Бишімбаев ісі: Апелляциялық шағым қашан қаралатыны белгілі болды

Судьяның а.ж. 11 маусымдағы қаулысымен аталған істі қарау 2024 жылғы 26 маусым сағат 10.00-ге тағайындалды.

Бишімбаев ісі: Апелляциялық шағым қашан қаралатыны белгілі болды
Жоғарғы сот
508

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымы бойынша іс 26 маусымда қаралады. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

«Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс апелляциялық сатыға түсті. 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен сотталғандар Қ. Бишімбаев пен Б. Байжановқа қатысты үкім шықты.  Үкім жария етілгеннен кейін сотталғандар мен олардың қорғаушылары заңмен белгіленген мерзімде үкімге апелляциялық шағымдарын келтірді.

Олар апелляциялық шағымдарында Б. Байжановты оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды,  үкімнің Қ. Бишімбаевқа қатысты ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша айыптау бөлігін өзгертіп, оның іс-әрекеттерін өзгертілген біліктілікке сәйкес жазаны төмендете отырып, ҚК 106-бабының 3-бөлігіне қайта саралауды, сондай-ақ істі қайта қарауға жібере отырып, сот үкімінің күшін жоюды сұрады», - делінген хабарламада.

Баспасөздің мәліметінше, Қ. Бишімбаев пен Б. Байжановқа қатысты қылмыстық іс Астана қалалық сотына 2024 жылғы 10 маусымда келіп түскен.

Судьяның а.ж. 11 маусымдағы қаулысымен аталған істі қарау 2024 жылғы 26 маусым сағат 10.00-ге тағайындалды.

Сот отырысы Астана қалалық сотының ғимаратында Астана қаласы, Г.Алиев к-сі, 6, В блогы мекенжайы бойынша өтеді.

Серіктес жаңалықтары