Шалқар көлі жағасында ресейлік әйелге найзағай түсті

Оқиға орнына барған фельдшер судағы адамның қайтыс болғанын анықтады.

Шалқар көлі жағасында ресейлік әйелге найзағай түсті
istockphoto.com
424

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Шалқар көлі жағасында найзағай түскен адам мерт болды. 

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға 7 шілде күні сағат 17.00 шамасында болған. Көл жағасында демалып жатқан 39 жастағы ресейлік әйел кенеттен болған оқыс оқиғадан көз жұмған. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 17.13-те Сарыөмір дәрігерлік амбулаториясына Шалқар демалыс орнында 1984 жылғы адамға  найзағай түскені жөнінде хабар келген. Оқиға орнына барған фельдшер судағы адамның қайтыс болғанын анықтады. 

Теректі ауданы Сарыөмір дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Алмагүл Салахиева болған жағдайдан соң көп өтпей әйел адамның жан тәсілім еткенін жеткізді. Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары анықталу үстінде.

Серіктес жаңалықтары