«Туыстарымен жеке кездестім»: Қарағанды облысының әкімі Ферроқорытпа зауытындағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Жауапты органдар аппараттық кеңесте жағдайды баяндады.

«Туыстарымен жеке кездестім»: Қарағанды облысының әкімі Ферроқорытпа зауытындағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады
istockphoto.com
441

Ферроқорытпа зауытындағы жазатайым оқиғаны тергеу Қарағанды облысы басшылығының тұрақты бақылауымен жүріп жатыр. Жауапты органдар аппараттық кеңесте жағдайды баяндады.

– Өздеріңіз білетіндей, ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болып. Өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Мен зардап шеккендердің туыстарымен жеке кездестім, дәрігерлермен де сөйлестім. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы ауыр жағдайда. Шокқа қарсы барлық кешенді терапия жүргізілуде.

YDD Corporation ферроқорытпа зауытында болған оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша “Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу” бабына сай қылмыстық іс қозғалды.

Еңбек заңнамасы шеңберінде болған жағдайдың себептері мен мән-жайларын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.

– Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Жұмыстар бірінші күннен басталып кетті. Әр өкіл өз бағытын пысықтап жатыр. Бастапқыда оқиға болған жер тексерілді, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді. Енді техникалық құжаттамамен танысу жүргізілуде. Біз күн сайын жұмыс істеп жатырмыз, – деді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов.

Тергеу қорытындысы бойынша қорытынды жасалады.

– Бұл жұмысты сіздер барлық жауапты мемлекеттік органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізулеріңіз керек. Түбегейлі және объективті түрде! – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Еске салсақ, 20 шілдеде Қарағандыдағы Ydd Corporation компаниясының ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай орын алды. Таңғы 4:10 шамасында жалынның шығуы салдарынан 8 адам зардап шекті.

Олардың бәрі Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қызметкерлердің барлығы күйік жарақатын алған.

YDD Corporation бұл оқиғаны «штаттан тыс жағдай» деп атады, пеште жалын «кенеттен» шықты, деп хабарлады корпорация.

Серіктес жаңалықтары