Дүбірлі додаға дайындық пысықталды

Дүбірлі додаға дайындық пысықталды
«AMANAT»
Автор
Админ
287

Кеше «AMANAT» партиясы жанын­дағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. 

Басқосуда алдымен осы жылдың 8-14 қыр­күйегі аралығында Астанада өтетін 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысы мен іс-шара жос­пар­ла­ры­ның орындалу жайы  сөз болса,  келесісі «AMANAT» партиясының 2023-2027 жыл­дар­ға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағ­­дарламасының Жол картасында көрсе­тіл­­ген мәдениет және архив ісі саласы қыз­мет­керлерінің жалақысын екі есеге ұлғайту мә­селесіне байланысты ұсыныстар мен пі­кір­лер тыңдалып, тиісті тұлғалар жауап бер­ді.  
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  тікелей бақылауында ұстап отырған 5-Дү­ниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызына тоқталды. 
– Бұл дүбірлі дода біздің мемлекетіміз үшін де, Қазақстан халқы үшін де  аса маңыз­ды дүние. Ұлттық спортымызға тигізер үлесі де зор болмақ. Өздерін көшпелілердің ұрпағы санайтын кез келген ұлт көз тіккен бә­секені жоғары деңгейде өткізу баршамызға мін­дет. Сондай-ақ, бұл – түбі бір түркі  ха­лық­тардың мәдени-рухани жақындасуына септігін тигізіп, ынтымақтастығын арттыра түсері сөзсіз. Еліміздің даңқын асқақтатудың тағы бір мүмкіндігі  туды деп түсінеміз. Түркі мен қазақты бөліп қарауға болмайды,  сон­дық­тан көшпенділер ойыны біз үшін де, бо­ла­шақ ұрпақ үшін де бабалар аманатының жаң­ғыруы ретінде бағалануға  тиіс, – деді ол. 
Шынымен де, байрақты бәсекеден күтер үміт зор. Осымен 5-рет ұйымдастырылғалы отыр­ған дода негізгі 3 бағыт бойынша жүзеге ас­пақ –  спорт, мәдениет, ғылым.
Жалпы, шараның ұйымдастырылуы мен оның ерекшеліктері туралы баяндаған Ту­ризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қазірдің өзінде 84 ел қа­тысу­ға өтінім беріп үлгерді деп отыр. 
– Қазір ұйымдастыру жұмыстары пы­сық­талу үстінде. Мемлекеттен тиісті қаражат бө­лінді. Елордада ешқандай да жаңа спорт­тық кешен салынбайды. Бізде бұрыннан бар мә­дени-спорттық кешендер жеткілікті. Сон­дықтан барлық шаралар кестесі белгі­лен­ген 7 нысанда өтетін ойындар  алдын ала жос­парланып, Астана қаласы әкімдігімен бір­лесе отырып пысықталуда, –  деді ол. 
Белгілі болғандай, 85 елден келетін спорт­­­шылар барлығы 21 спорт түрінен бақ сына­са­ды деп күтілуде. Одан бөлек, 150-ден астам мә­дени іс-шара ұйымдастырылып, 100 мың­нан артық туриске қызмет көрсетіледі. Ви­це-министрдің айтуынша, Астанада 100-ге  тарта киіз үй тігілген этно-ауыл жүйесі құ­рыл­мақ. Мұнда қонақтар ұлтымыздың салт-дәстүрі һәм мәдени өмірімен танысады. 
Отырысқа арнайы келген Әлем спорт жур­налистері қауымдастығының мүшесі, ар­дагер-журналист  Несіп Жүнісбаев  аталған ша­раны  өткізу кезінде өзге елдерден келетін спортшы қауымның намысына тиіп алмауы­мыз керек дейді. 
– Бұл әлемдік дода деп айтсақ болады. Се­­­­бебі олимпиада  деңгейіндегі шара. Бола­шақ­та әлемдік маңызға ие болуы да ғажап емес. Ал біз көшпенділердің ойындарын ұйым­дастырып отырғандықтан, кейбір спорт түрлерін тек қазақтікі деп айдар тағып өзі­мізге еншілеуден сақ болайық. Себебі бұл ойын­дар күллі көшпелі халықтардың ата-ба­басынан бері жалғасып келе жатқан құн­ды­лық. Сондықтан кейбір дүниеге сақтықпен қар­ап, жарнамалағанда абай болған жөн, – дейді ардагер-журналист. 
Шынымен де, кейбір спорт түрі көш­пе­лі­лердің түгеліне тән. Мысалы  садақ ату өне­рі әр ұлтта бар. Сондықтан оны қазақтікі деп еншілеп айту әбестік болар еді.  
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жыл­­дарға арналған «Халықпен бірге» сай­лауал­ды бағдарламасының Жол картасында көр­сетілген мәдениет және архив ісі саласы қыз­меткерлерінің жалақысын екі есеге ұл­ғайту мәселесі қызу талқыланды. 
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бір­шама кемшіліктің орнын толтыру керек­тігі турасында сөз қозғады. 
– Біздің елде мәдениет пен мұрағат сала­сы­ның қызметкерлері қолдауға зәру. Себебі олар­дың істеп отырған жұмыстары мен ғы­­лыми ізденістері алып отырған жалақы­сына сай емес. Өзге елдерде мұндай маман­дар­ға сұраныс өте жоғары. Ал бізде мұрағат са­ласы мекемелеріне қызметкер тұрақта­май­ды, себебі жалақы аз,  жағдай жоқ. Жас­тар­ды салаға тарта отырып,  оларды түрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдау қа­жет. Үнемі ынталандырып отыруымыз қа­жет, – деді ол.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив,  құжаттама және  кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли жасалып жатқан істер туралы таратып айтты: 
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес,  2022-2025 жылға дейін аталған сала ма­мандарының жалақысын жыл сайын 20 пайызға ұлғайту бағдарламасы жүзеге асы­ры­лып жатыр. Атап айтқанда,  архив ісі са­ла­сы мамандарының орташа жалақысы 2021 жылы 127 мың теңге  болса,  осы жылдың қаң­тарынан бастап ол 225 мың теңгеге жет­ті.  «AMANAT» партиясы сайлауалды бағ­дар­ла­­­­масында бекітілген қағида бойынша ке­ле­сі жылы қызметкерлердің жалақысы тағы екі есеге дейін ұлғайтылатын болады, – деді ол.   Демек,  мемлекеттің бекіткен жоспарына сәй­кес, мәдениет саласы мен мұрағат қыз­мет­керлерінің еңбегіне қатысты түйткілдер  заңда қаралып, алдағы уақытта сала маман­да­рының жалақысы жоғарылайды деген сөз.  
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов,  «Қа­зақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қам­забек, Еуразия ұлттық университеті Фи­лология факультетінің деканы Серікзат Дүй­сенғазин, Ұлттық спорт қауым­дастығы­ның вице-президенті Тастанбек Есентаев, Астанадағы Музыкалық жас көрермен теат­ры­ның директоры Асхат Маемиров, Астана қа­ласы спорт басқармасының  өкілдері және өзге де жауапты тұлғалар көтерілген мәсе­ле­лер бойынша   өз ойларын ортаға салды.  
Жиынды қорытындылаған Аманжол Әл­тай көтерілген мәселелердің барлығы құ­­­зырлы органдарға жеткізілетіндігін айтты.

Бердібек Қабай
 

Серіктес жаңалықтары