Кіші Аралды өлтіріп алмайық

Сол аса қымбат бөгетті сал­май-ақ, мұнда су әкелуге болады. Қалай дей­­сіз ғой? Біздің қалаға кіріп тұрған бұ­рын­­ғы теңіз аумағы «Арал бухтасы» (қой­науы) деп аталады. Осы жерде Балтық жүйесі бойын­ша ең төменгі өлшем – 37 метр. Де­мек, Кіші Арал шетінен мұнда 17 шақырым ар­на қазылуы керек. Бас жағы жай ғана арна, ал Арал қаласына жақын жері 300-500 метр кеңейтілген жайылма болса болады. Арна тереңдігі 5 метр ғана болуы мүмкін. Сонда теңіз суы өз ағынымен бері келеді.

Кіші Аралды өлтіріп алмайық
сурет: kazpravda.kz
1640

Соңғы жылдары көп талқыға түскен солтүстік Арал – «Кіші Арал» теңізін қалпына келтіру мәселесінде «екі деңгейлі теңіз» деген пікір  жиі  айтылатын болды. Осы жайт теңіз айдынына үмітпен көз тігіп отырған Арал жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Олар  ел басшылығынан көп жыл бойы солтүстік Арал теңізін біртұтас (бір деңгейлі) көтеруді табанды түрде сұрап келеді. Біз көкейтесті мәселеге байланысты  осы саланың білікті маманы Зауалхан Ермахановтың мақаласын ұсынып отырмыз. 

2005 жылы солтүстік Арал айдыны «Кө­ка­рал» бөгетімен бөлектеніп, кіші теңіз ак­ва­ториясы біршама көтеріліп, су жиегі бері жа­қындауының арқасында, көк айдыннан бір­жолата айрылып қалдық па деп уайым ке­шіп отырған халықтың үміті оянып, ер­тең­ге деген сенімі бекіді. Мұндағы ел-жұрт­тың тұрмысы кәдімгідей жақсара бастады, әлем­ге әйгілі Арал экологиясы сәл де болса жұм­сарғандай болды, шеттеп кеткен ағайынның қайта оралып көшіп келуі бай­қал­ды. Бұның бәрі жақсы-ау, бірақ осы «Кө­карал» бөгетінің өз басында біршама проб­ле­ма бар екенін және осы күні солардың тым елеу­лі мәселеге айналып бара жатқанын біреу білсе, біреу білмейтін сияқты. 
1960-жылдардан суы тартылып, көлемі азая бастаған Арал теңізін тұтас сақтап қа­луға болмайтыны белгілі болған соң, Қазақ Ба­лық шаруашылығы ғылыми-зерттеу  инс­ти­тутының Арал филиалы теңізді бөліп сақ­тау жөніндегі жобаны қолдап бастама кө­терген. Ол жоба бойынша Кіші теңізді бө­лек,  Үлкен теңізді бөлек сақтау жолдары қа­рал­ды. Жоба бойынша Кіші Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 48-50 метр биіктікке көтеріп, қазіргі «Көкарал» бөгеті тұрған жерде жабық дамбы салынуы керек де­ген идея мақұлданған. Бергі жақта жинал­ған судың артығы Көкарал түбегінің батыс жа­ғындағы «Көкарал ауызы» деген жерден, Ақ­басты ауылы жанынан 20 шақырым  ка­нал арқылы Тұщыбас қойнауына тасталып тұруы керек еді. Бұл нұсқаны «Казгип­ро­вод­хоз» мекемесі қабылдамай бақты. Ол мекеме бас­шылығы «Сырдарияда су болмайды, Берг бұғазындағы бөгет төмен деңгейде салынып, артқан су үлкен теңізге содан түсіп тұруы ке­рек» деп шешті. Енді бүгінгі ащы тәжірибе мы­на жайтты көрсетіп отыр: «Көкарал» бө­геті салынғаннан бергі 15 жыл ішінде 48 т. шм  су үлкен теңізге бостан-босқа ағып кетті. Әрі қарай кеткен су батпақ, сордан басқа еш пай­да берген жоқ. Бұл 48 т. шм  дегеніміз – осы Кіші теңіздегі судың көлемінен екі есе­дей көп молшылық. Сондықтан Балтық жүйе­сі бойынша 42 метр ғана тұрғызылған жа­таған бөгет салынғаны қате шешім екені ай­дан анық  болды. Қаншама балықтан ай­рылғанымыз – өз алдына бөлек әңгіме. 
Сырдарияның 20 жылдай уақыт суы мол бо­лып, сосын, 20 жылдай су кө­ле­мі азайып кететін режимі бар екені мәлім. Бү­гінгі 42 метр деңгейдегі судың тұздылығы әр 1 литріне 10 грамнан тартса, соңғы жыл­дар­­дағы су тапшылығынан ол көрсеткіш өсіп кетіп, Кіші Аралдың 70 пайызында оның байырғы балықтары уылдырық шаша ал­майтын жағдайға жетті. 40 пайыз жерінде, мы­салы Сарышығанақ, Бутаков қойнау­ла­рында байырғы балықтар тіршілік ете ал­май­тын болды. Екінші қателігі: жаңағы айт­­­­­қандай, жабық бөгет салынбай, теңізде су сапырылуы (аэрация деген құбылыс – ред) болмай, Тұщыбас бетке артық су жіберіл­ме­гендіктен осы жағдайлар тым өрескел түрде орын алды. 
Осындайдан «аузы күйген» көпшілік  бір дең­гейлі, біртұтас Кіші Арал нұсқасын дұрыс қол­дап жүр.  2005 жылы салынған «Көкарал» бө­гетін Балтық жүйесі бойынша 48-52 метр­ге дейін көтергенде, көпшілік күткендей, Арал қаласының маңына су өзінен-өзі ке­ле­ді. Бұл жерде, өзімізде бар Сырдария өзенінің 120 жылдық көрсеткішін алға тартқым ке­леді. Соларды зерделей қарасақ, табиғаттың ыр­­ғақ-циклі бойынша, кейде, 12-13 жыл, кей­де, 20-30 жылға дейін мол сулы жылдар бол­­са, кейін, сонша уақыт бойы ағып келер су көлемі азайып кетеді. Демек, «Көкарал» бө­­гетін мейлінше көтеріп салсақ, су мол жыл­­дары Кіші теңізді барынша толтырып алу мүмкіндігі болады. Сөйткенде, теңіз суы­ның тұздылығы 10 грамм емес, 4-5 грамға шейін төмендейді. Ал енді келесі циклда – 20 жыл жобасында су аз болғанда да, мұндағы тұз­дылық тым басымдап кетпей, 10 грамға дейін өсуі мүмкін. Мұндай жағдайда Арал­дың байырғы балықтары теңізде тіршілік ете береді. Бүгінгі үлкен проблема сол – жо­ға­рыдағы зиянды қателік себебінен балық 4-5 есеге азайып кетіп отыр. Қаратерең, Қа­ра­шалаң, Бөген, Аманөткел, Ақбасты, Ақеспе, Мер­генсай елді мекендерінде жігіттер балық аулау кәсібін тастап кетіп жатыр. Сондықтан ел болып тезірек бір деңгейлі нұсқа бойынша «Кө­карал» бөгетін дереу көтеруді ұсынамыз. Егер бөгетті бекітіп,  керекті межеге дейін биік­т­етсек, келешекте Кіші Аралға Ертістен де су жетеді деген үміт бар. Кіші Аралдың үмі­ті жан-жақты. Міне, сондай  болашағы бар  бағытқа жұмыс істеуіміз керек. Бір дең­гейлі теңіз идеясының тиімділігі де, өмір­шең­дігі де осында.
Осындай ойды негіздей отырып, өкініш­ке қарай, «екі деңгейлі теңіз» жобасын қол­дау­шылардың бар екенін айтқым келеді. «Екі дең­гейлі теңіз» жобасы жүзеге аса қалған жағ­дайда не болады? Салыстырып көрейік: сол­түстік қолтыққа су жеткізу үшін жаңадан ка­налдар қазу керек болады. Жаңадан жол­дар салынады. Бөгет басына жұмысшы қыс­та­ғын салу қажет болады. Баса айтатын жайт, Кіші Аралдың негізгі бөлігінің тұзды­лы­ғы күрт өсіп, мұнда балық шашқан уыл­ды­рық, дернәсіл түгел өліп қалатын болады. Өйткені Сарышығанақ, Бутаков қойнаулары тайыз болғандықтан, негізінен, теңіз ба­лық­тарының уылдырық шашатын жерлері осы­лар. Балық уылдырық шашады да, қайта те­рең­ге кетеді. Бұл жерде ұсақ организмдер бол­ғандықтан, шабақтар өсуіне жағдай бар. Ба­лықтың қыстайтын орны, жайылымы – Кі­ші теңіздің орталық, Шевченко шығана­ғындағы терең су асты. Сарышығанақта бөгет салынып бекітілсе, Кіші теңіздегі ба­лық­­тың негізгі уылдырық шашу жолы  кесі­ле­ді. Бұл – бір. Екіншіден, дариядан келген ба­лық та уылдырық шашады. Бірақ Сары­шы­ғанақта мол балық жемі жоқ. Қолтық бө­гел­генде, ересек балық өсу үшін үлкен көлемде жем, теңіз организмінің мол қоры болуы керек. Мұнда ол  жоқ. Сондай-ақ Сарышыға­нақ­та балық қыстай алмайды. Өйткені мұ­ның тереңдігі 4-5 метр ғана. Қыста 1-1,5 метр мұз қатса, оның астындағы балық «қалима бо­лып өлу» деген құбылысқа тап болады. 
Сондай-ақ жаңа каналдар арқылы ке­ле­тін судың жоғалу деңгейі жоғары болмақ. Ал өз із-ұлтанымен жайылатын судың жерге сіңу шығыны аз болады. Жаңадан қазылған ар­нада булану, жерге сіңіп кету факторы елеулі шығын әкеледі. Ертең «Солтүстік Аралды реттеу және Өңірлік даму» бағдар­ла­масы бойынша, Мырзас биігі тұсынан бөгет салынғанда, көлдерді ұстап тұру үшін 1,5 куб км су кетеді. Қазір «Көкарал» бөгетін­дегі су 41 метр деңгейде тұр, бүгінгі жағдай жал­ғаса берсе, ертең 40 метр болады, бара-бара 39 метрге  түсіп кетеді. Бутаков шы­ға­на­ғында тұздылық 35 промилеге жетеді. Я­ғни, мұхиттың тұздылығымен бірдей бо­лады. Бұл – халық талғажау етіп отырған Кі­ші Аралдың түбегейлі өлуі десе де болар еді... Сондықтан біз дариямен келген суды жіті есеппен пайдалана алуымыз керек. Сон­дықтан да үлкен жобаларды жасағанда 5-10 жылға емес, 50-60 жылға, тіпті, ғасырға есеп алынуы керек.
Екі деңгейлі теңіз хақында айта кететін тағы бір жайт, бұл жобаны ирандық мер­дігердің жеңіп алуында белгілі дәрежеде қитұрқылықтар бар сияқты. Өйткені осы нұс­қада 2009 жылғы, сол кездегі су шаруа­шы­­лығын басқарған А.Рябцевтің кезінде «Каз­гипроводхоз» жасаған жобасын қайта­лау бар. Бұл белгілі бір орталардың мүдде­ле­рі­не сай қамдалып жатыр ма деп ойлаймыз. Осы жобаны өткізу бағытында көпшіліктің талап-тілектері ескерілмей, «құпия» жұ­мыс­тар жылдам жүргізілуде. «Құпия» дейтініміз, осы нұсқа елге мәлімсіз түрде, қоғамдық тың­даудың демократиялық принципімен өткізілмей, мемлекеттік сараптау ке­зеңіне жеткізіліп, ресми нұсқа ретінде мақұлдану жағдайына келтірілген. Құрылыс жүргізушілер де дайын­далып қойылған. Және де жоба үлкен қаржының көзі екені дау­сыз... Бұған Арал халқы тү­бе­гейлі қарсы. Біздің есебі­міз­ше, бұрынғы «Көкарал» бө­ге­тін биіктетуге ондай көп қар­жы шығыны кетпейді. 
