Үйлесімді үндестік
(Махамбет пен Мұрат мұрасының сабақтастығы хақында)
Жалпы, қазақ әдебиетінің тарихында бір-біріне ой орамдары мен өлең өрнектері үлгі болған жыр жүйріктері баршылық. Ілгеріде өмір сүрген ақынның қалдырған мұрасының кейінгі шайырдың шығармашылығына тақырыптық-мазмұндық немесе көркемдік жағынан ықпал етуінің мысалдары аз емес. Мұндай сабақтастық кейде олардың белгілі бір дәуірде ғұмыр кешуіне, ал кейде нақты бір ақындық мектептің аясында қалыптасқандығына байланысты туындайды. Сонымен қатар осындай рухани үндестік заманды сезіну ортақтығының әсерінен де болатынын айтуға тиіспіз. Поэзиядағы дәстүр жалғастығының әдемі үлгісі қазақ жырының алыптары Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөңкеұлының өлең-жырларын салыстырып қараған кезде айқын көрінеді. Бұлардың екеуі де – еліміздің батыс аймағында өмір сүрген жыр жампоздары.
Мұрат ақынның өлең өрнегі Махамбетпен салыстыра қараған кезде айқын танылады. Әрине, Махамбет Өтемісұлы – Мұрат Мөңкеұлы секілді мұңға көмілген зар заман ақыны емес. Сондай-ақ Мұрат Мөңкеұлы – біртіндеп жауды қашырған көтеріліс жыршысы да емес. Бірақ екеуінің өлең-жырлары үндес, кіндік кескен топырағы бір, өр мінездері үйлес, таным-тағылымдары ұқсас. Екі ақынның шығармаларын қатар қойып оқығанда есімі елге кең танымал жыр жампоздарын бір желіге жақындататын, бір арнада тоғыстыратын сабақтастық бар екеніне көз жеткізесің. Жауға атылған жебедей әр сөзі мүлт кетпейтін Махамбеттің жырдағы дәстүрі қырық жыл кейін туған Мұрат шығармашылығынан мықтап орын алғанына куә боласың.
Махамбет пен Мұратты бір өңірде дүниеге келгені ғана байланыстырып қоймайды. Олардың өлең-жырларының табиғаты да ұқсас. Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөңкеұлының тасқа басылған өлеңдері алғаш рет бір кітаптың ішінде көрініс тапты. Сөйтіп, ел екі ақынның өлеңімен де бір уақытта танысты. Бұл айтып отырғанымыз – 1908 жылы Қазан қаласындағы ағайынды Кәрімовтердің баспасынан шыққан «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталатын кітапша. Бұл жинақта Махамбеттің өлең топтамасы «Беріш Мұхамед (Махмуд не Махмет» деп те оқуға болады) ақынның сұлтанға айтқаны» деген тақырыппен берілген. Сондай-ақ «Мұрат ақыннан жазылды» деп көрсетілген. Осы орайда «Мұрат Мөңкеұлының кітабының ішінде Махамбет өлеңдері неғып жүр?» деген сауал туындауы мүмкін. Жинаққа тек Махамбет өлеңдері ғана емес, «Жәңгір хан дүниеден қайтқанда Алаша Байтоқ жыраудың айтқан сөзі», «Сұлтан Кенесары батыр қоныстан ауғанда Досқожа ақынның айтқаны», «Адай Атамбек (Әтембек) ағаларымен араз болғанда Нұрым ақынның айтқаны, «Адай Балуанияз батыр жауда өлгендей айтылған сөздер» деген шығармалар да енген. Сонымен қатар кітапта «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны», «Батыр Қазтуған», (Мұрат ақыннан алынды делінген), «Мұрат ақынның замананың түріне қарап шығарғаны» деген өлең-толғаулар жарияланған. Бұл жинақты Қазан қаласындағы баспадан шығару үшін кім дайындап ұсынғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Ілгеріректе сол кезең ахуалын саралай отырып, кітапты әзірлеген Ғұмар Қараш болуы мүмкін деген болжам айтқанбыз. Махамбет мұрасын жан-жақты қарастырып жүрген зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы архив деректеріне сүйене отырып, бұл жинақты шығаруға Шәңгерейдің көмегі тиген болуы мүмкін деген пікір білдіреді. Бұдан шығатын қорытынды, кітапты кім бастырса да, Махамбет пен Мұрат өлеңдері бір қолға шоғырланғанын көреміз. Өйткені Мұрат шығармалары бар жерде Махамбет өлеңдері де болған. Махамбет жырларын Мұрат жастайынан зердесіне сіңірген.
Қолда бар деректерге сүйенсек, Мұрат – Махамбет өлеңдерін жатқа білген және кейінгі ұрпаққа жеткізген ақын. Махамбеттің де, Мұраттың да жырларын жинап бастырып, елге таралуына себепші болған Халел Досмұхамедұлы былай дейді: «Махамбеттің сөзі көп болған. Көбі жойылған. Ел арасында сақталған сөздерінің бірқатарын осы кітапшада («Исатай-Махамбет», Ташкент, 1925, Б.О.) келтіріп отырмыз. Махамбет сөзінің ішінде ең көп жайылған Баймағамбет сұлтанға айтқаны, Әлімұлы, Байұлы, Жетірудың арасында осы өлең көп жайылулы. Біздің қолымызда ел ішінен жиналған осы өлеңнің бірнеше нұсқасы бар. Айтушылардың көбі бірақ Махамбеттің түрлі сөзін қосып, шатастырып айтқан. Жетірудың ішінен жиылған нұсқаларда қателер өте көп. Кейбір жерлерде сөздің негіздерін өзгертіп жіберген. Біздің бастырып отырғанымыздың негізіне Мұрат ақыннан естіп едім деп, Шөрекұлы Ығылман ақынның жазып бергені алынды». Мұның өзі Махамбет өлеңдерінің текстологиясына абай болуды міндеттейді. Сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы Мұрат пен Ығылман арқылы жеткен шығармаларды ұсынуға болатын нұсқа деген тұжырымға тоқталады: «Бала күнінен осы сөзге құлағы қанық Махамбеттің еліндегі ақсақал, қарасақалдары біздің келтіріп отырған өлеңімізді дұрыс дейді». Әрине, ХХ ғасырдың басында Қазанда шыққан кітаптардың дені көптеген қатеге толы екені белгілі. Мұны Х.Досмұхамедұлының өзі де атап өтеді. Дегенмен Мұраттың бірнеше өлеңі енген жинақта жарық көрген Махамбеттің «Борай да борай қар жауса» деп басталып, «Біз ол секілді көп қайраттан не көрдік?» деп аяқталатын 192 жол өлеңі ақын өлеңдерінің жинағын баспаға дайындау кезінде негізге алынып жүр.
Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» атты еңбегінің «Зар заман ақындары» атты тарауында «Бұқар жыраудан соңғы ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы – Махамбет», – деп тұжырым жасайды. Бұдан жазушының күрескерлік рухы басым тұратын Махамбет жырларындағы ел қайғысының бейнеленуіне айрықша назар аударғанын көреміз. Солай бағаланғанына қарамастан кейін әдебиетшілер арасында көтерілісші ақынды зар заман жыршыларының қатарына қосу дәстүрі орныға қойған жоқ. Бірақ қалай болғанда да, М.Әуезов отаршылдық жүйенің қазығына байлаулы билікке өршелене қарсы тұрған Махамбет пен жерді жаулаушыларға ызалы кегін білдірген Мұраттың шығармашылығынан сабақтастық көргені анық. Ол отаршылдықтың ойранына куә болған ақынның келешекке қауіп еткеннен айтқан болжамын көтеріліс жыршысының өршіл ойларымен салыстырады.
Кешегі күнін тұғырынан түспеген тектіліктің мезгілі деп бағалайтын Мұраттың шығармашылығында жақсыны жоғалту, асылдан айрылу сарыны жеткілікті. Осы тұрғыдан алғанда, Махамбеттің жауға атылған жебедей серпінді жырлары да, жасағы жеңіліп, жаны жабырқап, торыққанда айтылған, мұң мен зарға толы өлеңдері де бар:
Қылыштай қиғыр алмас ем,
Шарға шауып мұқалдым.
Суаруы қанық көк сүңгі ем,
Сұғуын таппай тот алдым.
Зар заман поэзиясына өзек болған халықтық трагедия Махамбет жырларының арқауына да айналып жүр. Бұл – көтерілісші ақынның жеке басының қапалы көңіл күйі емес, батырдың бастауымен өктемдікке қарсы ұмтылып, жеңіліс тапқан елдің қайғысы. Тек сол халықтық трагедия «Жалаулы найза майрылып, Жау тауымды шаққаның, Дұшпан қайта қайрылып, Туымды менің жыққаның, Енді қайтіп ұмытармын» деген өр тұлғалы Махамбеттің аузынан айтылады. Ал керісінше, негізінен зар заман күйін толғайтын Мұрат Мөңкеұлы «Елден шыққан есермін, Екі жақты бір тілді, Сөйлейтін сөзге шешенмін» деп Махамбетше тарпаң мінез танытады.
Мұрат Мөңкеұлының өлеңдерінде өзі құрмет тұтқан Исатай мен Махамбет есімдері жиі аталады. Махамбеттің «Арыстан еді-ау, Исатай!» деп батыр ағасын үнемі дәріптеп отыратыны сияқты, Мұрат та халық көтерілісінің қос басшысының шоқтығын биіктете түседі:
Исатай мен Махамбет,
Қызыл тілді қазақтан,
Жоқ еді жері сүрінген.
* * *
Бұйрат қылып қақ жарған,
Махамбет пен Исатай.
Жырлары зарлы, ойлары шерлі болып келетін Мұрат елді соңына ерткен қазақтың қос батырының тағдырын зар заман ағымы үрдісіндегі өз өлеңінің өлшеміне салып, мұңды әуенмен баян етеді. «Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарылғаны» деп, дәуірінің азып-тозғанының бір себебін есіл ерлерден айрылумен байланыстырса, «Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей (Кей нұсқада «Бір қазақ еркек болса Махамбеттей» делінеді), Оны да аңсыз жерде жазымдады» деп, қапыда мерт болған батырды жырмен жоқтайды. Әйгілі «Үш қиян» толғауында қоныстан ауған тұлғаларды санамалап жырлаған толғанысын «Ердің соңы Исатай, Бармағын тістеп өткен жер» деп түйіндейді.
Ежелгі жыраулар дәстүрімен жырлаған Махамбет поэзиясының рухы Мұрат шығармашылығына қапысыз берілді. Қазтуған дәуірінен Махамбетке дейін жеткен түйдек-түйдек тіркестер ақынның ой көрігінде суарылып, Мұрат поэзиясына көшті. Махамбет ар-намыспен, ыза-кекпен көркемдеген өлең сөзді Мұрат одан әрі әрлеп-әдіптей түсті. Бар болмысымен «қасірет синониміне, қасиет символына айналған» (З.Қабдолов) ақынның «Адырнасын ала өзгіздей мөңіреткен, Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен» деген өлең жолын «Қайта туған Махамбет» (Х.Ерғалиев) атанған зар заман жыршысы «Еділде тұрып оқ атса, Жайыққа оғын жоғалтқан, Жайықта тұрып оқ атса, Еділге оғын жоғалтқан» деп айшықтайды. Мұрат бірде Махамбетті «Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып, Тептер үшін тебіскен» күйде қайталаса, енді бірде «Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны. Жайықты келіп алғаны, Жағаға қолды салғаны» деп түрлендіре түсіп, жаңаша өрнек түзеді. Белгілі бір елді мекеннің жер-суының ауқымынан шығып, жалпы атамекендік ұғымға айналған «Еділ-Жайық» атауы екі ақын шығармашылығында да аз кездеспейді. Жауға қимайтын, жатқа бермейтін қастерлі дүние ретінде, азаттық үшін арпалыстың символы санатында сипатталады.
Мұрат Мөңкеұлы Махамбет өлеңінің «Еңселігі екі елі, Егіз қоян шекелі» деген жолын «Шекелігі үш елі» деп жалғайды. Жыраулық дәстүрдің үлгісін сақтай отырып, өлеңді өзгеше өрнекпен айшықтаудың мысалдарын ақын шығармашылығынан көптеп табамыз. Өзінің «Сарыарқа» және «Әттең, бір қапы дүние-ай» атты толғауларында ауа көшу сарынымен қоныстан ауғандарды санамалап жырлаған Мұрат бұл үрдісті әрісі «Қайырлы болсын сіздерге, Мынау менен қалған Еділ жұрт» деп аманат қалдырған Қазтуғаннан, берісі «Мен Нарыннан кеткенмін, Нарынды талақ еткенмін» деп күйінген Махамбеттен алғанына дау болмаса керек.
Махамбет шығармаларында өзекті өртеген күйініш мәніндегі «Адыра қалған Нарынның, Теңіз деген суы бар» деген секілді тіркестер ұшырасады. Осы тақылеттес толғамдар Мұрат өлеңдерінде де баршылық. Махамбет пен Мұрат шығармашылығындағы тілдік-стильдік ортақтықтың мысалдары жетіп артылады. Батыр ақынның «Қара қазан, сары баласы» Мұрат өлеңдерін де бедерлейді. Ал Махамбеттің ел-жұрт түгел білетін «Әрайна, билер әрайна, Арғымағым, жарай ма?» деген өлең жолы Мұрат жырында «Әрайна, билер, әрайна, Әрайна десем болғай ма?! Әрайнасыз һәр қайда?» деп жаңғырады. Әрі қарай қаратпа сөз мәніндегі тіркесті «Әрайна болған Қазтуған, Қайғыланып сонда толғай ма?» деп түрлендіріп, жыраудың тұлғасын танытатын ұғымға айналдырады. Мұрат осы ұғымның архаикалық мәнін поэтикалық мәнге ұластыруға тырысады.
Махамбеттің «Жалғыздық» деген өлеңіндегі «Заманым менің тар болды, Тура биде билік жоқ» деген тұжырымы өз дәуірінің сипатын жырлаған Мұрат поэзиясының бүкіл болмысын дәл танытады. Күрескер ақынның жолын жалғаған жыр жүйрігі зар заман мен тар заманның шерлі шежіресін өлеңмен өрнектеді.
Қорыта айтқанда, «Бұ заманның шағында, Махамбеттей зарығып, Мұңды болған қайда бар?» деп бір сәт қайғылы кейпін де аңғартып өтетін, Махамбеттің жорық жырлары мен «Қынапты қара қылышпын, Салып кетсем кесермін» деп бір сәт өр мінезін де байқатып кететін Мұраттың шерлі өлеңдерінің арасында берік сабақтастық, үйлесімді үндестік бар.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