«Зейнетақы жинақтарын шоттан шығарып беремін»: елордада кезекті алаяқ анықталды
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, күмәнді мәмілелерден бас тартуды ескертеді
Нұра ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 34 жастағы қала тұрғынын анықтады, деп хабарлады turkystan.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында белгілі болғандай, әйел жәбірленушіге зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесемін деп уәде берген. Қаражат шұғыл қажет болғандықтан, жәбірленуші ештеңеден күмәнданбай, алаяққа барлық жеке деректерін пайдалануға болатын құпия кодтарын берген. Келіскен уақыттан кейін қаскүнем «уәдесін» орындай алмайтынын сылтауратып, арадағы мәміледен бас тартқан.
«Бірнеше айдан кейін жәбірленуші зейнетақы жинақтарын шешіп алмақшы болғанда, шотында қаражат жоқ екенін білген. Келтірілген материалдық шығын 3 млн 600 мың теңгені құраған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Әйелдің елорда аумағында жасалған осыған ұқсас алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы бары анықталды», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, күмәнді мәмілелерден бас тартуды ескертеді.