Әрине, Арал қаласының кей тұрғыны: «Теңіз суы те­зі­рек қалаға келсе, баяғыдай ыр­зық-қызықтарын көрсек» деп уәж айтады. Ел тілегі ғой. Арал қа­ласы бар және онан тысқарыда Арал­дың балықшы жұрты бар. Бұл екі ұғымды алатайдай етіп, бүлдіре бөлек­теуге, бір-біріне қарсы қоюға болмайды. 
Теңіз суын Аралға кел­тіру­ге тағы бір қым­бат, қосымша бө­гет салмай, жаңадан ар­на қаз­бай, қыруар қаржыны жаңа объек­тілерге шашпай-ақ шешетін басқа да жол бар. Осы кезге шейін, негізгі мәселені айт­қанда, Арал қаласының ір­ге­сіне су кел­тіру үшін Үшшоқыдан жаңа бөгет салу басты назарда бол­ған. Сол аса қымбат бөгетті сал­май-ақ, мұнда су әкелуге болады. Қалай дей­­сіз ғой? Біздің қалаға кіріп тұрған бұ­рын­­ғы теңіз аумағы «Арал бухтасы» (қой­науы) деп аталады. Осы жерде Балтық жүйесі бойын­ша ең төменгі өлшем –  37 метр. Де­мек, Кіші Арал шетінен мұнда 17 шақырым ар­на қазылуы керек. Бас жағы жай ғана арна, ал Арал қаласына жақын жері 300-500 метр кеңейтілген жайылма болса болады. Арна тереңдігі 5 метр ғана болуы мүмкін. Сонда теңіз суы өз ағынымен бері келеді. Ал ка­нал­дың екі жағына, бүгінгі күннің та­лабына сай түрлі демалыс аймақтарын салу­ға бола­ды. Үлкен көлемдегі Саршы­ғанақты қалпына келтіру міндет емес. Сонда балықтар да келіп уылдырығын шашады. Екінші жағынан Арал халқының, қонақтарының демалуына жақ­сы жағдай жасалады. Жағажайлар болады. 
Алдында айтқанымыздай, Үшшоқыдан бөгет салу үшін жолы бар, электр жүйесі бар жә­не оны ұстап тұру қызметі үшін қыруар қар­­жы керек. Ал мына біз айтып отырған ка­­налға бір-ақ рет шығынданамыз. Есесіне Арал халқы өзінің баяғы теңізімен табыс­қан­дай қуанар еді. Айта кету керек, осы нұс­қа­ның идеясын елімізге белгілі атақты су маманы Нариман Қыпшақбаев кезінде айт­қан болатын. Осы жобаны маман ретінде біз де құп көреміз.
Арал теңізінің тағдыры – әрбіріміздің тағ­дырымыз. Сондықтан да мұндай үлкен мәселеге бейжай немесе ұсақ есеппен қарау – Отан, ел-жер деген азаматтық тұғыры бар адам үшін салғырттық, пайда қуалау сияқты төмен әрекеттер болмақ. Ұзақ жыл бойы, тал­қысы кейде дауға ұласып, ізденуші, жа­нашыр азаматтарды шаршатып жүрген Арал тағдырының тиімді, оңтайлы шешімі осы.

Зауалхан ЕРМАХАНОВ,
«Арал-Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары 
ғылыми-зерттеу инситуты» ЖШС 
Арал филиалының 
директоры,  
Арал ауданының құрметті азаматы, 
Балық шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері

Серіктес жаңалықтары