Ерлан Қарин: Елімізде жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты

Айтуынша, соның аясында Парламенттің ықпалы айтарлықтай ұлғайып, Үкіметтің жауапкершілігі артты, Конституциялық Сот құрылды.

Ерлан Қарин: Елімізде жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты
Akorda
448

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қазақстанда жүргізілген институционалдық реформалардың арқасында жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасқанын айтты.

«Кеше Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында сөз сөйлеп, жалпыұлттық деңгейдегі ауқымды мәселелерге қатысты пікір білдірді. 

Қазақстанның көптен бері жаңа саяси ахуалда өмір сүріп жатқаны туралы айтты. Мұны ең басты тезистің бірі деуге болады.

Соңғы бес жылда елімізде ауқымды әрі түбегейлі өзгерістер болды. Қазақстанда жүргізілген институционалдық реформалардың арқасында жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты. Соның аясында Парламенттің ықпалы айтарлықтай ұлғайып, Үкіметтің жауапкершілігі артты, Конституциялық Сот құрылды.

Азаматтардың әлеуметтік белсенділігі мен саяси мәдениетінің артуы – жаңа саяси ахуалдың айқын көрінісі. Мемлекет азаматтардың өз ұстанымдарын еркін және ашық білдіруі, шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуы үшін үлкен қадамдар жасады, жасай береді де. 

Соның арқасында бүгінде біз саяси және әлеуметтік мәдениетте сындарлы диалог, демократия және конструктивизм қағидаттарына негізделген мүлде жаңа нормалар мен стандарттарды қалыптастырдық.

Қазақстандағы өзгерістердің маңызды және жарқын көрсеткіші – нақты пікір плюрализмі. Қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сөз бостандығы қазірдің өзінде қалыпты жағдай саналады. Бұл ең әуелі Президент ұсынған  «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидасының арқасында мүмкін болып отыр. 

Жалпы, Мемлекет басшысының бұл сөзінде Әділетті Қазақстан құру бағытының өзгермейтіндігі, басталған кешенді реформалардың кері қайтпайтындығы және бұл үдерістегі қоғам мен азаматтардың рөлі айрықша екендігі туралы маңызды месседждер бар», - деп жазды Е. Қарин.

Серіктес жаңалықтары