Рухани уызға жарымаған бала оқырман болып та жарытпайды

Өйткені халқымыздың «уызына жарымаған» деген тұрақты сөз тіркесі тән азығының жетіспегенін ғана білдірмейді, ол сонымен қатар пенденің рухани азықтан құр алақан қалғанын да аңғартады.

Рухани уызға жарымаған бала оқырман болып та жарытпайды
коллаж: turkystan.kz
1107

Тәннің тіршілігін ұзарту үшін, әлбетте, оны қоректендіреміз. Ал жанды азықтандырмасақ, ол да жадап-жүдейді. Жанды жүдетпейтін бұл қоректі біз рухани азық деп атап жүрміз. Адамзат жаралғалы бері дүниеге келген әрбір перзент алдымен ана сүтімен ауызданып, ана әлдиіне құлағын үйретеді. Табиғи қажеттілік болғандықтан бірін-бірі толықтыратын тән азығы мен жан азығын бөле-жара қарастыруға мүлдем болмайды. Өйткені халқымыздың «уызына жарымаған» деген тұрақты сөз тіркесі тән азығының жетіспегенін ғана білдірмейді, ол сонымен қатар пенденің рухани азықтан құр алақан қалғанын да аңғартады.

Ана әлдиінен бастау алатын балалар әдебиеті дегеніңіздің ру­хани уыз екенін ұқтыңыз ба енді? Уызына жарымаған перзенттің кезінде адам ағзасына қажетті дәрумендері жеткілікті болма­ғандықтан қабілетсіз, әлсіз, шынжау, кемтар, жарымжан, аурушаң болып өсетінін бәріңіз де білесіздер. Ондай ұрпақ ұлтымыздың болашағын бағдарлап, асқақ арманын жүзеге асырмақ түгіл өз бетімен тіршілік етіп, өмір сүруге де қабілетсіз болмай ма? Сол сияқ­ты «білмекке құмарлық» (Абай) танытып, «Бақа, бақа, балпақ, басың неге жалпақ, көзің неге тостақ, бұтың неге талтақ?» деп фольклормен ауызданбаған, балалар әдебиетін оқып өспеген баланың келе-келе сан алуан жанрда жазылған үлкен әдебиетке – кесек-кесек көркем туындыларға тісі батпайды. Яғни, ол бала оқырман болып та жарыт­пайды. Адам өміріндегі барлық игілік, барлық жетістік әуелі оқырман болудан – тірнектеп білім алудан басталады. Ендеше, біз еліміздің ертеңін ойлап, өремізді өсіргіміз келсе, әуелі оқырман дайындап алуымыз керек! Ол оқырманды кім дайындайды? Әрине, оның алғы ле­гінде балалар әдебиетіне үлес қосып келе жатқан ақын-жазушылар бар. 
Ұлан-ғайыр далаға алғашқы қоңырау үнін тыңдатқан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин, халқымыздың ХХ ғасырдағы көшбастаушы көсеміне айналған алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы, әлем әдебие­тінде теңдесі жоқ орыс жазушысы Лев Толстой, дүниені дүр сілкін­дірген ағылшын ақыны Редьярд Киплинг, т.б. даңғыл даналар ере­сектерге арналған шығармаларымен қатар балалар әдебиетіне де арнайы қалам тартып, ерекше назар аударғаны тегін деп ойлайсыздар ма? Бұл тізімді бұдан ары қарай да созып, ұзақ әңгіме айтуға болар еді. Бірақ біз осы жерден тізгін тарта тұрып, негізгі айтпақ ойымызға көшелік.
Мектеп қабырғасында жүріп Тұмағаңның – әйгілі ақын Тұман­бай Молдағалиевтің батасын алған соң Алматының оқуын азсынып, Мәскеуден мият тапқысы келген бір кездегі жас ақын Болат Үсенбаев студенттік шағында-ақ «Жүзік» атты өлеңімен жастар арасында танымал болып үлгерген-ді. Алғашқы жырлары әнге айналып, сауық­шыл ортада шырқалып та жатты. Республикалық беделді басылым­дарда, баспаларда қызмет істеген ол өзінің мол мүмкіндігі бола тұра кітап шығаруға асыққан жоқ. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Оқыды, үйренді, жазды. Алғашқы өлеңі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын балалар басылымында жарияланғанмен, жаңа ғасырдың басында ғана бірінен соң бірі жарық көрген «Жеңе­ше», «Жүзік», «Таңғы шық», «Киікоты», «Күрең күз» т.б. жыр жинақ­тары арқылы қалың оқырманымен қайта қауышты. Жыр жинақтарының саны да, сапасы да өсіп, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен де марапатталды. 
Сонау 1971 жылы «Балдырған» журналында жарияланған алғашқы өлеңі оның балаларға арналған әдебиетке ерте назар аударғанын көрсетеді. Кейінірек, республикалық «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарында қызмет етіп жүріп бүлдіршіндерге арнап жазған өлеңдері көптің талғамынан шығып, мектеп оқулық­тары мен балалар поэзиясының антологияларына енді. Ал оның қаламынан туған «Тәуелсіздік деген не?» атты қомақты өлеңдер жи­нағы көп жылдық ізденістер мен көзінің нұрын тауысқан қыруар еңбектің жемісі екені түсінікті де.
«Тәуелсіздік деген не?» өлеңдер жинағы тақырыптық жағынан «Тәуелсіздік шуағы», «Құрмет жырлары», «Ең жақсы күн», «Балабақша жырлары», «Табиғат – тылсым әлем», «Жақсы мен жаман», «Шы­нықсаң, шымыр боласың», «Ертегілер мен аңыздар» атты сегіз бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімге енген «Менің туым», «Қазақ­станым», «Елтаңба», «Әнұран», «Ата Заң», «Мәңгілік ел», «Отан – ана» секілді өлеңдердің атауынан-ақ ол жас оқырмандарының туған жерге, ұлы Отанына деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін шыңдағысы келетіні анық көрінеді. 
«Намысымды қайраған
Бұлқынады бойда қан.
Әнұранды шырқасам,
Отан жайлы ойланам», – 
(«Әнұран») 
деп тақылдап тақпақ айтып тұрған баланың ел-жұртының қамын жеген ертеңгі ел қорғаны болып өсеріне риясыз сенесің. Баланың бойындағы отаншылдық сезім еліміздің рәміздерін танудан, тәуелсіздік атты киелі ұғымды қастерлеуден басталады. Шындығында да, тәуелсіздік деген не? Оған ақын өлеңі лайықты жауап береді:
«Тұр сан сауал туындап,
Тәуелсіздік деген не?
Бодан елді шыжымдап,
Ұстайды екен көгенде.

