Адам жанының тамыршысы
Шын сөзіміздің иесі, төл тума туындыларымен жұртына танылған, бүгінгі күндегі өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қарымды қаламгерлердің бірі – Қуаныш Жиенбай деп білеміз.
Балалық кезеңіне куә болмасақ та, бота тірсек боз жігіт күндеріне куә болған, қылаусыз ішкі жан дүниемізбен ұғысып, сөзіміз шығысып келе жатқан, қанаттас азаматтың сәтімен жалғасқан әр қадамы біз үшін кемел шақтай көрінетін. Содан бері де елу жылдай уақыт өте шығыпты. Енді сол жылдарға қарап отырсақ, замандасымыз көш ілгері кеткен екен. Мұндай риясыз шын сөзді кейін емес, жер басып жүргенде айту жүрегі жылы, ойы тұнық кімге де болса парыз екені анық. Шын сөзіміздің иесі, төл тума туындыларымен жұртына танылған, бүгінгі күндегі өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қарымды қаламгерлердің бірі – Қуаныш Жиенбай деп білеміз.
Біз студент кезімізде, Алматыда таныстық. Содан бері дос-бауыр болып келеміз. Қуанышымыз ортақ. Ол сайдың тасындай іріктелген, пәтуалы сөз ұстаған құтхана, бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» ұстаханасында шыңдалды. Әріптестермен қолтықтаса жүріп бар мен жоқты басылым беттерінде айызды қандырып, айшықтап жүрді. «Мазасыз маусым, жаңбырсыз жаз» деген мақаласы күні бүгінге дейін естен кетпейді.
Журналистиканың қазанында жан алып, жан беріп жүрген Қуаныш Жиенбай саңылау тауып, «әп, бәрекелді!» дегізген көркем дүниелерді жариялай бастады. Бұл қыры биіктей берді. 1984 жылы «Жалғыз желкен» деген тұңғыш әңгімелер жинағын оқырманға ұсынды. Екі жылдан соң ол «Теңіздегі бір тамшы», тағы екі жылдан соң «Құлан жанарындағы ғұмыр» жинағына жалғасты. Соңғы кітапқа редактор болғанымыз бар. Тұшынып оқыдық. Қилы-қилы тағдырлар бейжай қалдырмады. Ұрдажық сойыл ұстағандар қысастықпен құлан мен қорықшыға қиянат жасайды. «...Осы құландарды бағып-қаққан кісі, міне, сенің алдыңда отыр» деп еңсесін тіктегенде, шарбақ сыртында мөлдіреп тұрған «Құлан жанарында Әбдімомынның жүз есе кішірейтілген суреті тұр. Бірде Әбдімомынның көзі соған түсті» дейді. Осы бір қасқағым сәт, қабырғаны қайыстырар тұс, адамды адам түсінбей жатқанда жануардың қорықшыға тыпыр етпей телміруі қабырғаңды қайыстырады. Бұл қаламгердің бастау басындағы алғашқы тап басатын тапқыр шеберлігі десек, уақыт өте келе өзіне тән суреткерлікке жалғасты да кетті.
Иә, «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар», «Аполлон көбелегі». «Тоқта, өлемісің бе?!», «Құлан жанарындағы ғұмыр», тағы басқа туындылары қалың қазақтың сүйіп оқитын туындыларына айналды. Оған қалың оқырман қатарында: халқымыздың айтулы қалам қайраткерлері өздерінің оң бағасын беріп келеді. Дәйекке жүгінсек: «Осы жігіттің шығармашылығымен қоса адамгершілігіне де ішім жылиды» дейді ұлы Әбең, Әбдіжәміл Нұрпейісов. Абыз қаламгердің бұл айтқаны біздің де көкейімізде күйше күмбірлейді.
«Ән салуға әлі ерте» – бүгінгі күннің романы. Тәуелсіздіктің романы. Екі жүз бетке бәрі сыйып тұр» десе, қазақ әдебиетінің қазіргі корифейі Әкім Тарази, ал ұлтым, жұртым, тілім деп тірлік кешіп, жалт етіп жалған дүниеден өте шыққан, философ, аяулы Амангелді Айталы: «Жаһандану үдерісіне бейімделе отырып, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесін өткір қоюы – автордың тынымсыз ізденісінің нәтижесі» депті. Сол секілді журналист-жазушы Қуанышбай Құрманғали «Жер үстінде жұмақ бар» деген романы туралы: «...расында да жұмақ көкте де, жер астында да емес, кәдімгі өзіміз ғұмыр сүріп жатқан атамекенде екен» деген тұжырымын алға тарта отырып, шығарма түйінін тап басып айтады. «Ол Арал адамдарының боямасыз бейнесін әдебиетке әкелді...» дейді профессор Бауыржан Омарұлы.
Шынында, Аралды Жиенбайдан, Жиенбайды Аралдан бөліп қарай алмасақ керек. Ол бүкіл саналы өмірін, негізінен Арал тақырыбына арнап келеді. Теңіз тағдыры, онда күн кешіп жатқан тұрғындардың тыныс-тіршілігі, аты дардай болғанмен зардабы кейде екі бүйірден қысқанда Қорқыт қобызындай бебеулетіп жіберетін Байқоңыр жайы хикаяттар мен романдарының алтын арқауы десек, қателеспейміз. Осы арада Сергей Есениннің: «Енді қалған өмір тарихым – менің өлеңдерімде» деген түйіні ойға оралады. Бұл тұрғыдан келгенде, Қуаныш Жиенбайдың өмір-тарихы Аралмен астасып жатары хақ.
Әдебиеттің ауылына ат байлаған соң, оның жүктер жүгі, артар міндеті аз болмайды. Оған шыдасаң ғана мұратыңа жетесің. Шынардай бүр жарып, жапырақ жаясың. Осы жолға бекем бел байлап, «Жалғыз желкен» жетелеп келген қажырлы қаламгер Қуаныш Жиенбай – бұл күнде ондаған кітаптың авторы. Әдебиет сыншылары да, оқырмандары да оң бағасын беріп келеді. Ең бастысы, жазушы еңбекқор. Соңғы кітабы «У мен Уылдырық» деп аталады. Бұрын жарияланбаған тың туындылардан тұрады. Үш хикаят, он сегіз әңгіме топтастырылған. Бүгінгі заманның иірімдеріне бойлап барып, қарапайым адамдардың бүтін болмысын, құбыла беретін қулардың пішінін, есебі үшін жалпаңдайтындардың бет-бейнесін шым кестедей келістіріп суреттеп береді.
Өз дәуірінің үнін, уақыттың сөзін, қарапайым жандардың таза болмысын табиғи таныммен, алда айтқан үш хикаят, бір шоғыр әңгімеде жеткізген Қуаныш Жиенбайдың «У мен Уылдырық» кітабы Қазақ елінің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отыр. Аламан бәйгеге ат қосу, үміт шоғын үрлеу өзіне сенген қаламгердің ғана қолынан келсе керек. Бірден айтайық: «Арал теңізінің жағалауында туып-өстім. Балалық шағым таудай толқындармен біте қайнасты... Үш айлық каникулды да түгелдей теңіз үстінде өткізетінбіз... Әділдігіне жүгінгенде, барлық шығармаларымның өн бойында теңіз тақырыбы ерекше бой көрсетеді, не жағалаулық жерлестерімнің психологиялық ахуалы айшықты бояулармен суреттеледі» деп ағынан жарылған Арал тақырыбының ақберені аламанда алға озса, ол Жиенбайдың ғана емес, оқырманның да, атамекенінің де, жағалаудан жылжымай отырған жұрттың да жеңісі болар еді. Оның үстіне көзін ашқанда көрген таудай толқынды теңіздің тартылып бара жатқанын жан жарасы ретінде қабылдап, ақ шағаласындай шарық ұруын, қайтсек қалпына келтіруге болады деп, кейіпкерлері арқылы толғану, сөйтіп топ жарып сөз айту, ерлікке пара-пар тірлік емес пе?
Таудай толқын дегенде, әлем таныған Ә.Нұрпейісов: «Туған жер» деген көсемсөзінде пошташы мыршай сары шал: «Уай, не білдіңдер, Арал тартылатын болыпты ғой. – Тұла бойым түршігіп кетті... Қалтырап кеткен қолымды газетке создым... Жиырма жылдан кейін Арал теңізінің тартылатынын дәлелдепті... Осы шын ба? Шын болса – жақсылық па? Халық бұнан ұта ма, ұтыла ма? – деп ойладым.
Арал жайында біраз нәрсе білуші едім: басқасын қойғанда бұл Арал – суында оттегі көп дүние жүзіндегі жалғыз теңіз. Бекіре мен қаяз Совет Одағында екі-ақ теңізде – Атырау мен Аралда ғана бар. Балтық теңізіндегі атышулы салаканы қазір Аралда өсіре бастады. Ғажабы: Арал суында өскен салакалар өзінің атамекеніндегі салакалардан екі есе ірі болып шықты», – дейді.
Бұл ұлы тұлғаның суреткерлігімен берілген кешегі Аралдың ақжал толқынын көз адыңа әкелсе, бүгінгі аралдық «Жұмабектің... бойын әлсіздік билейді... Басының ауған жағына лағып кеткісі келеді. Бірақ қайда барады? Төңірегі ысылдаған еспе құм, сәл жел көтерілсе көз аштырмайтын құм борасын. «Бұрын бұл аймақ шалқыған теңіздің орны болатын-ды». Бұл – бүгінгі Жиенбай кейіпкерінің көңіл наласы. Бұл – Арал деп өткен абыз Әбең мен Жиенбайдың ақиқат сөздері.
Жиенбай бұл ақиқат сөздерді ендігі жерде аттан-айғаймен емес, кейіпкерлерінің қам-қаракетімен, жан дүниелеріндегі қилы оқиғалармен беріп отыруды мақсат етіпті. Бұл «У мен Уылдырық» жинағындағы үш хикаятта айқын көрініс тапқан.
Мәселен, «Оны мазаламаңыздаршы...» хикаятындағы Жұмабек қарапайым азамат болғанмен жан дүниесі жарық, он саусағынан өнер тамған өрен. Екінші топтағы мүгедек, бірақ көкірегі ояу жан. Керекті құрал-сайманы түгел мұнтаздай шеберханасында кем көзін қорғаштап қаңылтыр дәнекерлеумен айналысады. Көзі бұлдырағанымен әр істің нобайын көңіл көзімен ажыратып отырады. Содан да болар, құм суырған өлкеде өзіндік тірлігімен біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, тасымаса да жасымайтындай күн кешіп келеді. Ақырында, күн-түн ұйқы көрместен жанталасып, табиғатқа жаны ашымайтындардың санасын селт еткізерліктей, теңіз жағасына ғаламат ескерткіш орнатсам деп армандайды.
Құм үйірген құм төбе, қарт адамның салалы саусақтары – сұмдық сурет, кезінде күс-күс болып еңбек еткен тамыры адырайған он саусақ осы күйге қалай түсті, табиғат ананы осынша тәрк еткендерің қалай деп көзге шұқығандай елес береді. Бұл жобаға әлемге аты мәшһүр, грузин мүсіншісі Зураб Церетели атындағы қор көңіл аударады. Экологиясы өте қиын өңірде өмір сүріп жатқан қарапайым қазақтың қолынан шыққан құндылыққа шын риза болып, «Бұл жоба өмірге келсе, табиғатқа жанашырлықтың жаһандық үлгісі осы болар еді!» деп хат жолдайды. Аудан әкімі Айтуғановтың әйелі Жұмабектің үлгісін үйренгендер жіптей түзу болып, шеберлікті керемет меңгеретінін айтып, өнер институтында оқитын ұлын соның тәрбиесіне берсек деп құлақ құртын жейді. Ол тілегін орындатып тынады. Мұның түп тамырында да өз есептері үшін тұңғиық ой жатқаны анық.
Енді ескерткіштің ашылуы алашапқынға айналады. Бастықтар ашылу салтанатында мүсіншіні жетелеп жүру арға сын, Жұмабектің көзіне ота жасату керек деп шешеді. Ол орындалып, дәнекерлеушінің жанары шырадай жанады.
Портты жағаға халық көп жиналады. Ұлы теңіздің куәгерлері де қатысады. Ағыл-тегіл желдей ескен сөз айтылады. Қарапайым еңбек адамы мықты мүсіншіге айналды дегенде талайлардың таңдайлары тақылдайды. Ақырында, ескерткіш авторы біреу емес, үшеу болып шыға келеді. Олар: Жұмабек Исағалиев, әкімнің ұлы Ришат Айтуғанов, үшіншісі әйтеуір біреу. Оны естігенде Жұмабек есінен танғандай күй кешеді: «... Қарамды батырып жоғалайын» деп жылыстап кетеді. Ендігі сөз шебердің өзіне беріледі дегенде, ол сол маңнан кетіп қалған еді. Шараның сәні, сөздің нәрі мүсінші Жұмабекке тиесілі емес пе деген ақпарат құралдарының өкілдері оны жан ұшырып іздейді. Үйіне іздеп келгенде ұлы Дәуқара сыртқа шығып, журналистерге берген жауабы: «Ол кісіні бір жолға қинамаңыздаршы, мазаламаңыздаршы».
Бұл кезде Жұмабек көзіне ота жасаған дәрігерге телефон шалып: «Ана жолы сен бекер істедің, шырақ!.. Ешнәрсені көрмей, сезбей соқыр болып жүре бергенім жақсы еді. Маған сонысы ыңғайлы еді. Сен бекер істедің», – деп өзегін өртеген өкінішін айтып жатады.
Қоғамдағы жалғандық, асыра сөйлеу, көпіртіп мақтау, таза еңбекті біреулердің пайдаланып кетуі – оның жанын қинайды. Сау көзбен оны көру қиянат секілді арлы адамға. Міне, хикаяттың негізгі түйіні: шын өнерлі мен өнерсізді қатар қойып, халықты алдауға болмайды дегенге келіп тіреледі. Ең бастысы, ұлы теңіздің адамдары көздерің көріп тұрған ақиқаттан аттамаңдаршы, біріңді-бірің алдамаңдаршы, онсыз да құм көшкініне айналған Арал өңірінің ертеңіне шындық тұрғыдан көз салайық дегенді темірқазық етіп алады.
Қоғам дейміз, сол қоғамның билеушісі – адам. Адам мен қоғам ұрпақ алдындағы қарызы мен парызын адал атқарса, кетік бітеледі, кем толады. Адам құны арзандамайды, жемқорлық, сыбайластық тыйылады. «У мен Уылдырық» та осы кесел мен кесапат айтылады. Ақжал толқынды Арал жайы шөккен түйедей болғанда, Кіші Аралды да нарық, бизнес деп жәукемдеп жатқандардың айла-шарығы жон арқасын аяздай қарыған Есберген үлкен қаланың көркем жерінде тұрса да: «Ата-бабамның иісі сіңген қақыра тамнан артық жайлы қоныс көріп тұрғам жоқ», – деп Көнебөгенге көшіп келеді. Атқа мінгендер көңілін аулаған болады. Бұл не іздеп келді дегендер де табылады.
Сол Есекең еліне келіп, зерделеп көрсе, «бизнес» өршіп тұр екен. Берекесіздік бел алған. Баяғыда теңіз толқып, балық шоршып жатқан ырғын заманда балық зауыты екеу, не үшеу болса, қазір алақандай ауылда бірнеше балық зауыты жұмыс істейді екен. Жабайы бәсеке. Ол отқа түскендей күй кешеді. Бұлар болмашы теңізді құртып бітеді-ау, – деп шарасыздық танытады. Одан әрі шығарманың сюжетін сабақтағанша, зерделі оқырманның өздерінің оқығандарына не жетсін! Он сегіз әңгіменің де көтерген тақырыбы сан сала: адамдық, адамгершілік, тәлім ісі, тәрбие жұмысы, рухани құндылық, халықтық қалып, жұрттық жоралғы дегендей. «Үрей» атты әңгімеде шын өлеңге еш кедергі кесірін тигізбейтінін алға тартады. Қанша жерден ізін аңдып, тосқауыл қоймаққа талпынғанмен, құпия мекеме қызметкерлерінің алдын ақын Мұратбек Шерәлиев талантымен орап кете береді. Тіпті, поэзия кешінің соңында қалың оқырманның қатарында қолын алуға ұмтылыс жасайды. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деген екі жол ақиқаттың айғағы емес пе?!
«Тойдың төрағасы» туындысындағы Қылышбек пен бозбалалар арасындағы оғаш көрініс, бұған кім кінәлі деген сұраққа жауап іздейді. Ал «Қасқырбайдың махаббаты» да қызықты оқылады. Қасқырбай сүйген қызына сезімін жеткізе алмай сергелдеңде жүрген-ді. Батыс облыста гастрольде жүргенде Қасқырбайдың қолын қасқыр қауып алады. Ол тұрып жатқан жұмысшылар жатақханасына Кәмила іздеп келеді. Қызды көргенде Қасқырбай төсегінен ыршып тұрады: «Ауыра ма? – деді Кәмила... – ауырады, әрине, сыртқа шықпаңыз. Суық тигізіп аласыз, сыртта жауын. – Нәп-нәзік алақанымен жараның орнын әлсін-әлсін сипап, ораулы қолды кеудесіне басты», – дейді.
«Риясыз көңілден шыққан ақиқат сөз ғана әмбені түгел риза ете алмақшы» деп, қара сөздің қас шебері Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, көлемді кітапты парақтап отырғанда адам жанының тамыршысы санатындағы Қуаныш Жиенбайды әлімсақтан айтылып келе жатқан, ақиқаттың жаршысы, бүгінгі адам жанының инженері десек, жарасады. Өйткені оның бүкіл шығармашылығындағы туындыларының бәрі де өзі куә болған кешегі мен бүгінгі қоғамның артықшылығы мен олқы тұсы желі тартып, кейіпкерлер бірін-бірі толықтырып отырады. Кейде бүгінгі өмір көріністері аз жазылады деп жатамыз. Сол бүгінгі тақырыпқа талмай, бұрылып кетпей табандап тұрып олжа салып келе жатқан талантты жазушы Қуаныш Жиенбай деп батыл айтуға қақылымыз. Бәйгеге түскен «У мен Уылдырық» бастан-аяқ сөзімізге дәйек деп білеміз. Ендеше, бүгінгі тақырыпты іздеп, мән берсек Мемлекеттік сыйлықтың мәресінен Жиенбайдың бұл кітабы көрінеді деген сенімдеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