Аңызға суарылған алмас жырлар

Айт-Ман әлемінің үштағаны

Аңызға суарылған алмас жырлар
963

Поэзия өз топырағынан жаралғанда ғана уақыт пен кеңістіктің бірлігін қамтиды, өшпес рухқа ие болады. Мұндағы «топырақ» дегеніміз – белгілі бір кеңістік ауқымындағы атамекен, туған жер ғана емес, сол аумақта түлеген аңыздар мен мифтердің бүр жарған қауашағын мәпелеуші эстетикалық таным. Ал «өз топырағыңызды» түлету – сол аңыздар мен мифтерді рухани кәдеге жарата білу, оны асыл сөзге айналдыру. Поэзиясы аңызға, мифке, арғы танымға белгілі бір деңгейде арқа сүйемесе, одан «дала гүлінің» иісі шықпасы анық.

Бұған Гомерді анық мысал етуге болады. Қанша ғасыр өтсе де, Адамзаттың ақыл-ой қазынасына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан зағип ақынды айтпай тұра алмайтынымыз сондықтан. Оның поэзиясы – грек мифоло­гиясының қайнар көзі. Батыс өнерінің барлық саласында грек аңыздары мен мифтері сайрап жатыр. Соның арғы тегінде Гомердің дастандары менмұндалайды. Еуропа әдебиетінің даму процесін барласаңыз, Гомерден басталған сара жолды әр заманға сай түрлендіріп, жаңа аңыз­дармен, заманауи дүниетаныммен барынша көркемдей білгенін көресіз. Олар үшін әдебиетші (ақын, жазушы) белгілі бір сюжетті жазар болса, белгілі бір детальды өлеңінде, әңгімесінде, яки суреті мен киносында қолданар болса, оны өнертанушылар Гомердің немесе грек мифтерінің өзегінен тауып, суреткердің шеберлігін айқындап жатады. Сілтемесіз-ақ, оны бірден түсіне алады. Шығыс әдебиетшілері, өнертанушылары, оның ішінде түркі дүниесінің жасампаздары ондай бірізділікке қолжеткізе алған жоқ деуімізге әбден болады. Бұл бізде миф, аңыз жоқ дегендік емес, кері­сінше, өте көп. Прототүркілерден тартып, күні кешеге дейінгі аңыздар мен мифтерімізді жүйелі зерттеу, нақтылы байлам жасау жағында ортақтық жоғынан, біз өз топырағымызда түлеген бай руха­ни мұрамызды тиісті деңгейде кәдеге жарата алмай келеміз. Бұған қарап Шығыс немесе түркі сурет­керлері өз топырағын рухани мұраға жаратқан жоқ деген ұғым тумауға тиіс. Арысын айтпағанда, қазақ қаламгерлері ұлттық, түркілік һәм исламдық аңыздар мен мифтерді шығармаларына барынша арқау етіп келеді. Айталық, әлем әдебиетінде Го­мерден кейін көп ауызға ілігетін Қорқыт образы қазақ ақындарының біразының қолына қалам алдырды. «Қорқыт дәдә» кітабындағы кейіпкерлер де қаламгерлердің назарынан тыс қалған жоқ. Әйдік ақын Жұмекен Нәжімеденовтің әйгілі «Қор­қыт» поэмасының өзі ұлт поэзиясының үлкен олжа­сы десек болады. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіреміз. Тек соны жүйелі зерттеп, асылы мен жасығын анықтап отыратын әдебиеттану сала­сының кенже дамуы көп кесірін тигізіп отыр.
Біздің айтпағымыз, қазіргі ақындардың «өз топырағымызды» жырлау барысы турасында бол­мақ. Ұлт поэзиясын аңыздармен суарған тұлға­ның бірі – Светқали (Айт-Ман) Нұржан. Оның поэзия­сы – өз топырағынан нәр алған, оны сан тақырыпта қайта түлеткен бірегей поэзия. Ақынның «Көкі­регім – көне кітап» жинағы сөзі­міздің дәлелі. Аты айтып тұрғандай, шынымен ақынның көкірегі көне кітап екенін аңғарасыз. Тіпті, бұл жинақтың құрылымы сол «көне кітапқа» негізделіп, арнайы құрастырылғандай әсер етеді. 
Ақынның осы кітапқа енген шығармаларын үш тақырып аясында зерделеуге болады. 
Әуелгісі, шайыр қаламы арқылы тұтас қазақ даласының – әу баста айтқан өз топырағының рухани картасын сызған. «Көкірегім – көне кі­тапты» түгелдей оқығанда, Ұлы даланың әр тау-тасын кезе жүріп, өткенді көкірек көзімен түгел шолған «менді» көресіз. Ол қазақтың қай қиырына барса да, тарихи орындар мен әулиелер мен әмбиелердің кіндік қаны тамған жерлерін аралай жүріп, оны асыл рух ретінде танып, соны жыр­лайды. Ондағы «кие» мен «қасиетті» пір тұтады. Даламыздың әр өлкесін жырға қосу барша ақын­дар­дан кезігеді. Дегенмен Айт-Ман мұнда оның көркемдігіне, сұлулығына тамсанумен емес, он­дағы аңыздар мен мифтерді тірілтуді нысана етеді. Дидактикалық ой қорытудан қашып, пәлсапалық тұжырым жасауға ұмтылады. Ақын өзінің «менін» ұлттық «менге» айналдыруға баса назар аударады. Кітапта мұндай өлеңнің шоғыры өте көп. 
Ол Қарқаралыны, Отыкенді, Түркістанды, Мизан-Таразды, Нарынды, Талхизді, Сарайшықты, Қособаны, Сайқынды, Келіншектау мен Жылаған атаны жырлай отырып, өткенге бүгіннің, бүгінге өткеннің көзімен қарайды. Сол арқылы уақыттың шегін бұзады. Ақынның мұндай жырлары біріз­діліктен ада, арнайы осы тақырыпты жазуым керек деген мақсатпен үстелге отырмағаны анық. Жыр­лар әр жылдары, әр сапарда жазылған. Тақы­ры­бына қарап, Сіз ақын осы қала яки осы жер туралы шер-толғауын бастайды деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл өлеңдер белгілі бір мекеннің тарихын баян­дауға ұрынбайды. Керісінше, сол жердің ми­фін, аңызын өзек ете отырып, бүгінгі ұлт болмысын ар­қау етеді. Егер осы жерлер туралы аңыздар мен онда өткен тарихи тұлғалардың ғұмырнамасынан хабарыңыз болмаса, ақын поэзиясын толық түсі­нуіңіз неғайбыл. Бейне, Борхестің эсселері секілді. Борхесті оқығанда, оның қай мифті, қай аңызды арқау етіп отырғанын білмесеңіз, көп дүниені түсінбейсіз. Борхес әлемдік рухани энцикло­педияны жетік меңгергені сонша, оның шағын эссесін толық түсіну үшін кейде ондаған кітапты оқуыңызға тура келеді. Тура сол сияқты, Айт-Ман поэзиясына өзек болған мекендердің аңызы мен мифінен аздап хабарыңыз болмаса, онда поэ­зияның арғы тініне үңіле алмайсыз.

Үміт үзбе Ертеңнен, 
Жүрегіңнен қазып не бір көркем кен, 
Табаламай мыстан қыс пен мекер күз, 
Күнге де әлі жетерміз – 
Көкірегің сағыныштан өртенген!.. 

Тек менімен тең тербен, 
Соз қолыңды желкендерге жел керген. 
Құс жолының толқынында Ай ықты,
Ақ Жайыққа салып жүрек-қайықты, 
Аттанармыз ақшағала-желкенмен! 

Сарыайшықтың қабырғасы Серт өрген, 
Сыбырлайды сиқыр сырмен желкемнен. 
«Көз жас» дейді судан ұшқан пәк буды ел... 
Әз Жәнібек шекер төккен «Аққу көл»... 
Алтын қайық... Жүзем мен де еркеммен... 

Елестейді Сыпыра жырау теңселген... 
Жұлдыз біткен шекер сынды көл көмген... 
Інжу шұғыла төгіледі Жайыққа, 
Күміс сәуле себіледі қайыққа –
Алтын Отау тіккен Айлы өлкемнен!..
 
«Сарыайшық. Сүлде сұлуға сыр» атты өлеңді оқығанда Алтын Орданың астанасы ғана емес, ондағы әлдебір махаббат аңызы ойыңызға ора­лады. «Әз Жәнібек шекер төккен «Аққу көл»...» деген жолдан-ақ оқырман көкірегінде бүгінгі көп адамға беймәлім ғашықтық дастаны аңғарылады. Егер оқырман зерделі болса, бұл жырдың құпия­сын, ондағы арғытаным мифін тірілте аларында гәп жоқ. Өлең тарихи танымнан там-тұмдап хабар бере отырып, тұтас дәуірді бүгінгі «мен»-мен жал­ғайды. Поэзияның міндеті тарихты жыр­лау емес, тарихи танымды жырлау екенін осындайда жете түсіне түсесің. 
Екіншісі, кітапта түркілік және әлемдік аңыз-мифтер кең қамтылған. Ақынның мұндай жыр­ларында Уақыттың шегі, Кеңістіктің өлшемі жоқ, біртұтастық бар. Ақын үшін географиялық шек­темелілік, дәуірлік тұрақтылық маңызды емес, маңыздысы – Адамзатқа ортақ құндылық. Адам ата – Хауа анадан тартып, бүгінге дейінгі тарих, оқи­ға, сюжеттер әртүрлі өлеңінде, әр мәнерде кезігеді. Кітаптан сөз зергерінің эпикалық тыны­сының кеңдігі, тарихи санасының байлығы білі­неді. Үстіртте өткен ғұлама Серікбол Қондыбайдың «Есенқазағы» мен «Арғы қазақ мифологиясын» қайта бір парақтап шыққандай боласыз. Адамзат тарихының түп тамырын жырмен іздеп, оған ақынша байлам-болжам жасаудан да қашпайды. Автор ізденісінің ауқымдылығын әр жырда кезі­гетін мифтік өзектерден аңғарып, тағы қандай тақырыпты қаузар екен деп отырасыз. Қазақ – эпикалық жады ең мықты ұлт. Оған 500-ден астам дастандарымыз дәлел. Айт-Ман поэзиясынан сол эпикалық жад бірден білінеді. Егер сәл ертерек ғұмыр кешсе, «Қырымның қырық батырын» ті­рілткен Мұрын жыраудай болар еді. Өзі де поэ­зиясының түпбастауын ұлттық бай фольк­лордан алғаны шүбәсіз. 362 әулие туған мекеннің Киесі мен Иесін бір өзі арқалап жүргендей көрінетіні де сондықтан болса керек.
Ол Қазығұртты жырлағанда, тұтас әлемге ор­тақ аңызды қарапайым пенденің, онда да ақын­ның көзімен көріп, бүкіл әлемнің жара­тылысына ортақ оқиғаны бүгінгі күнмен байланыстыра суреттейді. Қазығұрт басына кешкі және таңғы сапарын бөлек оқысаңыз, біріншісінде замананың күрең суретін, «болу мен бордай тозудың» алдын­дағы мәңгілік сұрақтарға жолығасыз. Мұндағы діни таным мен мифтік танымның аражігін ажырату қиын. Су­реткер үшін ол маңызды да емес. 

Қазығұрттың етегі кір қызғалдақ, 
Күн мен шыңның арасы... Тұрмыз маздап... 
Сәлден кейін саулық-Ай мекіреніп, 
Қоя берді жамырап жұлдыз қоздап...

Бірінші жыр осылай басталады. Кеме, Нұх пай­ғамбар, шулаған толқын, топан суды өз көзіңмен қайыра бір көргендей, сол сәтті тағы да бастан ке­шіп тұрғандай боласыз. Барлығын қара топан жалмап келеді, оның дауысын естимісің деген сұ­рақты оқығанда, бүгінгі әлемнің сұр сықпыты ал­дыңды кес-кестейді. Ақынның осыншама түңі­лісінің сыры неде деген сұрақты да өзіңе қойып үл­гересің. Өз дәуіріңді, өзіңнің табаның тиіп тұрған топырақтың қасиетін аңдасаң да, қасі­ретінен де қаша алмайсың. «Қазығұрттың басында кеме қалғанына» сенсең де, адам баласын құтқарар тағы бір Қазығұрттың жоқтығына іштей иланасың. «Қара топан жер-көкті барады алып, Одан, бірақ ешкімнің хабары жоқ», – дейді ақын.
Ал екінші жырда, яғни, «Қазығұрттың басына таңғы сапарды» оқығанда басқа сезім кешесің. Ал­дыңғы түңіліс жоғалып, жаңадан жаратыл­ғандай, мына әлемнің бастауы енді басталғандай өзгеше күйге тап боласың. Мұнда топан судың шуы­лы жоқ, оның орнына үміттің оты аздап болса да маздай жанғанын бажайлайсың. Бірінші өлең шабыттың шарықтауынан жаралған жыр болса, екінші өлең ақынның байыз тауып, оқырманға ойлы сұрақ тастауға ұмтылысынан туған деуге болады. 
Ақын кітабындағы үшінші тақырып аясы тіптен кең. Бұл діни пәлсапа мен исламға тән аңыз бен мифпен көмкерілген жырлар. 
Қазақ фольклорын білетін адам, біздің дас­тандарымыздың көп бөлігі діни дастандар екенін жоққа шығармайды. Исламдағы оқиғалар мен сюжеттер қазақ үшін күні кеше болған оқиға іспетті. Аты мәлім пайғамбарлар хақындағы қис­салардың бәрі бізге жыр түрінде жеткен. Жүсіп-Зілиха, Сәлиқа-Сәмен ғашықтық жырларынан тартып, Кербала шөлі, Құсни-Жамал, ер Мәді туралы қаншама аңыз-әңгіме қазақ топырағында қайта түлеген. Оның бәрінде аты белгісіз сандаған ежелгі ақындар мен жыраулардың үлесі бар. Мұндай діни дастандар мен аңыздар, бірегей сюжеттер біздің ұлттық әдебиетіміздің алтын қоры, мәңгілік қайнары десек болады. Ертегі мен жыр-дастан тыңдап өскен қазақ Мысыр мен Бағдатты жатсынбаған. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» дейтіні сол. Біз әлемді дастандар арқылы таныған, жағрапиялық көкжиегіміз кең халықпыз. Шығыстың діни дастандарын өз топырағымызбен, өз тарихымызбен ұштастыра жырлау арқылы ұлттық дүниетанымымыз жа­сампаздықпен суарылды. Айт-Ман поэзиясы қазақтың діни дастандарын жаңа заман эстетикасы арқылы қайта жаңғыртып отыр. Бұған «Көкірегім – көне кітаптағы» көптеген жыр арқылы көз жеткізесіз.
Әдебиеттанушылар сопылық поэзияның өркен жайған жері Орталық Азия екенін айтады. Олай деуге себеп бар. Ясауи – Түркістан топырағында жатыр. Мағжан «Түркістан – екі дүние есігі ғой» дейді. Ясауи шығармаларынан нәр алған сопылық поэзия тек түркі әлеміне емес, тұтас Ислам дү­ниесіне ерекше ықпал етті. Шығыстың бірегей шайырларының әрбірінің шығармаларынан сопылық танымды бөле алмаймыз. Автор Ясауи ілімін терең меңгергендіктен, өлеңдерінен діни сарын, сопылық ізгілік есіп тұрады. Онда қай­сарлық пен нәзіктік, шыншылдық пен жара­тылысқа құштарлық, Аллаға мадақ пен әр атқан таңға шүкірлік көп кезігеді. Дейтұрғанмен, Айт-Ман поэзиясында діни догматизм, дидактикалық байлам, жалаң уағыз, айқайшыл табыну жоқ. Ол діни дастандар секілді аңызға, мифке, керек жерінде Исламнан бұрынғы дүниетанымға жү­гінеді. Әр сөзін қорғасындай салмақтап, Адам мен Жаратушы арасындағы қарым-қатынасты көркем оймен өрнектейді. 

...Мая-түннің тісінде 
Шиқылдайды сұрғылт зар. 
Көп жұлдыздың ішінде 
Маған керек бір кілт бар. 

Үйе бермей төбеме 
Меңіреу түн, ңөң бұлтын, 
Шын жыласам, – бере ме
Жаббар Ием сол кілтін?.. 

Сол кілтті егер алмасам, 
Мен – хас өлік-мүрдемін...
Ай тұр жағып жанға шам – 
Құлыбындай түрменің...

«Хақ кілті» аталатын өлең біз келтіріп отырған діни танымды айшықтаған бір ғана өлеңнен үзінді. Бұл өлеңнен сопылық поэзияның жаңаша пайымын аңғарасыз. 
Ақынның Міскін Жүніс (Юнус Эмре), Тәб­риздік Шәміс, Мәуләна Руми секілді ғұламалар дәуірі хақындағы хикаялары арнайы зерттеуді қажет ететін, әдебиеттанушылар назар аударуға тиіс бөлек сарынды шығармалар дер едік. 
Айт-Ман поэзиясының үштағаны – қазақы (ұлттық), түркілік және әлемдік, діни таныммен суарылғанын «Көне кітапты» оқыған жан толық түсінеді. Ақын бұларды жеке-дара қарастырып, бөлек тақырып етпейді. Мұның бәрін әр өлеңінде бірлікте қолдануға бейім. Бірақ оқырман ақын өзі жырлаған тақырыбына сай миф пен аңызды, сол дәуірге қажет сөзді орнымен пайдаланатынын бірден сезеді. Бұл – әр ақында болуға тиісті қасиет.
Біз биыл Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жат­қан «Көкірегім – көне кітап» жинағының жалпы мазмұнын осылай бағамдай алдық. Оқырман қауым одан да тереңірек үңілсе, небір жауһар жырлар мен ойларға кезігері даусыз.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,
ақын  

Серіктес жаңалықтары