Салт-дәстүрге қайшы: Аида Балаева киіз үйде жартылай жалаңаш билеген қыздардың әрекеті туралы

Әлеуметтік желіде киіз үйде қазақша камзол мен биік өкшелі аяқ киім киіп, жартылай жалаңаш билеген жастардың видеосы тараған болатын.

Салт-дәстүрге қайшы: Аида Балаева киіз үйде жартылай жалаңаш билеген қыздардың әрекеті туралы
967

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желіде қыздардың киіз үйде жартылай жалаңаш күйде билеп, бейәдеп қылық танытқаны таспаланған видеоға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Құрметті достар!Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген.  БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді. Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді", – дейді Министр.

Аида Балаева тағы бір маңызды мәселені атап өтті.

"Мемекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді. Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз. Мен медиа-процессте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз", – дейді А.Балаева Facebook-тегі жеке парақшасында.

Серіктес жаңалықтары