Тәуелсіздік дегенің –
Азаттықтың таңы аппақ.
Дейді Отаның: «Өренім,
Қыран болып қанат қақ!»

Тәуелсіздік – ырыс, бақ,
Қадам басу сеніммен.
Емін-еркін тыныстап,
Бақ кетпеуі төріңнен;

Ол мемлекет болуың,
Басқа елге иық тіресіп.
Жаттан елді қоруың,
Туған жерді түлетіп;

Нұр жайнауы көгіңнің,
Желбіретіп туыңды.
Иемдену өзіңнің
Байлығың – жер, суыңды;

Бұзылмауы дініңнің,
Тұтастығы халқыңның.
Мерейі өсіп тіліңнің,
Сақталуы салтыңның.

Отан – алтын орданың
Өрлегені бағы өрге.
Қазақ атты ел барын
Дәлелдеу бар әлемге!» 
(«Тәуелсіздік деген не?»)
Жинақтағы «Құрмет жырлары» бөліміне енген өлеңдер хал­қымыздың ұлы перзенттеріне арналып, ел қорғаған батырла­рымыздың ерлігіне, ұлтын сүйген ақындарымыздың тағылымына тағзым еткізеді. Ата-бабаларымыздың өнегесін жас ұрпақ есіне салып отырады. Ал «Ең жақсы күн» бөліміне мерекелік жырлар мен ұлтымыздың тұрмыс-салтымен үйлескен этнографиялық сипаттағы өлеңдер топтастырылған. Кішкентай оқырмандар бесік жыры, тұсау кесу тәрізді дәстүрлермен жыр тілінде танысып, жыл – он екі айдың есте қалар жақсы күндері жайлы мол мағлұмат алады. Ең көне ұлық мерекеміз – Наурызды ере­сектермен бірге балалар да асыға күтеді. Олар:
«Нұр-шуақ жүр жүгіріп,
Бұтақтарға бүр іліп.
Наурыздың той шашуы –
Мейірім мен жылылық», – 
(«Наурыз») 
деп қабылдайды. 
Кітаптың «Балабақша жырлары» атты бөліміне енген өлеңдер ерекше назар аударуға лайық. Бір-екі шумақ өлеңдерден түзілген бұл бөлімдегі тақпақтарды оқып отырғанда алдыңнан жамырай шыққан балабақша балаларының үнін естігендей боласың.
«Аппақ бала, ақ бала,
Салақтарды жақтама.
Мұнтаздай боп жүреді
Ұқыптылар тек қана.

Сабын, тарақ, орамал
Жуынуға ала бар.
Кір-қожалақ болады
Жуынбаған балалар».
(«Аппақ бала»)
Немесе:
«Бақ құсымын атамның,
Тәттісімін апамның.
Тілім тәтті болған соң,
«Тәтті бала» атандым, –
(«Тәтті бала») 
тәрізді тақпақтар жаттап алуға да лайық. 
Кітаптың «Табиғат – тылсым әлем», «Жақсы мен жаман», «Шы­нықсаң шымыр боласың» атты бөлімдеріне енген өлеңдерден тақы­рыптарына сай туған жердің табиғатымен етенелікті, жақсыдан үй­реніп, жаманнан жиренуді, бойкүйездікке салынбай, салауатты ғұмыр кешуді үйрететін тәрбиелік мәні зор туындыларды жиі кездестіреміз. Балалардың мінез-құлқын, психологиясын тамыр­шыдай тап басатын ақын өлеңдерін оқырмандарының өресіне лайық көр­кем тілмен өрнектейді. Болат Үсенбаев өлеңдеріне өз оқырман­дарын ертіп отыратын ойнақылық та тән. Ал кітаптың соңғы бөлімі­не еніп отырған «Ынтымақ пен бірлік туралы ертегі», «Жарыл­маған бас туралы аңыз», «Аңдардың мектепке баруы туралы ертегі», «Ма­дияр­дың ерлігі туралы баллада» тәрізді сюжетті ертегілер мен аңыз­дар балаларды өзінің қызықты оқиғаларымен баурап алады. Бұл ертегілер мен аңыздардың әрқайсысын бір-бір мақалаға арқау боларлық туынды деп тануға болады.
Балалар ақын-жазушыларын бағалауды, алыстан арбаламай-ақ, іргеміздегі орыстардан үйренсек те болады. Онсыз да осы күнге дейін орыстан үйренгеніміз кем бе? Назар аударыңыз: әйгілі балалар ақыны Самуил Маршак 1942, 1946, 1949, 1951 жылдары төрт рет КСРО Мем­ле­кеттік сыйлығымен (ол кездері бұл сыйлықтың атауы Сталиндік сыйлық деп аталды) және 1963 жылы Лениндік сыйлық­пен мара­патталса, Агния Барто 1950 жылы Сталиндік сыйлықпен, 1972 жылы Лениндік сыйлықпен марапатталды. Ал Сергей Михалков үш рет Сталиндік сыйлықпен (1941, 1942, 1950 жылдары), бір рет РКФСР Мем­лекеттік сыйлығымен, бір рет КСРО Мемлекеттік сыйлығымен, бір рет Лениндік сыйлықпен марапатталды. Олардың бұдан басқа да толып жатқан атақтарын тізіп жатпай-ақ қоялық. Осы ақындар әлемнің қаншама тіліне аударылды десеңші! Қай-қайсы­сының қазақ тілінде де жарық көрген кітаптары бар. Шартты түрде болса да салыстырып көруге болады, бойы ересен озып тұрмаса да, олармен иық теңестіре алатын қазақ ақын-жазушыларының саны, сірә да, аз емес! 
Сталиндік сыйлықпен, КСРО Мемлекеттік сыйлығымен біздің де Ж.Жабаев, М.Әуезов (Лениндік сыйлық алған жалғыз жазушы), Ә.Нұр­пейісов, Ж.Молдағалиев секілді ақын-жазушыларымыз ма­рапат­талды. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы 1966 жылдан бастап беріле бастағанмен, 1984 жылы ғана ақын Мұ­зафар Әлімбаевтың «Аспандағы әпке» атты балаларға арналған өлең­дер жинағына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Содан бері қырық жыл өтіпті, он томдық антологиясы бар, жүздеген жазу­шысы бар қазақ балалар әдебиеті мемлекет тарапынан мүлдем еске­русіз қалды. Осындай абыройлы марапатқа біз сөз етіп отырған ақын Болат Үсенбаевтың «Тәуелсіздік деген не?» атты балаларға арнал­ған туындысы да лайық деп есептеймін. Оның бұл жыр жинағы соңғы жылдары қазақ балалар әдебиетіне қосылған үлкен үлес екені айқын. 
 

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары