Экс-әкім Мұрат Әйтеновтың ағасы 5 тәулікке қамауға алынды

Құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оған дөрекі сөйлеген. Осылайша басқа адамдардың да тыныштығын бұзған.

Экс-әкім Мұрат Әйтеновтың ағасы 5 тәулікке қамауға алынды
Марат Әйтенов. Фото: forbes.kz
670

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің туған ағасы Марат Әйтеновке қатысты іс қаралды. Сот шешімімен ол 5 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.

Істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оған дөрекі сөйлеген. Осылайша басқа адамдардың да тыныштығын бұзған.

«Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Айтуынша, бұрынғы жұбайы оның өтінішімен балаларын беруден бас тартып, олардың қолдарынан ұстап жібермеген. Ол балаларды әкету үшін еденде отырған әйелдің аяқтарынан тартқан. Сондай-ақ ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын айтып, ақталды», – делінген хабарламада.

Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны көшіру кезінде күш көрсетіп, оған шабуыл жасап, денесіне зақым келтірген. Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталады.

«Жоғарыда келтірілген мән-жайларды, сондай-ақ жұртқа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі (Адамдарды сыйламаушылықты білдіретін, олардың тыныштығын бұзатын, әдепсіз сөз айту, қорлау, тұрмыстық заттарын бүлдіру) бойынша кінәлі деп танылды. Оған жаза тағайындалып, 5 тәулікке қамауға алынды», – деп мәлімдеді ведомство.

Серіктес жаңалықтары