Түркі ынтымағы жолында

«Тарап кеткен бабаларыңды бауырыңа, Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, Тілім» деп Мағжан ақын айтқандай, түркілердегі тілдің бірлігі – елдің бірлігіне жеткізе берсе одан артық не бар?!

Түркі ынтымағы жолында
483

Өткен аптада Алматыға келген өзбек елінің ғылыми-шығармашылық экспедициясы мүшелерімен кездестік. Бұл топтың мақсаты – біздің елдің бірнеше облысын аралап, сосын Ресейдің Алтай өлкесіне ба­рып, сол жердегі алтайлықтардың ұлттық ойындары жарысын көру және ол жақтан түркілерге қатысты материалдар жинау. Ташкенттен бері өткесін Шым­кентте бір күн, Таразда бір күн болып, тарихи орындарды аралап, Алматыға келген беті екен. Алматыда тарихи орындар мен музейлерді тамашалаған соң, Семейге же­т­кенше қазақ даласындағы көптеген тарихи орындарды көруді жоспарлапты.

Жүздесуде түркі халықтарының тамырластығы, байланыстары жөнінде әңгіме болды. Экспедиция жетекшісі Боранов Әнуар Қарабайұлы Ташкенттегі Ә.Науаи атындағы өзбек тілі және әдебиеті институтының доценті екен. Филология бойынша PhD докторы, Алтай тілі мен өзбек тілінің қыпшақ диалектісін салыстыра зерттеп, ғылыми жұмыс жазған. Бұдан басқа «Алпамыс» эпосын зерттеп, оның өзге тілдердегі мәтіндерін қарасөзбен аударып, зерттепті. «Алпамыстың» әр тілдегі нұсқасында қандай өзгешелік бар, сюжеттері мен адам аттары қандай – бәрін жатқа соғып отыр. 
Өзбек бауырлар саясат, экономика мәселелерінің өздерінің адамдары бар, ал біз әдеби-мәдени байланыстарды күшейте беруіміз керек. Қазақ-өзбек достығы күшейе берсе, бұл бүкілтүркілік одақтасуға үлкен әсер етеді деген ой айтты.

Әңгіменің соңында мен өзімнің түркі бірлігі үшін қызмет ететін газеттің өкілі екенімді айтып, ғылыми-шығармашылық экспедицияның жетекшісі Әнуар Қарабайұлын әңгімеге тарттым.

– Мамандығыңыз қандай, бұл экспедицияның мақсаты не?

– Он жылдан бері алтайтанумен айналысамын, сол бойынша ғылыми мақалалар жазып жүрмін және Таулы Алтай өлкесінің ғалымдарымен байланыстамын. Өзбекстанда «Алтайлар» деген кітап шығардым. Сонда байқағаным, біздің елімізде алтайлықтар жайында жұрт білмейді екен. Сөйтіп, мен олардың тілі мен салт-дәстүрлері жайында мәлімет бергеннен кейін бұлар біздің адамдар «бізге ұқсайды екен» деп қызыға бастады.
1990 жылдан 2017 жылға дейін бізден ешкім Алтайға барып көрмеген. Өйткені алтайтанумен ешкім шұғылданбаған. Өткен жылы оларда жыраулардың жиыны болды, мен соған барып келген соң достарым біз де барып көрсек деген ниетін білдірді. Ол жаққа, әрине, жайдан-жай бармайды, рухани тұрғыдан бірдеңе алып қайту керек. Бірақ мұндай сапарға біреу демеушілік етпесе бару да оңай емес. Меценаттар да ғылымға көңіл бөле бермейді ғой. Дегенмен Ғафур Ғафуров деген бизнесмен жігіт Таулы Алтайға баратындардың жол қаржысын өзі көтеретін болып, 13 адамнан тұратын экспедицияны жасақтауға кірістік. Сөйтіп, бізді бастап баруға өзбек қоңырат­тарынан шыққан атақты ақын Усман Азимге қолқа салып едік, бірақ ол кісі аяқ астынан бір драмалық шығарма жазуы керек болғандықтан, бізбен бара алмайтын болды.
Өзімнен басқа экспедиция мүшелері ту­ралы айтсам, қатарымызда екі тарихшы – Өз­бекстандағы репрессия құрбандары музейі директорының орынбасары, тарихшы ғалым Бахром Ирзоев пен хорезмдік ғалым, тарих ғылымдарының докторы, «Жалалиддин Мәң­гіберді» қорының төрағасы Бекзат Абдрейімов, фольклоршылар – «Өзбек тілі және әдебиеті» журналының бас редакторы Фаррух Жаббаров пен «Алпамыс-медиа» студиясының директоры Өктем Хакимов, журналист-қалам­­герлер – «Өзбекстан тарихы» телеарна­сының редак­торы, ақын, Нажмиддин Ерматов, «Маданият және марифат» теларнасының бас редакторы Сапаралы Құрбанов, жас жазушы, қазір бізде өте танымал болып жатқан «Қорықпа» деген романның авторы Жаулан Жаулиев, суретші, Ташкенттегі Бенков атындағы республикалық өнер колледжінің оқытушысы Еркін Арал бар.

Таулы Алтайда осы жылдың 11-14 шіл­­десінде «Эл-Ойын – 2024» этнофестивалі өтеді, оның арасында 12-маусымда халықаралық жыраулар құрылтайы болады. Оған бізден Сафар бахши Шайдилов қатысып, өзбек дом­бырасымен жыр жырлайды. 

– Алматыға келгенше Қазақстанның қай жерлерін араладыңыздар?

– «Бабалар ізімен» ғылыми-шығармашылық экспедициясын құрған соң, ұшақпен Таш­кент­тен Таулы Алтайға бірден ұшып барғанша, ел аралап барайық, көлікпен жүрейік деп шештік.
Қазақ жеріне өткен соң ең әуелі Түркістан облысындағы әлемге танымал ежелгі Отырар қаласына ат басын тіредік, Қаланың орнын көр­дік. Одан соң Шымкент қаласына келдік. Ол жерде бізді қазақ-өзбек «Достық» қоға­­мының басшысы Икрам аға күтіп алды. Өзі өзбек қыпшақтарынан шыққан кісі екен. Қала­ның біраз жерлерін аралатты. Мейрам­­­ханаға апарып қызмет көрсетті. Біраз адаммен таныстырды.
Шымкенттен шығып Тараз қаласына келдік. Ондағы Тектұрмас атаның ескерткішін көрдік. Қала халқының тұрмысымен танысып, көп мәліметтер алдық. Бұл жерде көне қарлұқ мәдениетінің ізі бар. Мұндағы өзбектердің бәрі қазақша жақсы біледі екен. Сөйтіп, Тараздан Алматыға келіп тұрған бетіміз. Енді Алматы­дағы музейлерді аралаймыз. 
Алматыда бір күн болған соң Семейге қарай шығамыз. Жолда Аңырақай соғысы өткен жерді көрмекпіз. Қазақтың «Жаужүрек мың бала» фильмін көргенбіз. Ол соғысқа қатысқан рулар өзбек арасында да бар. 
Одан шығып Семейге барған соң қала­дағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне соғамыз, Шә­кәрім университетінің про­фессоры, тарих ғы­лымдарының кандидаты Мұхтарбек Қар­­пы­­қ­­ұлына жолы­ғамыз. Ол кісі мені бірнеше рет өздерінде өткен конфе­ренцияларға шақырып, қатыстырған. Кон­ференцияда мен біздің Сұр­хандарияда тұ­ратын өзбек қыпшақ­тарының қазақтармен рухтастығы жайында, «Алпамыс» эпосында айтылатын Жиделі-Байсынның Сұр­хан­да­рияға қатысы бары туралы айтқан едім. Сол сияқты, Түркістан қаласында өткен «Алтын орда және оның мұрасы» халықаралық кон­ференциясына да қатысып, өзбек хандығы мен ноғай ордасы арасындағы тарихи та­мыр­ластық жайында сөйледім. Ноғай­лының 72 руының 48-і күні бүгінге дейін өзбек ішінде де сақталған. Сол сияқты домбыра аспабы қазақта, өзбекте, ноғайда бар, қара­қалпақ пен түркіменнің дутары да домбы­рамен бірдей. Домбыраға ұқсаған аспап алтайлықтарда бар екен, олар оны топчур деп атайды. Демек, Ал­тын Орда дәуірінде бұл музыкалық аспап бәрімізге ортақ болған және бәріміз де домбыра деп атағанбыз.

– Қазақтар этникалық негізіне ерекше мән береді ғой, яғни, ру мәселесіне. Сіздерде бұл жағы қалай? Өзбек халқы ру дегенді айта бермеуші еді...

– Қазақ-өзбек түбі бір, ұлт болып бөлек отау тіккеніне көп уақыт болмаған халықтар ғой. Сіздерде бар рулар – біздерде де бар. Сырт көзге ол біліне бермейтін шығар, шын мәнінде өзбектер де рудан құралған халық. Мысалы, менің руым – оймауыт. Қазақта оймауыттар Ұлы жүздің дулат тайпасының ішінде жаныс руында бар екен. Ал біздің экспедициямыздың құрамында найман да, қоңырат та бар. Оты­рарға барғанымызда сол маңда қоңыраттар тұрады екен. Енді экпедициямыздағы найманға Семейдің наймандарын көрсетеміз (күлді). 

– Семейден шығып Таулы Алтайға жолға шығасыздар ма?

– Иә. Бұйырса, Семейден кейінгі бағы­тымыз – Таулы Алтай. Ол жақта біз 10 шілдеде болуымыз керек. 11-14 шілдеде Таулы Алтайдың Усть-Кан ауданында өтенін «Эл-Ойын – 2024» этнофестиваліне қатысамыз. 
О баста біз алдымен Тыва республи­касындағы Енесайға да соғып, руникалық ескерткіштерді көрсек пе деп едік, оның жолы қиыстау екен. Сондықтан біз әуелі Хакасияның астанасы Абаканға барып, ондағы С.Кадышев атындағы Мәдениет және Халық шығарма­шылығы орталығында болуды жоспарлап отырмыз. Оның басшысымен сөйлесіп қойдық, олармен екіжақты меморандум жасаймыз. Сөйтіп, Өзбекстанда хакас тілін үйренуге жол ашпақпыз. Одан әрі Енесайда болып, Краснояр өлкесіне соғып, сол жерден Ташкентке қай­тамыз.
Жол бойы көрген-білгендерімізді жазып, жинаған мәліметтерімізді саралап, сапардан алған әсерімізді елге келген соң баспасөзде жариялаймыз деген ниет бар.

– Түркі мәдениетінің тұтастығы тура­лы не айтасыз?

– Құдайға шүкір, қазір түркі халықтарының арасында мәдени интеграция жақсы жүріп жатыр ғой, бәрі бір-бірімен туыс, тарихи тамыры бір екенін бұрынғыдан да анағұрлым жақсы сезініп жатыр. Аздаған өзгешеліктері болмаса, тілдері де бір-біріне өте жақын. Бәрі бір-бірімен шекаралас елдер. 
Ал енді қазақ-өзбек байланысына келсек, қазір мәдени тұрғыдан алғанда, екі халықтың арасында ешқандай жаттық, шекара жоқ. Өйткені негізіміз бір, тіліміз жақын, дініміз бір. Сондықтан бұл сапарымызды қазақ елін аралаудан бастағанымыздың да себебі белгілі деп ойлаймын. 
Бұрын да қарым-қатынасымыз жақсы еді, енді одан жақынырақ болғанымыз абзал. Орталық Азияның авангарды болып тұрған қазақ-өзбек халықтары болашақта бүкіл түркітектестердің бірлігіне үлкен әсер етері сөзсіз. Оның алғышарттары қазірдің өзінде айқын байқалып жатыр. Біз соған қуанамыз. Лайым, достық, туыстық қатынасымыз өзге­лерге үлгі бола бергей!

– Әңгімеңізге рахмет, сапарларыңыз сәтті болсын! 

– Алматыға Өзбекстаннан бауырларымыз келді деп, бізбен жүздесуге уақыт бөлгендеріңіз үшін сіздерге де алғысымды айтамын!

Жалпы, бұл кездесуден мен өзбек бауырлардың да біз секілді өздерінің этникалық негізіне деген қызығушылығы арта бастағанын байқадым. Мәселен, бұрында өзбек халқы ру мәселесіне онша мән бермейтін болса, мына экспедиция мүшелерінің барлығы өз руын білетін болып шықты, тіпті, оның  қазақтың қай жүзінде кездесетініне дейін айтып отыр. 
Әрине, бұл арада тайпашылдық жайлы айтқым келіп отырған жоқ, тек өзбек азаматтарының тарихи тамырына қызығып, өздерінің қазақтармен түбі бір халық екенін мақтанышпен айтатынына риза болдым. «Тарап кеткен бабаларыңды бауырыңа, Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, Тілім» деп Мағжан ақын айтқандай, түркілердегі тілдің бірлігі – елдің бірлігіне жеткізе берсе одан артық не бар?!

Серіктес жаңалықтары