«Талақты» көрмей тұрып, «талақ» айтудан сақ болайық

«Талақты» көрмей тұрып, «талақ» айтудан сақ болайық
1048

Өткен аптада қазақ кино өнерінің туындысы жарты әлемді таңдандырды, яғни, биыл ашылғанына 31 жыл болған Шанхай кинофестивалінде қазақ режиссері Данияр Саламаттың қазақ прозасының классигі Бейімбет Майлиннің әңгімелері негізінде түсірген «Талақ» фильмі бас жүлде алып, ұлттық кино өнерімізді танытты. Ол туралы ең алғаш режиссердің зайыбы Айнұр Мұратова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, сүйіншілеген болатын. Содан соң жұрттың бәрі бұл жаңалықты қуана қабылдап, ізгі тілектерін білдіріп жатты. Алайда іле-шала әлі өздері көрмеген фильмді сынаушылар пайда болып, фильмде басты рөлдерді сомдаған актерлердің бірі Ерболат Әлқожаның түсірілімнен тыс (күн суықта болса керек) кезде қабаттап киген киімімен түскен фотосын жариялап, әлі өздері көрмеген кино жайында сын айта бастады. Сондағы айтылған «сынның» тоқайласатын жері – «қазақтарды алба-жұлба, жабайы етіп көрсеткен», «қазақтарды бейшара қылып бейнелеген киноларға шетелде жүлде береді», т.с.с. негатив пікірлер.

Қызық, «қазақты алба-жұлба етіп көрсет­кен кинолар» қай жерде, қашан жүлде алды екен? Пікіріне дәлел келтіретін бірі жоқ, әй­­теуір шамамен осылай деп соға берген. Ара­сында руханиятымызға аты белгілі адам­дардың жүргені тіпті таңғаларлық!
Біз білгенде Данияр Саламат әдебиет пен ки­нода бірдей еңбек етіп жүрген, көп­теген прозалық шығармасы жариялан­ған, 1998-2015 жылдар аралығында «Ажалын қу­ған адам», «Жөшә», «Әкем екеуміз», «Бәй­те­рек», «Кіш­­­­кентай», «Сағынтайдың бірінші әйе­­лі» се­кілді көрермен жылы қабылдаған фи­­­льм­дер­ді түсірген, сценарийін жазған ре­­жиссер. Одан тысқары қазақ киносы тура­лы бірнеше сұхбат беріп, ұлттық киноның бола­шағына алаң­дайтын отаншыл азамат ре­тінде таныл­ған тұлға. Ендеше, ол өз ұлты­ның абыройына дақ түсірер әрекетке қалай барады?
«Талақ» фильмі үздік картина ретінде бас жүл­­де алып, фильмде басты рөлдердің бірін сом­даған Амира Омар «Үздік әйел бейнесі» но­­­минациясында жеңіске жетсе, киноның осал болғаны ма?
Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда көп­те­ген адам негативке үйір, жақсының өзінен бір мін тауып, өздерінің «сыншылығын» көр­­­­сетіп қалуға тырысады. Тіпті, көрмей-біл­мей де сынай береді. Ал ондай әрекет – әді­лет­сіздіктен ғана туындайтын шығар.
Біз елге жүлделі оралған режиссермен тіл­десіп, бірнеше сұрақ қойған едік.

– Данияр, ең алдымен халықаралық ки­но­фестивальде алған бас жүлдең құт­ты бол­сын дейміз!

– Рахмет, қазақ киносының жеңісін қол­дап, қуанып жатқан барша отандасыма ал­ғы­сымды айтамын!

– Көзіқарақты жұрт сенің режиссер әрі сце­нарист екеніңді, сонымен бірге проза жан­рында қалам тартып жүрген жа­зу­шы еке­­­ніңді біледі. Түрлі жанрда бірнеше фильм тү­сірдің, олардың бәрі де көрермендер мен ки­но мамандары на­зарынан тыс қалған жоқ. Ал мына жүл­дегер болған «Талақ» фильміңе қа­зақ прозасының классиктерінің бірі Бейім­­бет Майлин шығармаларын негіз етіп алуыңа не себеп болды, бұл фильм­нің идея­сы ойыңда бұрыннан бар ма еді?

– Биағаңның шығармасына мені алып келген нәрсе – кинода өткен ғасырдың 20-30-жыл­дарындағы қазақ тұрмысын бей­не­лейтін туынды жасау идеясы. Өйткені ки­номыз сол кезең туралы ақиқатты толық бе­ре алмағандай, сол кездегі қазақ өмірін же­ріне жеткізе суреттей алмағандай сезі­ле­тін маған. Көңілдегі сол күдікті сейілту үшін кино түсіргім келді. Ол кезең ауыр кезең еді, Қа­зан төңкерісінен соң қазақ өміріне көп өз­геріс енді: яғни, халықтың көшпелі тұр­мысына, сеніміне, ұстанымына өзгеріс енді. Сон­дықтан мен өз идеямды іске асыру үшін сол шақтағы қазақ өмірін реалистікпен өте шебер суреттеген Бейімбет Майлин шығар­машылығына бұрылдым. 
Бейімбеттің шығармалары типтік образ­дар­ға бай. Орыс тұрмысын А.Чехов туынды­ла­рынан білсек, қазақ әдебиетінде өз ұлты­ның типтік образдар галареясын жасаған – Б.Майлин. Типтік образдар қашан да ерекше, ба­ғалы. Сол үшін белгілі бір дәуір туралы туын­ды жасағанда, біз соған сүйенеміз.
Бейімбет Майлиннің фильмге негіз болған «Талақ» деген әңгімесі бар. «Та­лақ» деген мұсылман ұғымы бойынша ер­лі-зайыптының ажырасуын бергенімен, оның фильмдегі мағынасы анағұрлым кең. Талақ – біржақты шешім қабылданатын, яғни, ажырасу үшін талақ беруге еркекке құ­қық беретін, әйелге рұқсат етілмеген нәр­се. Біздің қазақ даласында өткен ғасырдың ба­сында саяси тұрғыдан дәл сондай әрекет бол­ды, Кеңес өкіметі біз үшін шешім шы­ға­рып, біздің ұлтымыз ғасырлар бойғы ұста­ны­мынан бас тартуға, яғни «талақ» етуге мәж­бүр болды. Сол себепті киноға «Талақ» та­қырыбы таңдалды.

– Қазір режиссерлердің біразы өтім­ді тақырып – тарихи тұлғалар туралы фильм түсіруге әуес, сол сияқты коме­дия жанрына жиі барады. Ал сен не үшін өткен ғасырдың бас кезіндегі қа­зақ өмірін бейнелейтін фильм жасадың?

– Иә, қазір біздің режиссерлеріміздің жанрлық бағытта комедиялық фильмдерге әуес екені рас, өйткені біздің көрермендердің де сұранысы сондай болып тұр. Менің ұста­зым Сатыбалды Нарымбетов «Біздің режис­сер­лер қазір даяшы секілді жұмыс істейді, олар көрермен нені сұраса, соны әкеліп беру­ге жанталасады» дейтін. Бірақ бұл жағ­дай керісінше болуға тиіс қой. Кино адамзат са­насына әсер ететін авангард өнер болған­дық­тан, ол қоғамдық сананы алға сүйрейтін локомотив болуға тиіс. Яғни, режиссер кө­рер­меннің жетегінде кетпей, керісінше, ол жұрт­ты жетелеп, көрермен режиссердің ұсын­ған идеясын қорытуға тырысуы қажет. Сон­да ғана кино дамып, өмір жайлы таны­мы­мыз молая түспек. 
Айта кететін нәрсе, «Талақта» да коме­дия­ элементтері бар, өйткені Бейімбет шы­ғармалары юморға толы. Біз де жазушы­ның сол спецификациясын сақтап, кинода юмор­лық, кей сәттерде памлеттік сәттерді қо­сып, Бейімбеттің кейіпкерлерін экранда тірілтуге тырыстық.

– Өткізіле бастағанына 31 жылдай бол­ған Шанхай халықаралық кинофес­ти­валінде топ жарған фильмің қандай қа­сиетімен үздік болды, кинома­ман­дар­дың оны ерекше бағалуына не себеп?

– Шанхай кинофестивалінің фильмді қа­лай жоғары бағалағанын тап басып айта алмаймын, өйткені бағалау жабық түрде өтеді, сондықтан ол жайлы егжей-тегжейлі біле алмадым. Тек бізге жеткен кей мәлі­мет­тер бойынша фильмде біз көрсеткен дәуір­дегі қазақ өмірінің шынайы көрсетілуіне ба­са назар аударылған. Яғни, бостандық де­ген желеумен өмірі құрбандыққа айналған қазақ әйелінің қасіретті тірлігін юмормен, сарказм, метофорамен астастыра отырып бей­нелегені үшін бас жүлдеге лайық санал­ған көрінеді. 
Біз фильмде тек ер мен әйелдің арасын­дағы қарым-қатынасты ғана емес, оның фонында сол кездегі қазақ дала­сын­дағы дәуірдің алмасуын уақыттың өзгеруін бере алдық деп ойлаймын.

– Естіп, біліп жатқан шығарсың, ки­ноға қатысқан артистердің түсірі­лім­нен тыс кезде түскен бірер фотосы әлеуметтік желілерде едәуір талқыға тү­сіп жатыр, яғни, әлгі әртістің үстін­де­гі киіміне қарап, «фильмде қазақ­тар­ды алба-жұлба етіп көрсеткен», «қазақты бей­шара етіп көрсеткен киноларды шет­елде жақсы бағалайды, сол үшін бас жүл­де алды» деп, әлі тұсаукесері бол­ма­ған, өздері көрмеген фильм туралы пі­кір айтқыштардың қарасы аз емес. Бұ­ған не дейсің?

– Иә, әлеуметтік желілерде әу баста фи­льм­нің жеңісіне қуанған рай танытқанымен, кей­бір адамдардың өздері әлі көрмеген фи­льмді сынай бастағаны жанды ауыртады, әрине. Өйткені мен өз халқымды жанымдай жақсы көрем, фильмді де көрермендерім шы­найы рәуіштегі туындыны көрсе деген ар­манмен жасаған едім, ал оны жұрттың көр­мей-білмей жатып тәрк етуі қатты ауыр тие­ді. Оны мен халқым үшін жасадым ғой!
Желіде жарияланып жатқан актерлердің фо­толары кинодағы көрініс емес, түсірілім толастаған сәтте олардың еркін жүрген ке­зін­дегі суреттер. Оның өзі кәсіби фотог­раф­тар­дың жұмысы емес, әуесқой түсірілім. Әри­не, ондай дүниелер ешкімге эстетикалық ләз­зат бере қоймас. Ал фильмде актерлердің костюмдері алба-жұлба емес. Кино – өнер, ол натуралистік нәрселерден ада болуға тиіс. Біздің кинодағы костюмдер сол дәуірдегі қазақ ахуалының жүдеу-жадау көрінісі екені де рас, бірақ оларды адамдардың күнделікті киетін киімдері ретінде суретшілер жасап шыққан нәрсе. Ол экраннан басқаша – жұпынылау көрінгенімен, көрерменге шынайылығымен эстетикалық ләззат беретініне сенімім мол. 
Жалба-жұлба киім дегеннің өзінің бір қарағанда ерекшелігі бар. Мысалы, қазір жастардың көшеде киіп жүрген киімдеріне қараңызшы, жыртық киімдер киіп жүргендері аз емес, бірақ сол «жыртықтарды» дизайнерлер әдейілеп жасағандықтан, соның өзі бір жарасымдылықты, еркіндікті көрсетіп тұрады емес пе? Демек, ондай киімдердің өзінің де «айтары» бар. Оны да біреу ойлап тауып, сәнге кіргізді емес пе? Сол секілді біздің де фильмімізде пайдаланылған әуесқой фотоларда «жалба-жұлба» болып көрініп тұрған киімдердің өзінің мақсаты бар. Оның да эстетикалық жағын біз естен шы­ғарған жоқпыз. Фильм қоңыр түсті, бүкіл киім қоңыр түрде. Арасында қызыл түс­тер қолданылады, ол әртүрлі ұрандар жазыл­ған лозунгтерге пайдаланылған. Бірақ олар қа­зақтың қоңыр тірлігіне тамып кеткен қан секілді рең береді. Сол үшін де фильмде түс­тер­ге, киімдерге қатысты түрлі шешімдерге бара­мыз. Сондықтан фильмді көрмеген адам­дардың киімдердегі «алба-жұлба­лы­лық­ты» натурализммен шатастырып, орынсыз сы­нап жатқан секілді... 

P.S. 

Ала топылы ағайындарда «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін мәтел бар. Оның мәні – қай нәрсені де білетін адам істесін, не туралы болса да, түсінігі бар адам айтсын деген сөз. «Мен де білем» дейтін өрекпудің арты адамды қашанда ұятқа қалдырады. Сондықтан танымай тұрып тамсана беретіндер көрмей тұрып мінегіш! Ал оның аты – әделетсіздік.
Сол үшін де Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» әңгімелері негізінде жасалып, өзінің тосын шешімі және шынайылығымен Халықаралық кинофестивальде бас жүлде иеленген Даниярдың фильмі туралы қазіргі айтылып жатқан пікірлердің дені сауатты емес. Дегенмен пікір айтушылардың арасында салмақты ой айтқандар да жетеді. Мәселен, талғамы жоғары белгілі эссеист қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат былай деп жазады:
«XVIII ғасырмен қазақтың Алтын Орда, Ноғай ұлысы кезеңдерінен келе жатқан сән-салтанатты тұрмысы аяқталады. Бұл дарих-дәуреннің ауыз әдебиетінде ақырғы жүз беруі «Қыз Жібек» жырында келістіре суреттелетін шұбалған сәнді-салтанатты 
көш шығар, сірә.
Бұдан соң бағзы аттылы-көшпелі далалық мәдениеттің қазақ қоғамы мысалында құлдырау дәуірі басталады. Сол азу, сол шөжу 1920-жылдар тұрмақ кешегі 1970-жылдардың басына дейін келді. Ол кездегі қазақүйлердің көбісінде еден болған жоқ, қарақағаз (рубероид) төсеп отырды. «Күпінің жәндігі» дейтін бит-бүрге өріп жүрді. Көзіміз көрді ғой, жауырды он жерден жаба тоқымдасаң да, оны жасыра алмайсың. Өмір шындығын бұрмалау көркем туынды шындығын жоққа шығарады. Кинода сол заманның костюмі қалпынша көрініс табуы тиіс. Ал «Талақта» көрсетілген заманда қазақ қоғамында тап болмаса да, әлеуметтік жіктер, содан туатын теңсіздіктер орын алды ғой. Әйтпесе, бай, орта шаруа, жай шаруа, кедей, қоңсы, жарлы, байғұс... дейтін әлеуметтік стратификация да болмас еді. Ал осы соңғыларды үлде мен бүлдеге орап қойсаң, өмір шындығынан бөлек кету болып шығады емес пе?!»
Кинодағы «алба-жұлбалылыққа» қатысты әділ пікір осы шығар. Ендеше, «Талақты» көрмей тұрып, оның көркемдігіне «талақ» айтудан сақ болайық!

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары