Көлігіне су толтырып Астананы аралаған блогерлер жазаланды
Желі қолданушылары бұл оқиғаға қатысты әртүрлі пікір білдіріп жатыр.
Астана қаласының орталық көшелерінің бірінде Нұрдәулет Бексұлтан (NNN деген атпен танымал) және Ерболат Жанабыловтың көлікке су толтырып жүргені жұрттың наразылығын туғызды, бұл туралы inbusiness.kz хабарлады.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаға қатысты әртүрлі пікір білдіріп жатыр.
"Контент не істетпейді", "Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді деген осы шығар?!", "Тойынғаннан түсіп жүр", "Өте керемет шыққан", "Бөлексіңдер", "Жетімдер мен ауруларға көмектесіңдер", "Ақша не істетпейді", "Мына тірлік артық болған сияқты" деген сияқты түрлі пікір айтылған.
Аталған жайтқа қатысты елорда полиция департаменті де пікір білдірді. Полиция өкілдері Tank маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушыларының әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.