«Жылап тұрғанын көрдім»: Әнші Медеу Арынбаев марқұм әйелін есіне алды (ВИДЕО)

Әнші Podcast Urpaq арнасына сұхбат беріп, осыдан 14 жыл бұрын дүниеден озған әйелін есіне алды.

980

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Медеу Арынбаев өмірден ерте кеткен марқұм жарын есіне алды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

“2010 жылы дүниеден озды. Дүние төңкеріліп кеткендей болды. Қыз күнінен қан қысымы төмен болатын. Сол дерт алып тынды. Ұлым – 10 жаста, қызым – 8 де еді. Мен студьяға кеткенмін. Үшеуі үйде қалған. Жаңа жылдың басы болатын. Бір күні үйге келсем, әйелім құлап жатыр. Балалар қорқып кеткен, жылап отыр. Сол кезде жедел жәрдемді қалай шақыратынын да білмейтінімді түсіндім. Менің міндетім – тек ақша табу. Қалғанын Айгүл реттеп отыратын. Кешқұрым сәт болғасын, Алматының кептелісі басталған. Бір сағаттан кейін жедел жәрдем келді. Жарымнан мәңгіге айырылып қаламын деп ойламадым. Ауруханаға алып кеткеннен кейін, телефонмен сөйлестік. Дәрігерлер де “емін алғаннан кейін, үйге қайтады” деді. Соған сендім. Өзімен де телефонмен сөйлесіп, “балалар шошып қалған жоқ па, балаларды өзіңе тапсырдым” деп айта берді. Түнгі 11-де жағдайы күрт нашарлап, содан оянбады. Әлі күнге дейін жарымның дүниеден өткеніне сене алмаймын”, – деді әнші. 

Өнер иесі тұрмыс болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтынын айтып, өмірінде бірінші рет жекіп қалғанын жасырмады. 

“Өмірінің соңғы кезеңінде қатты құлазып жүрді. Екеуміз орысша сөйлесетінбіз. “Бәрі жақсы менде, балаларға қамқор болшы. Біздің балаларымыз әлемдегі ең әдемі балалар” деп айта беретін. Сол кезде-ақ маған ақырындап балаларды тапсыра берген екен ғой. Қазір ойлап отырсам, ештеңеге бас ауыртпағанмын. Ол кісінің мамандығы – скрипкашы. Менің табысым жетіп артылса да, жұмыс істегенді жақсы көрді. Бір күні үйге шаршап келгенде тамақ дайын болмапты. Сол кезде дауыс көтердім. Тамақ үшін емес, жұмыс істеп жүргеніне ашуландым. “Менің тапқаным жетіп жатыр, не жетпейді саған?!” деп айқайға бастым. Сосын балаларды киіндіріп, шығыс асханасынан кешкі ас іштік. Лифтіде тұрған уақытта көзінен жас шығып, жылап тұрғанын көрдім. Сол әрекетім үшін өзімді ешқашан кешірмеймін”, – деп жан сырын ақтарды өнер иесі. 

 

Серіктес жаңалықтары