Журналист Амангелді Сейітхановтың ұлы Олимпиада ойындарында комментатор болады
Қазақ көрермендері Бекасыл Сейітхановтың дауысын Хабар және Ел арна телеарнасынан ести алады.
Белгілі комментатор Амангелді Сейітхановтың ұлы Бекасыл Сейітхан Парижде өтетін Олимпиада ойындарын жүргізетін комментатор болады. Бұл туралы «Хабар» агенттігі мәлім етті.
«Олимпиада десе алдымен марқұм Сонау Сиднейден бастап талай дүбірлі додаларды Хабар арнасынан қазақша сөйлеткен аузы дуалы Амангелді Сейітханов ойға оралады. ағамыздың арамызда жоғы өкінішті.
Десе де жағымды жаңалығымыз бар. Қазақ көрермендері Париж олимпиадасы кезінде Хабар және Ел арна телеарнасынан тектінің тұяғы, асылдың сынығы, Аман ағамыздың ұлы Беекасыл Сейітхановтың даусын ести алады. Бойына әкесінің асыл қасиеттері дарыған Бекасылдың спорт комментаторлығына бет бұрғалы бір жылдай болыпты. Енді міне Хабар арнасынан әкесінің салып кеткен сара жолын жалғастырсам деп, тәуекел етіп отыр», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Париждегі байрақты бәсекені биыл алғаш рет еліміздің бес бірдей телеарнасы – "Qazaqstan", "Qazsport", "Хабар", "Ел арна" және "Jibek Joly" тікелей эфирде көрсетеді.
Аталмыш бес арна Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанатын бірдей уақытта тікелей эфирде көрсетеді. Төртжылдықтың басты бәсекесі 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Олимпиада ойындарына әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы бақ сынайды. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.