі жастар жүрегі мен халық аудиториясында мәңгі сақ­талуға тиіс және оның еңбектері бүгінгі «Жаңа Қазақтанды» қалыптастырушы жас­тар психологиясының жаңаша дамуына үлесін қосады деген сенімдемін. Ғалымның өмір мен еңбек жолы заманауи жастардың бойында рухани қалыптасуына, патрио­тиз­мін, ұлтына деген жанашырлығын,  табан­ды­лығын, парасаттылығын дамытуға үлгі болып, ұрпақ жүрегінде ұялауы тиіс деген ойдамын.
Ендеше, ғұлама ғалым-ұстаз, профессор Сал­кен Балаубаев есімі Алаш құрбандары есім­дерімен қатар ескеріліп, мектеп, көше атауы берілуге тиіс деген пікірлерін, ұсы­ныс­тарды қазақ қауымы қолдауын сұраймын.
                                                       
 Бибісара ӘМІРОВА,
 Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры, 
 ПҒА академигі, психология ғылымдарының докторы  

Серіктес жаңалықтары