Су тасқыны: Құлсарыда 1 931 тұрғын өтемақы алды

Құлсары қаласында 2500-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойған.

Су тасқыны: Құлсарыда 1 931 тұрғын өтемақы алды
Жедел штаб/Атырау
511

Атырау облысының Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен 1931 тұрғынның есепшотына өтемақы түскен. 

Атырау облысы жедел штабының мәліметінше, Құлсары қаласында 2500-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойған.

«Қазір 1931 тұрғынның жеке шотына ақша аударылды. Оның ішінде 996 адам тұрғын үй сатып алу үшін, 935 тұрғын баспанасына жөндеу жүргізу үшін қаржы алды», - деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Өтемақы алған тұрғындардың қатарында Ескендір Ізмағанбетов те бар. Ол Құлсары қаласындағы «Атырау» шағын ауданында тұрады.

«Біз үйімізде бір жыл тұрған едік. Тасқын кезінде үйіміз су астында қалды. Баспанамыз жаңадан салынғандықтан, сынақты көтеру оңай болмады. Аудандық әкімдік үйімді жөндеуге жұмсалатын шығынды өтеу үшін ақшалай өтемақы бөлді. Ұсынылған сомаға көңіл толғандықтан, келісімшартқа қол қойдық. Үш күннен кейін есепшотыма өтемақы қаржысы түсті. Жақында бүлінген үйімізді жөндеуге кірістік», - дейді Ескендір Ізмағанбетов.

Қазір Құлсарыда тасқын судан зардап шеккендерге арналған 100 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әр үйдің ауданы – 100 шаршы метр. Тұрғын үйлерді салуға жергілікті 3 компания тартылған.

Серіктес жаңалықтары