Ауыл мектебінің оқушылары Қытайда өткен чемпионатта жүлдегер атанды

Жетісу облысындағы ауыл мектебінің оқушылары Қытайда өткен робототехника чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды.

Ауыл мектебінің оқушылары Қытайда өткен чемпионатта жүлдегер атанды
Оқу-ағарту министрлігі
468

Бейжіңде өткен FIRST  Lego League робототехника бойынша ұлттық чемпионат аяқталды. 

Оқушылар «Өнердегі инновация» тақырыбында LEGO-дан робототехника әзірлемелерін даярлап, фокустар көрсету бағдарламасы орнатылған интерактивті роботтар құрастырды. Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-10 жас аралығындағы 238 команданың арасында күміс жүлдеге қол жеткізіп, екінші орынды иеленді.

Еліміздің намысын Жетісу облысындағы ауыл мектептерінің және Талдықорған қаласының бастауыш сынып оқушылары Нұрсұлтан Бексұлтанов, Нұрболат Алинур және Нұржан Жантөре қорғады. Жаттықтырушы – Альбина Қожантай.

 Сондай-ақ дәл осы күні Алматы қаласының жас инженерлері Сиднейде First Lego League Challenge санатындағы Asia Pacific Open Championship чемпионатында беделді Motivate Award жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан құрамасына жаттықтырушылар Тимур Мақажанов пен Русланның жетекшілігімен LEAS мектебінің оқушылары Аружан Мнайдар, Диас Мұратов, Кирилл Медведков, Валерий Протопопова, Никита Хагай, Әзиз Ермекқалиев, Даниэль Ким, Айдар Мұқашбаев және Әлішер Садыров кірді.

Еске сала кетейік, командалар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің қолдауымен Ustem Foundation қоғамдық қоры мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Central Asia FIRST Championship Орталық Азия чемпионаты барысында халықаралық чемпионатқа жолдама алған болатын.

Серіктес жаңалықтары