Киіз үйдегі атышулы биге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бас прокуратура депатуттық сауалға жауап беріп, аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді

Киіз үйдегі атышулы биге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Видеодан алынған кадр
574

ҰҚК мен Бас прокуратура киіз үйде ашық-шашық билегендерге қатысты пікір білдірді. Ұлттық киіммен өнер көрсеткен азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Депутаттар Мәжілістің ресми сайтында ұлттық киім киген азаматтардың киіз үйдегі биіне қатысты сауал жариялаған болатын. Бас прокуратура депатуттық сауалға жауап беріп, аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

Депутаттық сауалда көрсетілген бейнероликтің Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілгені анықталды. Аталған факті бойынша 2024 жылғы 1 шілдеде Қарасай ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нəсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бүгінде қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалды. Болған жағдайдың мəн-жайларын анықтауға бағытталған тергеп-тексеру əрекеттері жүргізіліп жатыр. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іске процестік шешім қабылданады, – делінген Берік Асыловтың жауабында.

Аталған жайтқа қатысты ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев та пікір білдірді.

Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық құрамының негізгі белгісі кінәлі адамның нақ алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана уәжі саналатынын хабарлаймыз. Тек бір бейнеролик негізінде оның авторларының ниетінің шынайы бағытын сенімді түрде анықтау мүмкін болмағандықтан, қылмыстық заңның көрсетілген нормасы бойынша объективті құқықтық баға беру мүмкін емес.

Қылмыстық кодекстің 174-бабының көрсетілген ерекшелігіне және қылмыстық істердің осы санаты бойынша қалыптасқан сот-тергеу тәжірибесіне байланысты саясаттанушыларды тарта отырып, сот психологиялық-филологиялық сараптама жүргізу (маманның зерттеуі) белгілі бір тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Қазір бұл жұмысты Алматы облысының полиция департаменті жүргізіп жатыр», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары