Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз
akorda.kz
300

Өткен аптада Президент Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары аясында 46-Сингапур лекциясында дәріс оқыды. «Қа­зақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақ­ты­лық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбындағы дәрісте Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік, тұрақтылық пен ор­нықты дамудағы орта державалардың алатын орны, атқа­ра­тын рөлі мен маңызына қатысты ойын ортаға салды. Одан бөлек, Euronews интернет-басылымында «Орта держа­ва­лар мультилатерализмді құтқара алады» атты тақырыпта Мем­лекет басшысының мақаласы жарық көрді. Дәрісте де, мақалада да Президент қазіргі шиеленіскен гео­сая­си ахуал, бұлыңғыр уақытта алдағы жолды адаспай табу, әлем­дік ынтымақтастық және ондағы Қазақстан мен бас­қа да орта державалардың рөлі сияқты маңыз­ды мәсе­ле­лер­ге тоқталып, бірқатар өзекті сұраққа жауап береді.

Біз де Сингапур сияқты сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз


Сингапур лекцияларын 1980-жылдардан бері Юсоф Исхак инс­титуты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатыр. Бұл – саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдарға Мемлекет басшылары мен әлем­дік деңгейдегі көрнекті сая­саткерлерді тікелей тыңдауға мүм­кіндік ашатын алаң. 
Мемлекет басшысы сөз басында Сингапурға келгеніне қуа­ныш­­ты екенін жет­кізді. Ли Куан Юдің елдің дамуына қосқан үле­­сіне тоқталып, Сингапурда өткізген жылдарында жиған тә­жіри­бесі мен көрген-түйгені Қазақстанның ке­лешегі туралы пайы­­­мының қалыптасуына әсер еткенін айтты.
– Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жат­қанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныш­ты­мын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүр­гізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мем­лекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жар­қын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағы­тында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткіз­ген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалып­тасуына әсер етті, – деді Президент.

Президент еліміздегі өзгерістерге тоқталып, «Әділетті Қазақстан» жә­не Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсын­­­ған «Алға, Сингапур» бағдарламаларын са­лыстырып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сөзінше, екеуінің ұқсастығы көп.
– Қос құжат та халықтың қамын бірін­ші орынға қояды және елдің игілігін әрбір аза­мат сезінуге тиіс деген қағидатты ұста­на­ды. Ауқымды ұлттық трансформация – оңай үдеріс емес. Бірақ қанша қиын болса да, біз бұл стратегиялық бағытымыздан ай­­­­нымаймыз. Былтыр экономикалық өсім 5,1 пайызға артты. Біз ЖІӨ мөлшерін 2029 жыл­ға қарай екі есе, яғни 450 миллиард дол­ларға дейін жеткізуге ниеттіміз. Осы ас­қақ мақсатқа жету үшін біз білім мен ин­новацияға негізделген заманауи эко­но­ми­каның іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсім­ді қамтамасыз етуге тиіспіз. Біз Син­га­пур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді ор­­талыққа айналуға ұмтыламыз, – деді Пре­зидент.
Одан бөлек, Президент Қазақстандағы ин­вестициялық саясат пен экономиканы әр­тараптандыруға байланысты атқарылып жат­қан жұмыстарға да тоқталып өтті.  
– Биыл қаңтар айында Германияның ха­­­лықаралық қатынастар және қауіпсіздік инс­титуты алғаш рет Қазақстанды әлемнің орта державаларының санатына қосты. Син­гапурлықтар өздерін кішкентай ел са­найтынын жақсы білемін. Алайда менің ойым­ша, Сингапурдың қаржылық және эко­номикалық ықпалы, стратегиялық тұр­ғыдан аса маңызды халықаралық теңіз жол­дарының тоғысында орналасуы, 2024 жыл­ғы Global Firepower есебі бойынша 145 ел­дің ішінде 30-орынға табан тіреуі бұл мем­лекеттің орны әлдеқайда жоғары еке­нін көрсетеді. Бұған қоса, стратегиялық ой-сана мен тиімді дипломатия Сингапурды Шы­ғыс пен Батыс арасындағы маңызды кө­пір­ге айналдырды, – деді Мемлекет бас­шысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Син­гапур сияқты «орта державалардың» рө­лі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіп­сіздік ландшафтында мол мүмкін­дік­терге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар ау­дар­ды.
– Біз геосаяси шиеленістен бастап, мак­роэ­кономикалық қиындықтарға дейінгі жә­не жиілей түскен климаттық апаттар се­кілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет ке­ліп отырмыз. Қауіпсіздік архитек­ту­ра­сының іргесі жылдам сөгіліп барады, әлем­дік державалар арасында бір-біріне се­німсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Шамасы, қыр­ғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бей­бітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Өйт­кені былтыр әлем елдерінің әскери са­ла­ға жұмсаған шығындары 2,2 триллион дол­ларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көр­сеткіш. Демек, қаруланудың жаңа бә­се­кесі басталды. Қанша күш-жігер жұм­сал­ға­ны­на қарамастан, адамзат жаңа әскери қақ­тығыстардың құрбанына айналады. Экст­ремизм, терроризм, кибернетика, ға­рыш, жасанды интеллект, климаттың өз­геруі, жаппай миграция және эпидемия туын­датқан түйткілдер жаһандық қауіп­сіз­діктің жағдайын одан сайын ушықтыра түс­ті. Алайда Астана мен Сингапур дамып ке­ле жатқан орта державалар ретінде мұн­дай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай ал­майды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қа­­­былдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зо­балаңына тап келуіміз әбден мүмкін, – деді Президент.

Қабырға тұрғызбай, көпір салу қажет


Мемлекет басшысы сыртқы сая­сат­тағы Қазақстанның ұстанымына да тоқталды. «Жаһандануды жақтайтын Қа­зақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қа­рым-қатынас жасауды жалғастыра бере­тінімізді айтқан Президент тұрақсыз дәуір­де тек осылай ғана жетістікке жете ала­ты­ны­мызды жеткізді. Сол себепті қазіргі қа­лып­тасқан ахуалға бейжай қарауға бол­май­ты­нын да айтты.
– Барлық сыртқы серіктестеріміз Аста­на­ның қандай ұстанымда екенін жақсы тү­сінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес са­­­найды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қа­зақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қа­рым-қатынас жасауды жалғастыра бере­міз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы сая­сат­тағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бейжай қа­рау­ға болмайды. Дүниежүзімен ашық қа­тынас жа­сай отырып, біз сыртқы сын-қа­терлерге қар­сы күресте қырағылық та­ны­тып, проак­тивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заң­ды құқықтары мен мақсатын қорғау ісін­де тартынып қалмаймыз, еліміздің бас­ты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бер­мейміз. Кейде біздің ұстанымымызға кү­мәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, се­німі жоқ деп қабылдамаған жөн. Кері­сін­ше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің ор­ны­на саналы түрде дипломатия мен диалогты таң­дау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – тер­риториялық даулардан бастап идео­ло­гия­лық қақтығыстарға дейінгі түрлі қай­шы­лықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүм­кіндік бере­тін біздің мықты қырымыз, – деді Президент.
Сондай-ақ аймақтық диалог мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Пре­зидент Қазақстанның Әзербайжан мен Ар­мения арасындағы бітімгерлікке ықпал ету­ге тырысуын, Сириядағы қақтығыстарды рет­теу жөніндегі Астана процесін, сонымен қа­тар БҰҰ миссиясы аясында Голан жота­лары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күш жіберуін мысал ретінде айтты.
Одан бөлек, жаһандық түйткілдерді ше­шудегі Сингапур дипломатиясының рөлі туралы да айтылды.
– Сингапур 2015 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Тайванның бұрынғы Пре­зиденті Ма Инцзю арасындағы бүкіл әлем көз тіккен кездесуді және АҚШ пен Сол­түстік Корея арасындағы тарихи сам­мит­ті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Біз мұ­ны өте жоғары бағалаймыз, – деді Пре­зидент.
Президент соғысты тоқтатуға тырыс­қан­нан гөрі, оның алдын алу керек екенін айтты. 
– Ондаған жыл бұрын біз қырғи-қабақ со­ғыстан кейінгі жылымық кезеңді сон­ша­лық­ты үмітпен қарсы алдық, мүмкіндіктер мен өркениет жетістіктеріне толы келе­шек­ті көзімізге елестеттік. Алайда бүгінгі қа­ра бұлттай үйірілген қауіп-қатер мен тұ­ла бойыңды тітіркендіретін мазасыздық се­зімі осы сәулелі ойға көлеңке түсіргендей кө­рінеді. Көпжақты институттардың абы­рой-беделін қалпына келтіріп, муль­ти­ла­тера­лизмге тың серпін беру үшін оларды жаң­ғыртқан жөн. Оны көптен бері пісіп-же­тілген БҰҰ реформасынан бастау керек. Қауіп­сіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүр­гізбейінше, біз бұл міндетті орындай ал­маймыз. Бұл – кейінге қалдыруға болмай­тын әрі адамзат баласының басым бөлігінің мүддесімен сай келетін уақыт талабы. Орта дер­жавалар мен дамушы елдердің кеңестегі үні анық естілуі қажет. Мен бұған кәміл се­немін, – деді Президент.
Қазақстан көпжақты ұста­ны­мын білдіруге қашанда әзір екенін айт­қан Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ проб­ле­ма­ны еңсеру үшін «қабырға тұрғызбай, кө­пір салуы» қажет екенін жеткізді.
– Қазақстан көпжақты ұстанымға бейім екенін білдіруге қашанда әзір. Биыл біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мем­лекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мы, Азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі Ис­лам ұйымы және Халықаралық Аралды құт­қару қоры секілді алты халықаралық құ­рылымға төрағалық етеміз. Жаһандық бас­қару жүйесінің осал тұстары айдай анық, ол ешкімге құпия емес. СOVID-19 пан­демиясы елдердің ортақ проблеманы ең­серу үшін «қабырға тұрғызбай, көпір салуы» қажет екенін көрсетті. Осы түйт­кіл­дердің ішіндегі ең қорқыныштысы – ядро­лық қатер. Қазақстан – ядролық қарудан әб­ден зардап шеккен ел. Осы себепті біз яд­ролық қарудан ада әлем үшін күресімізді тоқтатпаймыз, – деді Президент.

Біздің өңір жаңа мүмкіндіктерге жол ашады


Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, кө­пұлтты және көпконфессиялы қоғам Қазақстан мен Сингапурдың ұтымды тұсы саналады.
– Былтыр қыркүйек айында The Jerusalem Post басылымында «Діндер көш­бас­шы­лары бүкіл әлемде бейбітшілік орнауына ық­пал ете алады» деген мақалам жарық көр­ді. Бейбітшілік мәдениеті тек бірлігіміз әралуандықта және өзара құрмет қағи­да­ла­рына ғана негізделе алады. Бұл ретте Қа­­зақстан бастамасымен ұйымдас­ты­ры­ла­тын Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ларының съезі диалогты дамыту және ор­тақ құндылықтарды насихаттау үшін біре­гей алаңға айналды. Біз Сингапурдың Бір­лігі жарасқан қоғам халықаралық кон­ференциясын өткізу жөніндегі бастамасын (ICCS) құптаймыз. 2022 жылы сәуір айында мен Медиативті келісімдер туралы Син­га­пур конвенциясын ратификациялаған заң­ға қол қойдым. Бұл трансшекаралық мойын­дау процесінің тиімділігін артты­ра­ды және бітімгерлік реттеу туралы келі­сім­нің орындалуын қамтамасыз етеді, – деді Пре­зидент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Син­гапур көптеген салада өзара тиім­­ді байланыс жасай алады деп есеп­тей­ті­нін айтты. 
– Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энер­ге­тика мәселелері жөніндегі жобалық кең­се­сін ашу бастамасы бұл мәселелерді ше­шу­де елеулі рөл атқара алар еді. Біз сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат сам­митін өткізуді жоспарлап отырмыз. Кли­мат дағдарысына себепші болатын да, ал­дымен оның зардабын тартатын да – су са­ласы. Әлемде 2 миллиардтан астам адам­ның таза ауызсуға қолы жетпей отыр. Осы ретте мен Су экономикасы жөніндегі жаһан­дық комиссияның тең төрағасы ре­тінде көшбасшылық танытқаны үшін Пре­зи­дент Тарман Шанмугаратнамға риза­шы­лы­ғымды білдіремін. Ол биылғы БҰҰ кон­­­­ференциясы шеңберінде Қазақстан мен Франция ұйымдастыратын One Water Summit жиынына елеулі үлес қосатынына се­нім­дімін, – деді Президент.
Сондай-ақ Президент Орталық Азия жә­не АСЕАН елдерінің халықаралық қа­ты­настардағы рөлі туралы да сөз қозғады. Бү­кіл жетекші державалармен тату қарым-қа­тынас жасайтын Орталық Азия елдері зор мүмкіндіктерге ие екенін айтты.
– Жас әрі қуатты халық, қалыптасып ке­ле жатқан орта тап, табиғи және ауыл шаруа­шылығы ресурстарының байлығы, транзит әлеуеті өсім үшін берік негіз қа­лай­ды. Аймақтың экономикасы қарқынды да­мыса, оның стратегиялық маңызы да ар­та түседі. Орталық Азия елдерінің жыл сайын­ғы консультативтік кеңесі, Ядролық қару­дан азат Орталық Азия аймағы және Ха­лықаралық Аралды құтқару қоры ая­сын­дағы қарым-қатынастар өңіріміздің дербес ын­тымақтастық құруға қабілетті екенін көрсетеді. Біздің өңір жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мен барша серіктестерімді біз­­ге осы тұрғыдан қарауға шақырамын. Ме­­нің ойымша, Сингапурдың АСЕАН кеңіс­ті­гінде ашық әрі инклюзивті аймақтық ар­хитектураны құруды көздейтін «өзара то­ғысатын достар ортасы» ұғымы – Орта­лық Азия үшін де өте өзекті. Дәл сол себепті Орталық Азия G5+ ынтымақтастық тетігін құру бастамасын көтерді. Біз өзекті өңірлік міндеттерді шешу үшін барша мүдделі та­рап­пен жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Президент.
Сөзін түйіндей келе, Перезидент сый­лас­тық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріп­тестік қатынастарды нығайтуға және бар­шаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.
Дәрістен соң Мемлекет басшысы бірқа­тар сұраққа жауап берді.

Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады


Сондай-ақ осы аптада Euronews ин­тер­нет басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орта держава­лар мультилатерализмді құтқара алады» атты мақаласы жарияланды. 
– Қазақстан секілді елдер алға қарай адым­дауға еселенген күш салуға тиіс, бұл рет­те олар өздерін тек қана қатысушылар ға­на емес, жауапты жетекші ретінде көрсе­туі керек, – деп жазды Мемлекет басшысы өзі­нің эксклюзив мақаласында. 
Геосаяси турбуленттілік және қақтығыс то­ластамай тұрған қазіргі әлемде көпжақты ше­шімдердің ауадай қажет екені бұрын-соң­ды болмаған дәрежеде байқалып отыр­ғанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Еу­ро­па­дағы, Таяу Шығыстағы және Африкадағы со­ғыстар жүздеген мың адамның өмірін қи­ға­нын, ал климаттың өзгеруі миллион­да­ған адамның тұрмыс-тіршілігіне зарда­бын тигізгеніне тоқталды. 
– Бұл қақтығыстардың шешімі жоқ сияқ­ты көрінеді және үміт оты да сөнуге ай­­­налды. Жаһандық алауыздық жайлаған жағ­дайда дәстүрлі державалар – әлемнің эко­номикалық және саяси алпауыттары бір-бірімен бірлікте жұмыс істей алмай отыр. Украинадағы қақтығыс дипло­ма­тия­лық тығырыққа тірелді, Газадағы жалғасып жат­қан жағдай эпикалық гуманитарлық апат­қа айналды, – деді Президент. Сонымен қа­тар Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты ха­лық­аралық консенсусқа жетуді мақсат тұт­қан құрылымдар дәрменсіз күйге түсіп отыр­ғанын да жазған.
Президенттің сөзінше, осындай жағ­дайда Қазақстан сияқты орта дер­жа­валар өз аймақтарында және одан тыс жер­лерде тұрақтылықты, бейбітшілікті сақ­­­тауға, дамуға мүмкіндік беретін күш-қуа­ты бар маңызды ойыншыға айналып бара жатыр.
– Аса ірі державалардың саясатындағы ауыртпалықтан ада біздің икемді жағ­дайы­мыз күрделі дипломатиялық ахуалға бағ­дарлануға және тыңнан сүрен салып, жол табуға мүмкіндік береді, – деп жазды Пре­зидент.
Бұл мақалада да Мемлекет басшысы ұзақ­­қа созылған қақтығыстарды шешу жол­­­­дарын іздеуде қол ұшын созудан қо­рық­­пайтынымызды айтады. Бұған мысал ре­тінде Әзербайжан мен Армения арасында бей­біт келіссөз жүргізуге жасаған ара­ғайын­­­дығымызды келтіріп өтеді. 
– Келер жылы Хельсинкидегі Соңғы заң­ның қабылданғанына 50 жыл толады, Бұл қырғи-қабақ соғыстан кейінгі әлемдегі ұлы державалар арасындағы алауыздық­тың қай­та тұтануы туралы тағы бір ой­ла­ну­ға мүм­кін­дік береді. Ең маңыздысы – бұл ай­ту­­лы оқиға әлем бірлікке жету жолы бұрын да жү­ріп өткенін, бұрын да келіс­пеулер мен қақ­­­тығыстар болғанын, оны қайтадан дип­ло­­матия және диалогтың кө­мегімен басуға бо­­латынын еске сала-
ды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Біз әлеміміздің жаңа тынысын ашу үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек, – деп жаз­ды Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сөзінше, ол үшін алып, орта және кі­ші­гірім – барлық мемлекет атсалысуы қа­жет.
– Алайда ірі державалар көпжақты про­цеске сенгісі келмейтіндіктен, ал кіші­гі­рім елдердің қажетті ықпалы жоқ болған­дық­тан, бұл істі қолға алу – орта держа­ва­лар­дың міндеті. 
Қазақстан сияқты елдер бар күш-жі­ге­рін салып, бірігіп алға қадам басып, қа­ты­су­шы ретінде ғана емес, сонымен қатар әлем­­дік аренадағы жауапты менеджер ре­тін­дегі рөлімізді растауы керек.
Осынау маңызды кезеңде біз барлық ха­лықаралық серіктесімізді көпжақ­ты­лық­ты нығайтуға, бізді осы уақытқа дейін жет­­­­кізген жаһандық жүйені жандандыруға және қайта инвестициялауға қосылуға ша­қырамыз. Біздің бірлесіп атқарған жұмы­сы­мыз бүгінімізді бейбіт етуге салған кү­ші­мізді ғана емес, гүлденген және үйлесімді бо­лашаққа деген адалдығымызды көр­сет­сін.
Мойнымыздағы жүк ауыр, бірақ та­бан­дылықпен, көшбасшылық­пен және диалогқа деген адалдықпен біз бүгінгі қиын­дықтарды ертеңгі жетістіктерге ай­нал­дыра аламыз. Көпжақты жаңару дәуірі­не жол ашайық, – деп сөзін түйіндеді Мем­лекет басшысы.

Қорыта айтқанда, Президент қазіргі бұлыңғыр да бұлдыр уақыттың тұманын сейілту үшін бірлік пен түсіністіктің, яғни диалог пен дипломатияның маңызы зор екенін жеткізген. Әлемдік алаңдарда осылайша ой тастауы еліміздің позициясы мен рөлін айқындап, шиеленіскен ахуалдың шешімін табуға орта державалардың, соның ішінде Қазақстанның да үлес қосатынын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары