Жұлдызай Дүйсенбиева желідегі оқырмандарына ренішін білдірді
Актриса атақ алғанын сынағандарға жауап берді.
Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева маусым айының басында «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын иеленді. Желі қолданушыларының кей бөлігі актрисаның аталған марапатқа лайықсыз екенін жазған. Өнер адамы осыған байланысты «Хабарlike» бағдарламасында пікір білдірді, деп жазды turkystan.kz.
«Осы атақты алғанда көп адам құттықтап жазды. Жазылған пікірлерді ерінбей оқып шықтым. Арасында «Не үшін, құр вайн түсіріп, шошаңдап жүргені үшін бе?» дегендер де бар. Сонда олар менің 25 жылдық еңбегімді көрмеген кісілер болып тұр ғой. Шын мәнісінде, өнер адамдары атақ алса, «Бұларға не үшін береді?» деп сөйлейтіндер көп. Мысалы, мұғалімдер «біз бала оқытып жатырмыз» дейді, дәрігерлер де «біз адам емдеп жатырмыз» деп шығады. Біз де бұл мамандық бойынша білім алдық, өнерімізбен адамдарды рухани емдеп жүрміз. Сондықтан бұны да бір сала, мамандық ретінде қарап, лайықтыларын марапаттап тұру керек», - дейді актриса.
Сондай-ақ ол өзіне берілген атақ шабытына шабыт қосып, үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.