Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі бостандыққа шығатын болды

Димаш Мұхамедиұлы бір жыл заңсыз үйқамақта отырған анасына араша түсіп, соттан оның зейнет жасындағы адам екенін ескеруін сұрады.

Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі бостандыққа шығатын болды
скриншот
554

Апелляциялық алқа сотталған экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының аса ірі көлемде пара алуға әрекеттену ісі бойынша шағымын қарады, деп хабарлады turkystan.kz сайты stan.kz-ке сілтеме жасап.

«Айыптау актісі мен үкімнің қисынсыз болжам негізінде жасалған. Сондай-ақ сотталушы ерлі-зайыптылардың куәлігіне негізделген Ал бұл қылмыстық процессуалдық кодекстің 112-бабына қайшы келеді», – деп мәлімдеді сотталушының адвокаты мен әйелі.

Сот отырысында Арыстанбек Мұхамедиұлының ұлы Димаш Мұхамедиұлы да сөз сөйледі. Айтуынша, әкесі қамауда отырғалы оның отбасы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Сотталушы өзінің тұңғыш немересін де көрмеген. Ол бір жыл заңсыз үйқамақта отырған анасына араша түсіп, соттан оның зейнет жасындағы адам екенін ескеруін сұрады.

«Ата-анам бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның мәдениет, спорт, туризм және білім салаларындағы дамуына арнады», – дейді Димаш Мұхамедиұлы.

Қорғаушылар іс бойынша соңғы бенефициар, пара алушы және жәбірленуші тараптың анықталмағанын атап өтті. Олар сотталғандардың барлығын ақтауды сұрады. Алайда прокурор барлық айтылған уәждер бірінші сатыдағы сот шешімін бұзуға негіз бола алмайтынын алға тартты. Сондай-ақ ол келтірілген дәлелдер сот отырысында талқыланып, тиісті баға берілгенін еске салды.

«Ғалия Ысқақованың қылмыстық кодекстің 368-бабы 1-бөлігі бойынша ("Парақорлыққа делдал болу") әрекеті Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 3-бөлігіне ("Қылмыс жасауға оқталу") ауысты. Ғалия Ысқақоваға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылып, алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ысқақованың 2023 жылдың 5 шілдесінен бастап үйқамақта отырғаны, үйқамақтағы бір күнді түзеу мекемесінің екі күніне тең келетінін ескеріп, 6 айға сотталған Ысқақованың жазасы өтелген деп саналады», – деді судья Ерғалиев.

Үкімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалады. Сотталғандар мен олардың адвокаттарының өтініші қанағаттандырылмайтын болды.

Бұған дейін апелляциялық сот Арыстанбек Мұхамедиұлының ісін қарап жатқаны туралы жазған едік.

Серіктес жаңалықтары