Алматыда жасөспірімнің өкпесін сүйек тесіп кеткен
Хирург мамандар сүйек тінін алып тастап, өкпедегі жыланкөзді тігіп, өкпеқап қуысына білте қойған. Ота екі сағатқа жалғасқан.
Дәрігерлер қабырғасынан сүйек өсіп, өкпесін тесіп кеткен жасөспірімді ажалдан құтқарып қалды, деп хабарлады Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының баспасөз қызметі.
Жөтел қысып, ентіккен жасөспірімді Алматыдағы ауруханаға әпкесі алып келген. Ата-анасы Абай облысы Алакөлде тұрады. Баланың сырқаты ең тәжірибелі дәрігерлердің өзін таңғалдырған.
Орталық хирургтері дереу пневмоторакспен түскен жасөспірімге ота жасаған.
«Науқас сол жақ пневмоторакс, бірінші дәрежелі тыныс жеткіліксіздігі диагнозымен шұғыл түрде түсті. Баланың жағдайы ауыр болды. Өкпесінің сол жағы күрт әлсіреп, ал оң жағы ауыр тыныстап жатты. Бала қатты ентігіп келді», - дейді орталық директоры Әлібек Смағұлов.
Пневмоторакс - өкпе мен кеуде қуысы арасындағы кеңістікте ауаның жиналуы. Оған жарақат, өкпенің перфорациясы немесе инфекция себеп болуы мүмкін.
Дәрігерлерге баланың кеуде қабырғасына кішкене тілік арқылы дренажды түтікше енгізіп, ауаны шығарған. Нәтижесінде қысым мен өкпе көлемі қалпына келтірілген. Жасөспірімнің өмірін аман сақтап қалу үшін ең тәжірибелі дәрігерлер ота жасаған.
«Баланың жағдайы тұрақтанғаннан кейін компьютерлік тамография жасалды. Нәтижесінде 3-ші қабырғадан сүйек өсіп шыққаны анықталды. Бұл патология экзостоз деп аталады және өте сирек кездеседі. Мәселен, орталықтың хирургиялық қызметінің 60 жылдық тарихында бұл балада болған экзостоз алғашқы клиникалық жағдай. Орталықтың ең тәжірибелі деген хирургтарында бұған дейін қабырға экзостозына ота жасау тәжірибесі болмаған», - дейді орталық директоры.
Хирург мамандар сүйек тінін алып тастап, өкпедегі жыланкөзді тігіп, өкпеқап қуысына білте қойған. Ота екі сағатқа жалғасқан.
«Баланың диагнозы - сол жақта 3-қабырғаның экзостозы, сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіндегі жыланкөз, сол жақта пневмоторакс. Баланың бұл ісікпен қанша уақыт жүргенін нақты айта алмаймыз, бірақ өкпе ойылып кеткен. Салдарынан саңылау пайда болған. Жасөспірім бұған дейін ауруды сезінбеген», - дейді хирург Жалғас Күниязов.
Балаларда қабырға экзостозы (немесе остеохондрома) – қатерсіз ісік. Ол ауырсыну мен ыңғайсыздықты тудыруы мүмкін, сирек жағдайда қабырға экзостозы кеуде қуысының қалыпты қозғалысын шектейді, бұл тыныс алу проблемаларына әкелуі мүмкін. Қабырға экзостозы әдетте балалар мен жасөспірімдерде кездеседі және салыстырмалы түрде сирек кездесетін құбылыс.