«Ай мен Айша» қойылымындағы ұлттық рух

Шерхан Мұртазаның өмірбаяндық «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі негізінде қойылған «Ай мен Айша» спектаклі театрдың жаңа ізденістерінің жалғасып жатқанын айғақтайды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сахнаға шыққан бұл қойылымға режиссер Т. Жаманқұлов араға бірнеше жылдар салып қайтадан оралды. Ол 2021 жылы спектакльді түбегейлі өңдеп, жаңғыртып, жаңа режиссерлік пайымдаулармен толықтырулар жасады.

«Ай мен Айша» қойылымындағы ұлттық рух
1125

Халқымыздың рухани мұрасын көздің қарашағындай сақтап, өнердің киелі қара шаңырағына айналып кеткен М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры құрылған күнінен бастап бүгінге дейін өз репертуарын қаһармандық рухқа толы, еліміздің өткен тарихынан сыр шертетін төл туындыларымызбен толықтырып келеді. Мұның өзі театр ұжымының кемел де көлемді дүниелерге батыл барып, талмай еңбек етіп, шеберліктерін шыңдап отырғанын көрсетеді. Айталық, Шерхан Мұртазаның өмірбаяндық «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі негізінде қойылған «Ай мен Айша» спектаклі театрдың жаңа ізденістерінің жалғасып жатқанын айғақтайды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сахнаға шыққан бұл қойылымға режиссер Т. Жаманқұлов араға бірнеше жылдар салып қайтадан оралды. Ол 2021 жылы спектакльді түбегейлі өңдеп, жаңғыртып, жаңа режиссерлік пайымдаулармен толықтырулар жасады.

Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаман­құлов бұған дейін аталған театр сахнасында К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», У.Гаджибековтың «Аршын – мал алан», Ш.Құсайыновтың «Томирис», Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтарын» табыспен қойған. Оның режиссерлік қолтаңбасы әр спектакль сайын жетіліп, терең ойымен, келісті пластикалық шеші­мімен және ұлттық ерекшелікке сай бояу­ларымен қазақ театр өнерінің алтын қазынасына қосылды. Эстетикалық биік талғам иесі Т.Жаман­құлов хал­қымыздың басынан кешкен талай күрделі құбы­­лыстарды заман рухына сай дәлдікпен, көр­кемдік өткірлікпен суреттеудің озық үлгісін көрсетіп келе жатқаны баршамызға аян. Сондай ізденісінің бірі «Ай мен Айша» қойылымынан да анық сезіледі. Шығарманы терең зерттеген режиссер сол дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік сипа­тын жан-жақты қарас­тырып, «халық жауы» атанып жазықсыз жапа шек­кен Мұртаза сынды азаматтардың отбасы тағдырын Айша бейнесі арқылы көрсетуді басты мақсат етті. Сонымен бірге Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы ауыл тұрғындарының иы­ғына жүктелген ауыртпалық, аштық пен жоқшы­лықтың зардабын шынайы бейнеледі. 
Заңғар жазушы Ш.Мұртазаның екі бірдей көркем туындысының басын біріктіріп, сахналық нұсқасын жасаған Еркін Жуасбек авторлық көркем баян­дауларды ішкі қуаты мол диалогтарға айнал­дырып, кейіпкерлер әрекетін тартыс желісіне бағын­дырған. Бұл сахнада суреттелетін оқиғаның әлеуметтік ауқымын кеңейтіп, кейіпкер мен қоғам арасындағы қайшылықтың айқын көрінуіне негіз болды. 
Режиссер қойылымның сахналық архи­тек­тоникасы мен спектакльдің пластикалық шешімін оңтайлы ойластырумен бірге, сахна кеңістігін толық пайдаланған. Шымылдық ашылған кезде қазақ даласының ұлан-ғайыр кеңдігі, ауыл адам­дарының емін-еркін қозғалыстары арқылы кескін­демелік әдемілікпен шешілген. Залда отырған кө­рермендер суретшінің бейнелі де бедерлі үлкен полотнолы көркем туындысын тамашалағандай әсерге бөленеді. Бүкіл сахна жарықтың көмегімен құлпырып, әрбір кейіпкердің іс-әрекеті тайға таңба басқандай анық көрінеді. 
Спектакльдің алғашқы сахнасы ауыл адам­дарының күнделікті алаңсыз тіршілігін көрсетуден басталады. Өз шаңырағында бала-шағасының ортасында домбыра тартып, ән айтып алаңсыз отырған Мұртазаны –Ж.Толғанбай НКВД-ның түсі суық шабармандары сүйреп әкетеді. Қанды қақ­панға ілінгенін түсінген Мұртаза: «Айша, бала­ларға ие бол! Отымды өшірме!» деген сөздерді айтып қана үлгереді. Сүйген жарына балаларын аманат етіп қалдырған отағасының бұл сөздерін режиссер спектакльдің басты нысанасына айнал­дырып, бұдан кейінгі сахналардың барлығын да осы ойды ашуға бағыттаған. Яғни, ұрпақты аман сақтап қалу мәселесі спектакльдің негізгі өзегіне айналған. Қорғансыз қалып, шарасыздықтан шырылдаған Айша үш бүлдіршінді асырау үшін бел жазбай жұмыс істесе, соғыстан оралмаған баласы­нан қалған жалғыз немересін басқа босағаға телміртпес үшін әмеңгерлік жолымен кіші ұлына келінін күшпен қосуға мәжбүр болған Мамай ақсақалдың әрекетінен ұрпақты сақтау идеясы байқалады. 
Халқымыздың басынан кешкен қилы кезеңді дәуір рухына сәйкес беру үшін режиссер мен су­ретші М.Сапаров сахнаның түпкі жағына қо­йылған үлкен қақпаны символдық тұрғыда оңтайлы ойнатқан. Бұл қақпа – спектакльдің басынан соңы­нан дейін екі дүниенің есігіндей әсерге бөлейді. Қақпа ашыла қалғанда бірер минут Led экраннан кеңес әскер­лерінің майдан дала­сындағы қиян-кескі шайқасы көрсетіледі. Көрерменге сол есіктің арт жағында ажал құрығы дайын тұрғандай сезіледі. Өйткені қақпа әр ашылып жабылған сайын кейіп­керлердің өміріне қатысты маңызды оқиғалар бо­лып, олардың ішкі жан дүниесіндегі арпалыстар күшейе түседі. Өне бойыңды тітіркендіретін музыка үнімен қоса, будақтап көтерілетін тұман заман ызғарымен бірге денені қарыған кәдімгі аяздың күшін де айнытпай берген. Осындай сахналық эффектілер арқылы режиссер спектакльдің ат­мосферасын тура тапқан. 
Сахнаның сол жағына Айшаның, оң жағына Мамай ақсақалдың үйі қатар орналасқан. Бұл арқы­лы режиссер екі отбасы мүшелерінің хал-күйі мен қайғы-қасіретін параллельді көрсетіп, эмо­циялық жағынан өтімді, психологиялық тұрғыда нанымды, актерлік орындаушылығы шынайы көңіл күйлерге жетелейтін кең тынысты қойылым тудырды. 
Т.Жаманқұлов спектакльдің пластикалық шешімі мен мизансценаларды бедерлі құрумен бірге актерлердің рөлді меңгеруіне ерекше көңіл бөлген. Әр актер бейне жасаумен бірге, сахналық ой-әрекетінің айқындығымен идеялық-әлеуметтік жүк көтерген.
Қойылым оқиғасын дамытып отыратын Айша рөлін белгілі сахна шебері Дәрия Жүсіп орындады. Театр төрінде небір қыз-келіншектер мен ана бейнелерін жасауда тәжірибесі мол актриса Айшаның жарына адал, балаларына пана болып, ар-намысын ешкімге таптатпаған қайсар ана тұғырына көтерді. Бүкіл спектакль бойы күрделі психологиялық қарым-қатынастарды ұстап оты­ратын Д.Жүсіп көп қырлы, қыртысы мол кейіп­керінің психофизикалық қалып-күй ахуалын тура тапқан. Актрисаның әрбір қозғалысы мен көз­қарасы іштей ширыққан адамның жан күйзелісін анық жеткізеді. Баласының «Саясат деген не?» деген сұрағына «Оны кім біліпті?» деп жауап қайырады. Орындаушы Айшаның айнала­сындағы саяси оқиғаларға деген түсініктерінің тым қарапайым екенін иланымды етіп берді. Шынымен де, күн­делікті тіршілік күйбеңімен айналысып жүрген әйелдің аузынан осындай жауаптың қайтарылуына күмәнсіз сенесің. Ең бастысы, актриса өз кейіпкерін қиындық көрген сайын шар болаттай шыңдалып, асау толқынға қарсы жүзе білетін өткір мінезді етіп кескіндеді. Жастай жесірліктің тау­қыметін тартып әрі соңынан қалмай «халық жауы­ның» әйелі екенін бетіне басып, жүйкесін тоздырған Тасбеттің – Ж.Садырбаев қорлығына төтеп берген Айша рухы­ның беріктігіне тәнті боласың. Әсіресе, жалғыз сиы­рын ауру деп тартып алмақшы болған одан қорықпастан сиырды сойып, бүкіл ел-жұртқа таратып беретін сәті де ерлікпен тең. Қылышынан қан сорғалап тұрған сол заманда мұндай тәуекелге жүрегінің түгі бар адам ғана баратыны сөзсіз. Шиет­тей балаларын аштықтан құтқару үшін Барысханды жанына ертіп үскірген боранда «Зингер» тігін ма­шинасын алып келетін сахна да ерекше әсерге бө­лейді. Бұл барлық қазақ анасының балаларға деген махаббаты мен мейірімінің шексіздігін көрсетеді.
Режиссерлік интерпретацияда Айша ауыртпа­лықтарға қарсы тұра білетін қайратты жан. Қызыл империяның езгісі, жоқшылықтың қыспағы, са­ғыныш пен күйініш шері, оның көңілін қара қазан етсе де, емендей иілмейді. Ол: «Жаратқан қайырымды болса, пенделерін неге мұнша зарықтырады? Қайда оның қайырымы? Жаратқанға мына мен не жаздым? Мына Тотия не жазды? Мына балалар не жазды? ...Жер жүзінде жетім қалғандар мен жесір қалғандар жабыла қол көтерсе, аспан астында бос орын аз қалар еді. Не жазыпты соның бәрі Жасағанға?!», – деп мұңын шағады. Айшаның жүрегін жарып шыққан бұл сөздер қазіргі кезде де мағынасын жоғалтқан жоқ. Адамдардың жер бетінде азап шегуіне адам­заттың өздері кінәлі екенін уақыт көрсетіп келеді. 
Айша – Д.Жүсіп күрсінеді, күңіренеді, тағ­ды­рына налиды. Бірақ қанаты қатпаған балаларына қарап, белін бекем буып, ерлерше қайрат жияды. Спек­такльдің азаматтық арқауы да – осы. Айша үшін – балаларын аман сақтау – мұрат. Ұрпақ аман болса – ел болашағы бар. Сахнадан режиссердің осы ойы анық аңғарылып, қойылым рухын ас­қақтата түскен. 
Актриса Айша рөлі арқылы қиындыққа мойы­май, балаларының, әулетінің, елінің қамын жеп, мықты ұрпақ өсірген қазақ аналарының жиынтық бейнесін жасады. 
Балалық шағы сағымға айналып, жоқшылық пен ауыр еңбектен көзін ашпаған Барысхан рөлін орындаған Елжан Тұрыс кейіпкерінің күрескерлік рухын жеткізе алды. Оның Барысханы өте сергек, елгезек, тез қимылдайтын елпек мінезді бала болып сомдалды. Ол әкесін жазықсыз мерт еткен Кеңес өкіметін іштей жек көреді. Баланың ширауына қоғамдық ахуалдың қатты әсер еткенін, анасының жанында жүріп әділетсіздік пен қорлықтың кермек дәмін ерте сезінуін актер психологиялық-эмоцио­налдық дәлдікпен көрсетті. 
Қыстың жабырқау түнінде Айша балаларының көңілін аулап есінде қалған ертегісін айтады. Онда патшаға қарасты Мыңбұлақтағы қалың еліктің бірін жеп кеткен көкбөріні ұстап әкелген шабар­мандар ханның бұйрығымен оның терісін тірідей сыпырып алады. Сонда арланның қыңқ еткен ды­быс шығар­мауы Барысханға ерекше әсер етеді. Режиссер осы аңыздағы қасқырға көп мағына си­дырған. Бұл ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың қамытын киіп, қаншама қорлық пен зорлық көрсе де, терісіз қалған көкбөрідей үнсіз төзген халқы­мызды меңзейді. Қасқырдың қайсарлығы Барыс­ханның жігерін жанып, рухын қайрай түседі. Актер өз ойында анасының сырласы әрі мұңдасы бола жүріп, өзіндік көзқарасы бар, мақсаты мен мұраты айқын жет­кіншек бейнесін мүсіндеді. 
Қойылымдағы шырайы мол кейіпкердің қа­тарына А.Бектеміров тұщындыра сом­даған Ма­майды айту лайық. Орындаушы сол кездегі қазақ қария­ларының еңбек май­данында ғана емес, ауылдағы жетім-же­сірлерге пана бола білген ел ақсақал­дарының жиынтық бейнесін жасады. Актердің бай­салды қимыл-қозғалысы, ойлы көз­қарасы, парасатты келбеті бәрі де кейіпкер бейнесіне сәйкес табылған. Мамай соғыста қаза тапқан баласы Орақ­тың ізін өшірмей, одан қалған жалғыз тұяқты жат жұртқа жібермеуге белін бе­кем буады. Кіші баласы Нұр­перзентке: «...Орақ енді келмейді. Келін кетпекке ой қылып жүр. Ол кетсе, бізге Әскербек жоқ. Орақтың оты өшеді. Түсіндің бе, ей мыл­қау! Орақтың оты мүлде өшеді», – деп күйі­нішпен тіл қатады. Ал Тотия мінез көрсетіп, бұлқан-талқан болып, төркініне кетуге беттегенде көзінен сорасы ағып, үлкен басымен босағаға көлденеңінен жатып, келінін жібермейді. Осы сахнада актер өз кейіп­керінің пси­­хологиялық көңіл күйін биік нүктеге жет­кізіп, ұрпағы үшін жанын қию­ға даяр адамның кескінін айнытпай жасады. Мамайдың әрекеті отбасының бере­кесі мен бірлігін сақтауға ба­ғыт­талған. Нұр­перзент басқа қызды жақ­­сы көрсе де, әке сөзін жерге тас­тамай, тағ­дырға мойын­сұнып, ата-анасының тілегін жерге қал­дыр­майды. Жесірін қаңғытпай, жеті­мін кісі қолына қарат­­пауды көксеп тұрған дана қарияның жан айқайын баласы дұрыс түсінеді. Актер ойында Ма­май бір отбасының діңгегі емес, бүкіл қазақ қоға­мының тірегіне айналған деңгейге көтерілді. 
Қамқа рөліндегі Г.Жақыпова кейіпкерінің сахналық кескінін сәтті тапқан. Ақ жаулығы желбіреп, бала-шағасының болашағына алаңдап, бір сәт тыныш отыра алмайтын мейірімді әженің жан толқынын, жүрек лүпілін актриса шеберлікпен жеткізді. Соғыста мерт болған ұлын ойлап қос жа­нары су қараңғы болып солса да, үй ішіндегі адам­дардың күйініші мен сүйінішін дәл сезіп, со­лармен бірге тыныстап отыратынын әрбір қимы­лынан аңғартады. Көзі көрмесе де, көкірегі ояу Қамқаның қайраты мен қажыры ешкімнен кем емес. Күндіз-түні балаларының амандығын Алладан тілейтін дарқан көңілді Қамқаның өн бойынан қазақ аналарына тән кеңдік пен қамқорлық есіп тұрды. 
Спектакльде Нұрперзент пен Айдайдың жолығы­сатын сахнасы лирикалық тұрғыда шешілген. Сахнаның түпкі жағындағы Led экраннан көрсе­тілген ақ қайыңдар мен жайқалған гүлдер жас­тардың жан дүниесінің тазалығындай әсер берсе, жоғарыдан түсірілген түрлі-түсті жарықтар ма­хаббаттың символындай көрініп, қойылымның поэтикалық қуатын күшейте түскен. 
Нұрперзент – Ермек Бектасов пен Айдай – Сая­жан Құлымбетова бір-бірімен оңаша жолы­ғыс­қан бозбала мен бойжеткеннің сөздері мен іс-әре­кет­терінен қазақ жастарына тән биязылық пен ұяң­дықты көрсете алды. Орындаушылар алғашқы ма­хаббат сезімінің таңғы шықтай мөлдірлігін, бала­лықтың балауса тазалығын ебедейсіз қимыл­дары­мен, бірінің көзіне бірі тік қарай алмай ұялу арқылы жеткізді. Олардың арасында тұтанған нұр­лы се­зім­нің шуағы айналасына жылылық сеуіп, көрермен көңілін серпілтіп жібереді. Жүгіріп кеткен қыз соңынан қарап тұрған Нұрперзенттің қуа­нышты көңіл күйін Мамай ақсақалдың Орақ туралы зары бұзып кетеді. Сахнаны қайтадан күңгірттік басып, екі жастың алдағы уақытта бірге бола ал­май­тыны­нан хабардар етеді.
Жесірліктің қамытын ерте киген Тотия рөлін­дегі Арай Өмірова жас әйелдің ішкі қасіретін дұрыс түсінген. Үріп ауызға салардай жас келін­шектің қабағын кірбің басып, үнемі ой үстінде жүреді. Күйеуінің інісіне қосылуға қарсылығын көрсет­кенімен де ата-енесінің сөзін тастамай ибалық таны­тады. Жүрегі қаламаса да амалсыздан баласы үшін өзін құрбандыққа қиған Тотияның жан тебі­реністерін актриса нанымды етіп, ұтымды берді.
Спектакльдің соңы оптимистік рухта аяқта­лады. Айша жастарға қарап: «Ұшыңдар! Сендер қанат қа­ғып ұшыңдар! ...», – деп оларға ақ батасын береді. Осы сәтте көк жүзінде ерсілі-қарсылы құстар сам­ғап ұшады. Бұл арман қанатына мінген жастардың бола­шаққа деген сенімі мен үмітін көрсететін әдемі шешім.
Аталған спектакльдегі актерлік ансамбльдің тұтастығы, композициялық жинақтылық, ыр­ғақ­тылықты ұтымды ұстану, сахна кеңістігін қол­да­нуындағы қызықты шешімдер Т.Жаман­құловтың суреткерлік даралығын танытады. 
Режиссермен бірлесіп жұмыс жасаған ком­позитор Ш.Базарқұлованың музыкасы қойылым­ның идеялық мазмұнын ашуға мол септігін тигізген. Сонымен қатар әр кейіпкердің өмірбаяндық та­рихына қатысты сахналық костюмдерді жасаған Б.Әбдіманапованың еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Спектакльдің биін қоюшылар – Г.Мұха­меджа­нова мен Г.Бахарова көпшілік сахналардағы билерді кәсіби деңгейде қойған. 
Қорыта айтқанда, белгілі сахна саңлағы, тал­ғампаз режиссер Т.Жаманқұловтың шабытты режиссурасымен қойылған «Ай мен Айша» спек­таклі өзінің эпикалық кеңдігімен, шығар­машылық талапқа сай идеялық құндылығымен көрерменнің тарихи жадысын жаңғыртып, ұлтымыздың ұлы­лығы мен қайталанбас өмірін суреттеп беруімен құнды. Спектакль бүгінгі жас ұрпаққа өткен тари­хымызды парақтап, ата-апаларымыздың өршіл ру­хының арқасында бүгінгі егемендікке жет­кенімізді паш етеді. 
Сондықтан да бүкіладамзаттық мәңгілік мәсе­лелерді арқау еткен «Ай мен Айша» қойылымы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлы­ғын алуға лайық спектакль деп білеміз.

Бақыт НҰРПЕЙІС, 
өнертану докторы, театртанушы, 
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық 
өнер академиясының профессоры

Серіктес жаңалықтары