405
Тағайындау: Ералы Тоғжанов - Маңғыстау облысының әкімі
Тағайындау: Ералы Тоғжанов - Маңғыстау облысының әкімі
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин жұмыс сапарымен Ақтауға барып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
Отырыс барысында Премьер-Министр Б. Сағынтаев мәслихат депутаттарына бағытталған, облыс әкімінің лауазымына Тоғжанов Ералы Лұқпанұлының кандидатурасын ұсыну туралы Мемлекет басшысының хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Е.Л.Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды», - деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-Министр Алик Айдарбаевқа жасаған жұмыстары үшін алғысын айтып, табыс тіледі. Б.Сағынтаев жаңа басшылыққа Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру және ірі реформаларды іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмаларды айтты.
Осыған дейін Ералы Лұқпанұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Саясаттану ғылымдарының докторы.
Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы 1963 жылы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Жоғары білімді: Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде (1983-1988 жж.), Құқықтану. ҚР Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институты (1991-1994жж.), заңгер.
Кеңес одағының әскер қатарында қызмет етті.
1991 жылдан 1998 жылға дейін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасында оқытушы.
1994-1996 жж. ҚР Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтында ғылыми қызметкер.
1996 жылдан бастап Қазақ гуманитарлық заң университетінің Мемлекеттік қызмет және халықаралық құқық факультетінің аға оқытушысы, декан орынбасары қызметін атқарды.
1994 жылдан бастап аталған университеттің халықаралық құқық факультетінің деканы болды.
1999 жылы филиал деканы, 2001 жылы Астана қаласының Қазақ гуманитарлық заң университетінің Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры болып тағайындалды.
2001-2006 жж. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.
2006-2008 жж. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Дін істер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
2008 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Өкімімен Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалған.