Нартай Сәрсенғалиев: Қазіргі басты мақсатымыз – су тасқынынан зардап шеккендерге жағдай жасау

Нартай Сәрсенғалиев: Қазіргі басты мақсатымыз – су тасқынынан зардап шеккендерге жағдай жасау
Автор
Админ
462

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін 775 үй салынады, мемлекет есебінен қосымша 1 500 пәтер сатып алынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Теректі ауданы Подстепное ауылының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Елді мекен Орал қаласынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Су тасқыны кезінде аталған ауыл өзге елді мекендерге қарағанда көбірек зардап шекті – 481 отбасы баспанасынан айырылды.

– Барлық дүние-мүлік, төрт түлік су астында қалды. Үйді су басты. Біз көпбалалы отбасымыз. Алғашында бізге мектептегі эвакуациялық пунктте төсек-орын берілді. Қазір баспана жалдап жатырмыз. Мемлекеттен материалдық көмек алдық. Енді тездетіп тұрғын үй алғымыз келеді, – деді жергілікті тұрғын Мариям Қайратқызы.

Бүгінде Теректі ауданында бір қабатты 131 үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр үйдің жалпы ауданы – 80 шаршы метр. Подстепное ауылында 106 үй салынады. Бұл жұмысқа 10 мердігер компания жұмылдырылған. 670 үй иесі 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек алды. 506 үй иесінің материалдық шығынының орны толтырылды. Ауылда мектепті жөндеу жұмысы басталды. Жол жөндеуге және бөгеттерді қалпына келтіруге бюджетке өтінім берілді.

– Депутаттар алғашқы күннен-ақ оқиға орнынан табылды. Өз басым  зардап шеккен отбасылармен бірнеше рет кездестім, су тасқынына қарсы іс-қимыл бойынша әкімдіктермен бірге жұмыс істедім, бағалау комиссияларының жұмысына атсалыстым. Барлық мәселе Президент бақылауында болды. Қазір біздің басты мақсатымыз – зардап шеккен жандардың барынша тезірек байырғы өмірге оралуына жағдай жасау, үйлерді, жеке қосалқы шаруашылықтарды, әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшалар мен ауруханаларды қалпына келтіру, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары су тасқынына қарсы іс-қимыл жұмысына барынша атсалысу мақсатымен зардап шеккен өңірлерге барған болатын. Халық қалаулылары тұрғындардың өтініш-тілегін құзырлы органдарға жеткізіп, қажетті ресурстарды жедел жұмылдыру жұмысын ұйымдастырды.

Серіктес жаңалықтары