"Мұндай қарызбен теміржол саласын дамыту мүмкін емес": 10 жылда ҚТЖ-ның қарызы 212,7 пайызға өскен

Осы кезеңде компания 283,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттен субсидия алған.

"Мұндай қарызбен теміржол саласын дамыту мүмкін емес": 10 жылда ҚТЖ-ның қарызы 212,7 пайызға өскен
сурет: parlam.kz
429

«Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы компаниялар тобының қарызы 10 жылда 928 млрд теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін өскен немесе 212,7%-ға ұлғайған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында жасаған баяндамасында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл ретте кредиттік портфель көлемінің 45%-ы (1,3 трлн теңге) бұрын қабылданған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған. Қарызды қарыз алу арқылы жабу әдетке айналып бара жатыр. Бұл тиімсіз шара. Өйткені, акционерлік қоғамның 2014-2023 жылдардағы валютамен алған қарызы бойынша бағамдық айырмадан келген залал 765 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, 2018-2024 жылдары алынған кейбір қарыздың жылдық банктік ставкасы шамамен 17%-18% болған. Мұндай қарызбен қарызбен теміржол саласын дамыту мүмкін емес, – деді депутат.

Сондықтан ол қарызды азайтудың жолдарын қарастырып, қаражатты тиімді пайдалану керек екенін жеткізді.

Сондай-ақ 2014-2023 жылдар аралығындағы «ҚТЖ» табысы мен өзге де кірістері 881,3 млрд теңгеден 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғайған немесе 119%-ға өскен. Осы кезеңде компания 283,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттен субсидия алған. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, 2014-2023 жылдарда  қызметінің нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өтімділігі (активтердің міндеттемелерге қатынасы) 117%-дан 53%-ға дейін азайған.

Сондықтан, акционерлік қоғамға қаржылық және басқарушылық жаңғырту қажет екені анық. Бұл тарифтік саясатты қайта қарау, активтер мен процестерді басқару жүйесін цифрландыру арқылы іске асырылуы мүмкін, – деді Нұртай Сабильянов. 

Серіктес жаңалықтары