1819
Ескірген емхана, ажарсыз аурухана
Ескірген емхана, ажарсыз аурухана
Жанның байлығы – деннің саулығы. Сондықтан әр азамат өзінің басты байлығын сақтау үшін барын салады. Ал халықтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің мойнына артылған басты міндеттердің бірі. Бірақ еліміздегі денсаулық сақтау саласы бүгінге дейін сыннан арылған емес. Жұрттың денсаулығына жауапты ведомствоға тағылар айып көп. Неге? Өйткені көптеген қарапайым халық басы ауырып, балтыры сыздаса, емханадан қажетті ем ала алмай әлі де әбігерге түсіп жүр.
Ажары қашқан шағын ауруханалар
Еліміздегі медициналық мекемелердің науқастарға көмек көрсетуге қауқарсыз екендігін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та жасырып жүрген жоқ. Таяуда ғана өткен министрліктің алқа отырысында Қазақстандағы медициналық мекемелердің 65 пайызға жуығының тозығы жеткендігі белгілі болды. Ал тозығы жеткен ғимарат жаны қысылып, дерті асқынған жан түгілі сау адамның өзін ауыр ойларға жетелейді және еңсесін езеді. Бұл көрсеткіш тұрғындарға медициналық көмектің сапасыз көрсетілетіндігін де айғақтайды емес пе?! «Біздегі медициналық мекемелердің басым көпшілігі өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін бой көтерген ескі ауруханалар мен емханалар. Олар моральдық тұрғыда да, технологиялық тұрғыда да ескірген. Бірақ мұны ретке келтіру мәселесін толық мемлекеттің мойнына іліп қоюға тағы болмайды. Меншікті және шетелдік инвесторларды осы бағытқа тартуымыз керек», – дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Министрдің пікіріне сүйенсек, еліміздегі монопрофильді ауруханалар мен шағын емханаларды оңтайландыру керек. Осы арқылы медициналық қызмет сапасын әлдеқайда жақсартуға болады. Ауруханалар мен емханалардың ғимараттары мен технологияларының ескіріп, соның салдарынан медициналық қызмет сапасының төмендегендігі жөнінде талай жылдардан бері айтылып келеді. Дегенмен мәселенің нақты шешімі әлі күнге дейін табылмады. Республика бойынша жаңа медициналық мекемелер бой көтеріп жатқаны да рас. Бірақ сонау Кеңес дәуірінің сарқыншағындай боп сақталған ескі ғимараттарда орын тепкен ауруханалар да халыққа қызмет көрсетуін жалғастыруда. Мәселен, өткен жылдың жазында Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Алмалы ауылының тұрғындары бас көтеріп, елдімекенге жаңа емхана қажеттігін айтқан-ды. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы емхана ғимаратының әбден тозығы жетіп, тұрғындардың тиісті ем қабылдауына ешқандай мүмкіндік жоқ екен. Дәрігерлік амбулатория қызметкерлері жыл сайын ғимараттың шұрық-тесік еденін жамап, сөгіліп жатқан қабырғаларын сылап қалыпқа келтіруге тырысады. Алайда қызметкерлердің күш салғанынан түк шықпайды дейді тұрғындар. Өйткені жеңіл-желпі жасалған жөндеумен іргетасы 50 жыл бұрын қаланған емхананы қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан ескі ғимаратты жаңасына ауыстырғаннан өзге тиімді шешім жоқ. Тозығы жеткен ғимаратта науқастарға ем-дом жүргізу де оңай болып отырған жоқ. Тіпті, жауынды күндері ғимарат төбесінен жаңбыр суы ішке сорғалайды. Осының бәрін күн сайын көзбен көріп жүрген тұрғындар мұнда ем қабылдауға келгенде өздерінің қауіпсіздіктері үшін алаңдап отыратын көрінеді. Шиелі ауданындағы бұл жалғыз ескі емхана емес. Ауданда мұндай тозығы жеткен емханалардың бірнешеуі бар. Ескірген медициналық мекемелерге толыққанды жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа ғимарат салып беру туралы уәде Шиелі тұрғындарына жыл сайын беріледі екен. Бірақ... Оның нәтижесін көріп отырған жан жоқ. Шалғайда жатқан елді мекендердегі ауруханалардың жағдайы осындай. Бұл тек бізге белгілі болған бір ғана жайт. Ал әбден тозығы жеткен ғимараттарда амалсыздан ем қабылдап жүрген ауыл тұрғындары қаншама. Алыстағы ауыл тұрмақ, алып шаһар Алматыдағы ауруханалар мен емханалардың ғимараттары да ескіргендігін қала тұрғындары көзбен көріп жүр. Тіпті, алдыңғы жылдары қаладағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің қоластындағы «Ақсай» балалар ауруханасының мүшкіл халіне барша қазақстандықтар куә болған. Әбден тозығы жеткен аурухана ғимаратының едендері де, қабырғалары да әбден ескірген. Медициналық құрылғылары да 30 жылдан бері жаңартылмаған. Санитарлық талаптар сақталмаған балалар ауруханасының мән-жайынан хабардар болған шаһар басшысы Бауыржан Байбек қажетті шара қолданып, аурухананы қайта қалпына келтіруді міндеттеген-ді. Расында да, елімізде әбден тозығы жетіп, ескірген медициналық мекемелер жеткілікті. Ал мұның шешімі қашан табылмақ? Дертіне дауа іздеген науқастар қашан заманауи жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген ауруханаларда ем қабылдайды? Бұл сауалдардың жауабы талай жылдардан бері белгісіз болып келе жатқандығы аян. Десек те, министрлік бұл істі мықтап қолға алған тәрізді. Министрдің сөзінен ұққанымыз осы.1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды
Еліміздегі жаңа ауруханалар мен білім ошақтарының санын көбейту мақсатында «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының қабылданғаны көпке мәлім. Бірақ аталмыш бағдарламаның денсаулық сақтау нысандары бойынша жыл сайын кейінге шегеріліп жүзеге асырылғандығы, бой көтерген кейбір медициналық мекемелердің сапасыз болып шыққандығы жөнінде ақпарат құралдары талай мәрте хабарлаған болатын. Тіпті, 2013 жылы жүзеге асырылған уақытынан бастап «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының мемлекетке 1,5 миллиард теңге шығын келтіргендігі мәлім болды. 2016 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, жоғарыда көрсетілген жобалар аясында 441 денсаулық сақтау нысаны салынды. Бағдарлама бойынша Көкшетау қаласында бой көтерген ауруханалар мен білім ошақтарының қабырғалары сөгіліп, едендері сына бастағаны да талай дауға тұздық болған. Елімізде бастау алған бағдарламаның соңы нәтижесіз болуы дәстүрге айналып кеткен тәрізді. Бұл туралы өткен жылдың соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та айтқан еді. «Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалар тұрмысқа шыға алмай жүрген қыздар сияқты. Үнемі жоспарлар туралы айтамыз, заңды өзгертеміз. Басқа өзгеріс жоқ», – деген болатын Бақытжан Әбдірұлы. Дегенмен, елімізде жаңадан салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары мүлдем жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», – деген еді. 2016 жылдың соңындағы статистикалық деректерге көз жүгіртсек, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мемлекет қаражаты есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салынып, қолдануға берілді. Оның ішінде: 8 медициналық ғылыми орталық, 32 арнайы медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және 45 арнайы денсаулық сақтау нысаны бар. Барлық медициналық нысандардың 87 пайызы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар. Сонымен қатар, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы сынды ірі медициналық ұйымдар салынды. Биылғы жылы 39 нысанды аяқтау жоспарланып отыр.Жекеменшік емхана ұтымды ма?
Қарапайым тұрғындар мемлекеттік медициналық мекемелерден гөрі жекеменшік емханалардың ғимараттары да, жабдықтары да заман талабына сай екендігін алға тартады. Сондықтан да болар, елімізде мемлекеттік медициналық мекемелерді жеке қолдарға беру мәселесі жиі сөз болады. Отандық денсаулық саласының мамандары мен шенеуніктер мұндай өзгеріс медицина мекемелеріндегі ұзын сонар кезекті жойып, қызмет көрсету сапасын жақсартады деп халыққа сенеді. Сондай-ақ, медициналық мекемелер жаңа басқаруға көшкеннен кейін емделушілерге арналған жеңілдіктер мен ақысыз қабылдаудың жалғасатындығы да ескертілді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жеке секторға беруді ынталандыру және оларға корпоративтік басқаруды енгізу мәселесі Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да қарастырылған. Яғни, мемлекеттік медициналық мекемелерді жекешелендіріп, сол арқылы тегін медициналық көмек беруді кеңейту көзделіп отыр. Расымен, егер мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды жекеменшікке беру арқылы қызмет көрсету сапасы артатын болса, бұл істі шұғыл қолға алу қажет. Олай дейтініміз, бүгінде мемлекеттік емханалардың біразында медициналық құрал-жабдықтар тым ескі. Тіпті, кейбірінен қарапайым медициналық құрылғыларды табудың өзі мұң. Мемлекеттік емханаға медициналық тексеруден өтуге келген науқастардың компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу қондырғысы, рентген сынды құрылғылардың тексеруінен өте алмай жүргені қаншама. Бюджеттік емханадағы ақ халаттылар науқасты қабылдағанымен, оларға жекеменшік орталықтағы медициналық құрал-жабдықтың тексеруінен өту үшін жолдама береді. Егер сырқат тегін медициналық көмекті ала алмаса, мемлекеттік емханаларға барудың қаншалықты қажеті бар? Міне, кейбір мемлекеттік медициналық мекемелерде талапқа сай медициналық қызмет түрінің болмауы халықты тиісті тегін медициналық көмек құқығынан айыруда. Қалай десек те, халықтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Сондықтан еліміздегі денсаулық сақтау нысандарының талапқа сай болуы аса маңызды. Ал медициналық мекемелердің жартысынан көбі ескіргендігін ескерсек, денсаулық сақтау саласындағы түйткілдердің түйіні әлі тарқай қоймайтын сыңайлы.